Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынан алынды.
20:38 13.4.2022
Сумы облысында 100-ден аса бейбіт тұрғын қаза болғаны айтылды
Сумы облысы әкімшілігінің басшысы Дмитрий Живицкий аймақта Ресей әскерилерінің қолынан 100-ден аса бейбіт тұрғын мерт болғанын мәлімдеді. Ол қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін дейді.
"Күнде әр жерден мәйіттер табылып жатыр. Кейбірінің қолы байланған, кейбірінде азаптау іздері бар. Тағы бірін атып тастаған. Бұған қоса, көптеген адамдардың қайда екенін білмейміз. Жолдардан, ормандардан атқыланған көліктер табылып жатыр. Бұл көліктердегі адамдардың қайда екені белгісіз" дейді ол.
18:08 13.4.2022
Путин соғысты 9 мамырда аяқтап, "жеңіске жеттік" деп жариялағысы келетіні айтыла бастады. Бұл мүмкін бе?
АҚШ-тағы соғысты зерттеу институтының сарапшысы Мейсон Кларк "қазір Ресей әскері тығырыққа тірелді, олар бұл тығырықтан қалай шығарын білмейді" деді. Ал кейбір ақпараттарда Кремль соғысты 9 мамырға таман аяқтап, жеңіске жеттік деп жариялағысы келеді деп айтыла бастады. Мариуполь билігі де Ресей қалада 9 мамырда "жеңіс карнавалын" ұйымдастыруды жоспарлайды деп мәлімдеді.
"Настоящее время" телеарнасы ресейлік тәуелсіз әскери сарапшы Юрий Федоровтан "Путиннің соғысты 9 мамырға дейін аяқтау жоспары орындала ма? Соғыс енді қалай өрбиді?" деп сұрады.
— Бұл ақылға сиятын жоспар деп ойлаймын. Бірақ бүгін 12 сәуір (сұхбат осы күні алынған), ал Путин өзін жеңіске жеттім деп жариялайтындай бір жетістігі болуы керек. Кемі Мариупольді я басқа бір ірі қаланы алуы керек. Бірақ ірі қалаға шабуыл жасау – өте қиын әскери операция, қазір Ресейде Харьков пен Днепр сияқты қалаларды алуға күш жоқ. Қалаларға шабуылдау үшін қарсыластың әскерилерінен, техникасынан саны жағынан бірнеше есе көп болуы тиіс. Мәселен, Харьковты шабуылдау үшін кемі 250-300 мың солдат қажет. Бірақ Ресейде мұндай әскери күш жоқ. Меніңше, қалаларды қоршауға алуға да әскери күш жетпейтін сияқты. Яғни, Донбасстағы шешуші операцияда қандай да бір нәтижеге қол жеткізуге болатын жеткілікті солдат жоқ деп ойлаймын. Славянск маңайында да ауыр шайқас болуы мүмкін, себебі Ресейдің мақсаты Славянск қаласын басып алу. Осыдан соң Ресей әскері қайда баратыны да белгісіз. Бәлкім Мариупольге барар, бірақ қазір Мариуполь құлайтындай жағдайды көріп тұрған жоқпын.
17:06
Харьков облысын атқылаудан жеті бейбіт тұрғын қаза болып, 22 адам жараланған. Бір күннің ішінде облысқа 53 рет шабуыл жасалған. Бұл туралы облыстың әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов мәлімдеді.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
17:06
Мариуполь билігі: Ресей қалада 9 мамырда парад ұйымдастыруды жоспарлайды
Мариуполь мэрінің кеңесшісі Петр Анрющенко Ресей 9 мамырда Ресей осы қалада әскери шеру ұйымдастыруды жоспарлайды деп мәлімдеді.
- Бізде бар ақпарат бойынша, Мариупольдің өзін-өзі жариялап алған «мэрі» Иващенко 9 мамырда парад өткізу үшін қаланың орталығын қирандылар мен мәйіттерден тазарту туралы бұйрық алған. Ресейліктер "арнайы операциялары" сәтті аяқталса Мариупольде 9 мамырда "жеңіс карнавалын" ұйымдастыруды жоспарлайтын сияқты.
14:56
Днепр билігі: Қаладағы мәйітханаларда ресейлік мың жарым солдаттың мәйіті жатыр
Днепр қаласы мэрінің орынбасары Михаил Лысенко "бұл мәйіттерді ешкім алып кеткісі келмейді" деп мәлімдеді.
- Ресейлік әйелдер өмір бойы өсірген ұлдарының сүйегін алып кетеді деп үміттенеміз. Бізде төрт мәйітхана ресейлік әскерилердің мәйітімен толып жатыр. Оларды аналары өсірді, оларды мәпелем өсірді, олармен бірге 1 қыркүйекте мектепке барды. Ресейлік аналар балаларының мәйітін алып кетеміз десе ұйымдастыруға дайынбыз, - деді Лысенко.
14:24
Ресей Мариупольде украиналық 1026 әскери берілді дейді. Киев мұны жоққа шығарады
Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольде Украинаның теңіз әскерінің 36-бригадасындағы 1026 әскери қаруларын тастап, берілді деп мәлімдеді. Ведомство "берілгендер арасында 162 офицер мен 40 әйел бар" деп отыр.
Ал Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестович Мариупольдегі теңіз әскерінің 36-бригадасы жолын тауып "Азов" бригадасына қосылды, осылайша қаланы қорғаушылардың позициясы күшейді дейді.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден тексеру қиын.
13:46
13 сәуір. Түске дейін болған негізгі ақпараттар:
- Дәл қазір Украинаның Донецк, Луганск, Харьков және Херсон облыстарында күні-түні шайқас болып жатыр.
- Украина қарулы күштерінің бас штабы "Ресей әскерилері Мариупольге шабуылды жалғастырып жатыр және "Азовсталь" металлургиялық кешені мен теңіз портына қарай беттеп барады" деп мәлімдеді.
- Мариуполь қаласының басшылығы соғыстан қалада 21 мың бейбіт тұрғын қаза болғанын, әлі 100 мың адам эвакуация күтіп отырғанын хабарлады.
- Украина ұлттық журналистер одағы соғыс басталғалы Украинада кемі 20 журналист қаза болғанын мәлімдеді.
- Украинаның адам құқығы жөніндегі уәкілі Людмила Денисованың сөзінше, соғыстан елде 191 бала қаза болып, 350 бала жараланған.
- Польша, Литва, Латвия және Эстония президенттері Украина келді, олар Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеспек.
- АҚШ президенті Джо Байден Ресей әскерінің Украинадағы әрекеттерін "геноцид" деді. Зеленский Байденнің бұл сөзін "шын лидердің шынайы сөзі" деп бағалады.
- АҚШ басылымдары "Ақ үй Украинаға құны 750 млн доллар болатын қару-жарақтар беруге дайындалып жатыр" деп хабарлады.
- Байден мен Британия премьері Борис Джонсон телефон арқылы сөйлесіп, Ресейге экономикалық қысымды күшейтуді және Ресейдің газы мен мұнайынан бас тарту мәселесін талқылады.
- Украина мен Ресей әскерін Донбасс аумағына жинап, соғыстың кезекті фазасына дайындалып жатыр.
Соғыс уақытында адам шығыны, әскери шабуылдар жайлы ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
13:29
АҚШ президенті Джо Байден Ресей әскерінің Украинада бейбіт халыққа жасап жатқанын геноцид деп атады
"Мен оны геноцид деп атадым, себебі Путин тіпті украин атану мүмкіндігінің өзін жоюға күш салып жатыр. Оған айғақтар барған сайын көбейіп жатыр" деді президент Байден.
Оның сөзіне қарағанда, геноцид бойынша түпкілікті шешімді заңгерлер қабылдайды.
Осыған дейін Американың ресми тұлғалары Ресейдің Украинадағы әрекетін "әскери қылмыс" деп атап, геноцид сөзін қолданбаған. Өткен аптада президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Америка үкіметі қолданған анықтама бойынша Украина аумағындағы қылмыс геноцид емес деп түсіндірген.
Буча қырғынынан кейін Ресейге Украина халқына геноцид жасады деген айыптар тағыла бастаған. Бірнеше апта Ресей әскерінің бақылауында болған Буча қаласында орыс әскері кеткеннен кейін бейбіт тұрғындардың мәйіттері табылған. Буча мэрінің сөзіне қарағанда, 12 сәуір күнгі мәлімет бойынша қаладан 403 мәйіт табылған. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, олар Ресей әскерінің қолынан қаза болған.