Атырау, 20 сәуір 14:33
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Пандемия әйелдердің кәсіп жасауына түрткі болды

Сурет
1 352 просмотра

Соңғы жылдары Атырау облысында кәсіпкер әйелдердің саны айтарлықтай артып келеді. Бұл «Атырау мұнай және газ» Солтүстік Каспий өңірлік көрмесі аясында өткен жергілікті тауар өндірушілердің көрмесінде анық байқалды.

Коронавирус пандемиясына байланысты ұзақ үзілістен кейін мұнай және газ саласындағы маңызды шаралардың бірі саналатын көрме өз жұмысын қайта жандандырды. Оның мұнай және басқа компания өкілдерінің арасындағы тікелей диалог үшін тиімді алаңға айналғанына көп уақыт болды, мұнай және газ саласының жаңа жабдықтарымен, қызметтерімен және технологияларымен танысуға үлкен мүмкіндік береді. «Атырау мұнай және газ» көрмесінің жұмысына Түркия, АҚШ, Нидерланды, Ресей, Беларусь елдерінен 70-ке жуық компания, сондай-ақ қазақстандық компаниялар қатысты.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп және қолөнер саласынан 130-ға жуық жергілікті тауар өндірушілер өз тауары мен қызметтерін ұсынды. Біздегі басым бағыт – өңдеу деңгейі жоғары өнім шығару және өңдеуші өнеркәсіп. Мысалы, Атырау мұнай өңдеу зауыты бүгінде шикізатты терең өңдеу арқылы 20-ға жуық өнім түрін шығарады. Мұнай және газ өндіру негізінде мұнай-газ химиясының жоғары технологиялық өнеркәсібін дамыту жоспарлануда. Болашақта Теңіз кенішіндегі Келешек Кеңею Жобасы (ККЖ) іске қосылып, Қашағанда өндіріс көлемі ұлғайса, Қазақстанның мұнай өндірісіндегі Атырау облысының үлесі 65 пайызға жетеді.

Атырауда мұнай сервис саласында ірі бизнеспен қатар әлі де өзіндік қиындықтары жетерлік ШОБ та дамып келеді. Басым бөлігін әйелдер құрайды. Биыл жеке кәсіпкерлердің өнімдері көрме павильонының тең жартысын алып отыр.

Жас дизайнер Милана ДҮЙСЕКЕНОВА небәрі 20 жаста, ол ұлттық киімдер брендін, қолөнер бұйымдарын ұсынады. Қазіргі уақытта бұл қыз бәрін өзі жасайды - пішеді, тігеді, бұйымдарды безендіреді. Бұл көрме өзін танытуға, әріптестерімен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік. Оның үстіне, Милана өндірісті кеңейтпекші, ол үшін грант алуды жоспарлап отыр.

Суретші Камилла ЖАПАЛОВАНЫҢ мемлекеттен көмек алу тәжірибесі бар.  Бюджеттік қолдаудың арқасында орамал шығаруға арналған жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік алды. Оның өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, Еуропа мен АҚШ-та да танымал. Ол жаққа қазақстандық делегация құрамымен барған еді.

… «Жемчужина» ЖШС 2000 жылдан бері балық өндірумен және өңдеумен айналысады, бүгінде кәсіпорын 17 өнім түрін шығарады.

- Пандемия жұмысымызға онша әсер еткен жоқ, балық өнімдеріне де санкция болған жоқ. Біздің қиындықтарымыз Жайық мәселесімен көбірек байланысты: су азайып барады, соған сәйкес балық та аз, бірақ жылына 700-800 тонна қара балық лимитін аулап отырмыз, – дейді «Жемчужина» ЖШС директоры Гүлфара ИСМАҒҰЛОВА.

– Әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына пандемия түрткі болды. Бәрі үйде отырып, осындай жағдайда не өндіруге болатынын ойластырды. Бетперде, кондитерлік өнімдер шығарудан бастады, – дейді Атырау облысы жұмыс берушілер және кәсіпкерлер одағының атқарушы директоры Рафхат БОЗБАЛИЕВ. Дизайнерлер мен қолөнершілер қауымдастығы жақсы қолдау көрсетуде, мемлекеттік қолдаудың, өнеркәсіпті дамытуды басқарудың көптеген түрі бар.

Жуырда Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы ашылып, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әйелдерге грант бөлуде. Ал біздің кәсіпкерлердің қаншалықты белсенді екеніне қарасаң, олар өздерінің бизнес идеяларын ілгерілету үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға бел буған. Сондықтан, бір ескі фильмдегі Фаина Раневскаяның «әйелдің іскерлігі - нағыз күш» деген сөзі еске түседі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

11 сәуір 2022, 11:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.