Атырау, 24 қараша 20:49
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 48-күн

1 152 просмотра

Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынан алынды. 

19:18 12.4.2022

Лукашенко "Бучадағы қырғынды ағылшындар ұйымдастырды" дейді

Бүгін, Амур облысында Владимир Путин мен Александр Лукашенко кездесу өткізген еді. Кездесуден соң екеуі брифинг өткізді. Путин мен Лукашенко не айтты?

Путиннің сөзі:

  • Украина, Беларусь және Ресей – бір-біріне ұқсас үш халық. Қазір Украинада болып жатқан оқиға – трагедия, бірақ Ресейдің таңдауы болмады.
  • Батыс елдері арқа сүйеген блицкриг (көзілеспес соғыс) іске аспады. Экономикамыз бен қаржы жүйеміз аяғында нық тұр. Бірақ алдағы уақытта қауіп артуы мүмкін.
  • Украинамен келіссөз Александр Лукашенконың арқасында басталды.
  • Қазіргі жағдайға байланысты Ресей мен Беларусьтің интеграциясын нығайту керек.
  • Украинадағы "арнайы операция" (Кремль Украинадағы жағдайды "соғыс" деп атағандарды қудалайды) мақсатына жеткенше жалғасады.

Лукашенконың сөзі:

  • Беларусь пен Ресей тарихында Батыспен қатынас дәл осындай қауіпті болмаған.
  • Егер Ресей Украинаға арнайы операциядан сәл кешіккенде бұл елдің аумағына жойқын шабуыл жасалар еді.
  • Ешқандай санкция бізді жолдан тайдырмайды.
  • Бучадағы жағдай – ағылшындар жүргізген психологиялық арнайы операция.

Украинаның Киев облысындағы Буча қаласында кемі 400 бейбіт тұрғын қаза тапқан еді. Олардың көбінің мәйіті Ресей әскері Бучадан кеткен соң қала көшелерінен, аулалардан табылған. Украина мен Батыс елдері Бучадағы қырғынды Ресей әскерилері жасады деп мәлімдеді. Халықаралық ақпарат құралдары бұған көп дәлелдер келтіріп, куәгерлермен сөйлесті. Ресей Бучадағы қырғынды мойындамай, оқиғаны "қолдан ұйымдастырылған" деп отыр.

Путинның бұйрығымен Ресей әскері Украинада 24 ақпанда басып кірген. Ресей басшысы бұл басқыншылықтың мақсаты Украинаны "денацификациялау" және "демилитиризациялау" деген еді.

Кремль Украинаға соғысын "арнайы операция" дейді. Елде "соғыс" сөзін қолданғандар қудаланады, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.

Бір жарым айдан бері Украинада ауыр шайқас жүріп жатыр. БҰҰ есебінше, соғыстан екі мыңдай бейбіт тұрғын қаза болған. Ал Украина билігі Мариуполь қаласының өзінде ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапты дейді.

Ресей 24 ақпаннан бері Украинаның оңтүстігінде Херсон қаласының, Харьков және Донбасс облыстарының бір бөлігіне бақылау орнатты, бірақ Киев пен Украинаның солтүстігінен шегінді. Халықаралық сарапшылар Ресей әскері бұл соғыста көп шығынға ұшырағанын айтады. Путиннің баспасөз хатшысы Песков та "Украинадағы шығынымыз көп" деп мойындаған. Кремль Украинаға соғыс ашқан соң Батыс елдері Ресейге бұрын соңды болмаған санкциялар салды.

17:49

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы "арнайы әскери операция" "қажет болғанын" мәлімдеді. Ол бұл сөзін Амур облысындағы Восточный ғарыш айлағының жұмысшыларымен кездесуде айтты.

"Біз, бір жағынан, адамдарға көмектесіп, оларды құтқарып жатырмыз. Екінші жағынан Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қадамдар жасадық. Бізде басқа таңдау болмағаны сөзсіз. Бұл – дұрыс шешім" деді Путин.

Путин Украинада "антиресейлік плацдарм" мен "неонацизм қалыптаса бастады" деп санайды. Ол "Украинадағы "арнайы операцияның" мақсаты анық, бұл – Донбасс халқына көмектесу" деді. Ресей басшысы "мақсатымызға қол жеткіземіз" деп сенеді.

Кремль Украинаға соғысын "арнайы операция" дейді. Елде "соғыс" сөзін қолданғандар қудаланады, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.

17:31

Киев облысы әскери әкімшілігінің басшысы Александр Павлюк Ресей әскерилері Бучада 400-ден аса бейбіт тұрғынын өлтірді деп мәлімдеді. Бұған дейін Буча мэрі Анатолий Федорук 320 адам қаза тапқанын айтқан еді.

16:27

4,5 млн украиналық бала босқынға айналды - ЮНИСЕФ

БҰҰ балалар жөніндегі қоры – ЮНИСЕФ есебінше, соғыс басталғалы Украинадағы 7,5 млн баланың 4,8 млн бала үйін бастап кеткен.

"31 жыл гуманитарлық қызметте жүрмін, бұл аралықта мұндайды көрмедім" деді ЮНИСЕФ басшысы Мануэль Фонтен.

БҰҰ соғыста кемі 142 бала қаза тапқанын, бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады.


16:27

4,5 млн украиналық бала босқынға айналды - ЮНИСЕФ

БҰҰ балалар жөніндегі қоры – ЮНИСЕФ есебінше, соғыс басталғалы Украинадағы 7,5 млн баланың 4,8 млн бала үйін бастап кеткен.

"31 жыл гуманитарлық қызметте жүрмін, бұл аралықта мұндайды көрмедім" деді ЮНИСЕФ басшысы Мануэль Фонтен.

БҰҰ соғыста кемі 142 бала қаза тапқанын, бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады.

16:24

Алдағы екі-үш аптада Украина шығысында шайқас күшейеді

Бұл туралы 12 сәуір күні Ұлыбритания қорғаныс министрлігі соғыс туралы күнделік сараптамасында хабарлады. Министрліктің барлауына қарағанда, Ресей Беларусьтен әскерін әкетіп, оны Украинаның шығысына қарай шоғырландырып жатыр. Қазір шайқас Украинаның Донецк және Луганск облыстарында жүріп жатыр. Ресей күштері Херсон, Николаев және Краматорск қалалары бағытында шабуыл жасап жатыр. Өткен аптада Краматорскіде адам толы вокзалға зымыран түсіп, елудан астам бейбіт азамат қаза тапқан.

16:23

Украина вице-премьері Ирина Верещук Мәскеумен гуманитарлық дәліз бойынша келісім болғанын, ол бойынша 12 сәуір күні 9 дәліз іске қосылатынын айтты. Мариуполь, Бердянск, Энергодар, Лисичанск, Попасный және Рубежный қалаларынан шығу жолы ашылады

Дүйсенбі, 11 сәуір күні гуманитарлық дәліздер арқылы Украина қалаларынан 4354 адам эвакуацияланды. Олардың арасында Мариупольдің 556 тұрғыны бар деді Верещук.

Украина шығыс облыстарының басшылары тұрғындарды эвакуациялануға шақырып жатыр.

Украина әскері мен Батыс барлауының айтуынша, Ресей жақын арада Украинаның шығысына үлкен күшпен шабуылдамақ. Мәскеу Беларусьтегі әскерін Украинаның шығысына қарай шоғырландырып жатыр.


13:06

Финляндиялық Nokia компаниясы да Ресейден кетеді

Бұл туралы компанияның бас директоры Пекка Лундмарк мәлімдеді.

"Nokia Ресей нарығынан кетіп жатыр, бірақ бұл – қаржы тұрғысынан болашағымызға әсер етпейді" делінген компания баспасөз хабарламасында.

12:59

Ресей Мариупольде химиялық қару қолданды деген хабар шықты. Әзірге не белгілі?

12 сәуірге қараған түні Украинаның стратегиялық коммуникациялар басқармасы Ресей әскері "Мариупольде әскери және бейбіт тұрғындарға қарсы" химиялық қару қолданды деп мәлімдеді. Мариуполь қорғанысында тұрған "Азов" полкінің ресми каналы "улы зат жаудың пилотсыз басқарылатын ұшу аппаратынан тасталғаны" айтылды. Полк негізін қалаушы Андрей Билецкий "азовшылар" арасында үш адамның зардап шеккенін хабарлады.

Бұл хабарлама тәуелсіз дереккөздер арқылы әлі расталған жоқ. Украина президенті Владимир Зеленский түнгі үндеуінде Батыс Ресейдің химиялық қару қолдануына жол бермеу керек деді, бірақ химиялық қарудың қолданды деп айтпады.

12:48

Роскомнадзор "Dead Russians сөзімен Google Ресей азаматтарына қатер төндірді" деп мәлімдеді

Ресей БАҚ-тарын бақылаушы Роскомнадзор Google компаниясынан "Ресейлік қолданушыларға қатер төндіретін" сөз тіркесін алып тастауды талап етті. Бұл жөнінде ведомствоның telegram-арнасы хабарлады.

"Google.Translate сервисінен экстремистік сипаттағы құқық бұзушылық анықталды. Аталған сервис dear Russians ("қымбатты ресейліктер") деген сөз тіркесін орыс тіліне аудару үшін ресейлік қолданушыларға dead Russians ("өлі ресейліктер") деген сөз тіркесін жазуды ұсынған. Өзге ұлттарға келгенде мұндай мәселе жоқ", - дейді Роскомнадзор. 9 сәуірде бірқатар telegram-арналар мен басылымдар осы жайтқа назар аударған еді.

Google "Интерфаксқа" Google.Translate сервисіндегі қателік түзетілгенін хабарлады

7 сәуірде Роскомнадзор "Ресей заңын бұзатын көптеген құқық бұзушылықтары үшін" Google компаниясына "ақпараттық және экономикалық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын" қолданатыны туралы хабарлаған."Яндекс" пен Mail.ru іздестіру жүйесі Google ресурсын "Ресей заңын бұзатын сайт" деп ескерткен. Ресей билігі Google мен оның ресурстарының жарнамасына тыйым салған.

Роскомнадзор Google иелік ететін YouTube видеохостингі "Украинада әскери операция жүргізіп жатқан Ресей Қарулы күштері туралы жалған ақпарат тарататын негізгі алаңға айналды" деп мәлімдеді.

Мұнан өзге YouTube Украинаның "Правий секторы" мен ұлтшыл "Азов" полкы секілді экстремистік ұйымдар туралы ақпараттарға тосқауыл қоймайды",- деп жазған ведомство видеохостингте 112 мыңнан астам тыйым салынған материал бар" деп санайды.


Еуропа одағы елдері Украинаға қару беруді көбейтеді

Бұл туралы Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок хабарлады.

"Еуропа одағы ретінде, Украинаның досы ретінде қару-жарақ беруді көбейтеміз" деді ол 11 сәуірде Люксембургтегі ЕО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінен соң.

ЕО бас дипломаты Жозеп Боррель де Украинаға қару-жарақ жеткізу жұмыстары күшейетінін айтты.

Бюррель "қазір Ресейге санкция салғаннан гөрі Украинаның қорғанысына көп көңіл бөлу керек" деді.


Варшава билігі Ресейге тиесілі ғимаратты тартып алды

Польша астанасы Варшава билігі қаладағы Ресейге тиесілі ғимаратты тартып алды. Польша 90 жылдары Совет одағы кезінде салынған бұл ғимаратты украиналықтарға бермек.

Ғимаратта 100-ден аса пәтер бар, мұнда Совет одағы кезінде орыс елшілігінің қызметкерлері тұрған. Қазір бұл жер бос тұрған. 11 сәуірде сот орындаушылары келіп, ғимаратты Варшава билігіне беруді талап еткен.

Ресейдің Польшадағы елшісі Сергей Андреев бұл ресейлік дипломатиялық ғимарат дейді.

Ал Украинаның Польшадағы елшілігі "Бұл үй енді Украина мен украиналықтарға беріледі. Мұнда бәлкім балабақша, мектеп, украиналық орталық я Польшадағы украиналықтар одағының филиалы болуы мүмкін. Алдымен үйдің жағдайын тексеру керек" деп мәлімдеді.


Харьков билігі: Ресейлік әскерилер қаланы әлі атқылап жатыр

Харьков облысы әкімшілігінің басшысы Олег Синегубовтың сөзінше, 10 сәуірде Ресей әскерилері қаланы артиллериядан, минометтен 66 рет атқылаған.

Харьков билігінің мәліметінше, бұл шабуылдан 11 бейбіт тұрғын қаза болған, олардың арасында жеті жастағы бала да бар. 14 адам жаралаған.

Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Еуропа одағы ресейлік "Аэрофлот", S7, "Победа", UTair, Nordwind Airlines, "Уральские авиалинии" әуе компанияларын қара тізімге қосты. Бұл әуе компаниялар Еуропаға ұша алмайды.

12 сәуір 2022, 10:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.