Атырау, 26 сәуір 12:25
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырау полициясы жергілікті тұрғындарды Интернеттен ажыратып жүргендерді іздестіруде

PR Сурет
1 884 просмотра

Атырауда телекоммуникация шоғырсымдарын ұрлау оқиғалары жиіледі. Соңғы үш аптада қаланың кемінде 40 көп пәтерлі тұрғын үйіндегі шатырдан мобильді операторлардың шоғырсымдары қиылды. Мұндай ұрлық фактілері қаланың түгелге жуық тұрғын үй алабында – әсіресе, Привокзальный мен Авангардта көп тіркелген екен. Аталған үйлердің тұрғындарының басым бөлігі Beeline Қазақстан мобильді операторының абоненттері. Ұрылардың әрекеттерінен олар байланыссыз және интернетсіз қалған көрінеді. Әрине, компания үзілген шоғырсымды қысқа мерзім ішінде қайта қалпына келтіріп, қылмыскерлер келтірген шығынның орнын толтырды, алайда бұл мәселені түбегейлі шешу қажет.

 - Атырауда телекоммуникациялық шоғырсымдарының жаппай ұрлануынан көптеген абоненттерімізде шамамен үш апта бойы сервис болмай, олар байланыссыз қалып, интернет пен кабельді теледидарды да пайдалана алмады. Ал олардың арасында қашықтан оқитындар мен жұмыс істейтіндер де бары сөзсіз, - дейді Beeline Қазақстан қосылу және сервис қызметінің басшысы Игорь КУДРЯВЦЕВ. - Әрине, абоненттерімізге осы қолайсыздықтар үшін бонус ретінде қосымша гигабайттар сыйладық. Бірақ ұрлық тоқтамаса, бұл мәселе шешілмейді. Сондықтан, қазір біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп, зиянкестерді анықтау бағытында жұмыс жасап жатырмыз.

  «Ақ Жайық» редакциясы Привокзальный және Авангард аудандарының тұрғындарымен де сөйлесіп қайтты. Олардың айтуынша, шоғырсымдарды ұрлау бұрындары да болған.

 Роза ДЖАКИЕВА «Рахман» ПИК төрағасы (балансында Авангардтағы 12 көп пәтерлі үй):

- Жақында маған «Алма ТВ», «Қазақтелеком» және Beeline компаниясының шоғырсымдары ұрланды деп, №74, 45 және 47-үйлердің тұрғындары шағымданды. Шатырларға шығатын жолдар құлыптап жабылған, алайда ұрылар оларды сындырып, өздерінің заңсыз әрекеттерін жалғастыруда.

 Привокзальныйдағы №19 үйдің тұрғыны 3оя МАГОМЕДОВА осы жолы олардың үйінде шоғырсым үшінші рет ұрланғанын айтты.

  Ал Привокзальный 3 «а» №51 үйінің тұрғыны Ханзада ОСАНОВАНЫҢ айтуынша, ол жақында интернеттің кенеттен не себепті болмай қалғанын білу үшін Beeline компаниясына қоңырау шалған еді, кейінірек оның себебі – үй шатырындағы шоғырсымның ұрлануы болғаны анықталды.

 Түсініктеме алу үшін Полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінген едік, олар Атырау қаласында биыл 16-31 наурыз аралығында, түсті және қара металдардың, олардың сынықтары мен қалдықтарының заңсыз айналымына, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының шоғырсымын ұрлаудың алдын алуға байланысты, қылмыс жасаған тұлғаларды анықтау мақсатында жедел-профилактикалық «Металл» іс-шарасы жүргізілгенін жеткізді.

– Атырау қаласының полиция басқармасының жедел уәкілдері мен учаскелік инспекторлары мобильді байланыс операторларының қызметкерлерімен бірлесіп, 30-дан астам металл қабылдау орындарын тексерді. Нәтижесінде, оның жетеуі заңсыз жұмыс істегені белгілі болды. ҚР ӘҚтК-нің 505-бабына сәйкес («Инфрақұрылым объектілерін жою») меншік иелеріне 30 630 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.  

Сондай-ақ Атыраудың Привокзальныйдағы көп пәтерлі үйдің бірінде тұратын екі тұрғын тұтқындалды. Бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған күдіктілер «Авангард-2» және «Авангард-3» шағын аудандарындағы көпқабатты үйлердің шатырларында шоғырсымдарды бірлесіп кесіп, олардан мыс сым қазып, металл қабылдау пункттеріне тапсырғандарын мойындады. МПБ қызметкерлері айғақ ретінде Химпоселкідегі металл қабылдау пунктінде заңсыз сатылған Beeline компаниясының телекоммуникациялық шоғырсымдарын тәркілеген. Жалпы бүгінде бұл екі күдіктіге кабель ұрлығының 4 эпизоды бойынша айып тағылып отыр. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 187 (Ұсақ ұрлық) және 188 (Ұрлық) баптары бойынша жүргізілуде.

 Атырауда соңғы уақытта мыс шоғырсымдарды ұрлауға қатысты 40 факті тіркелді, әзірше зиянкестер іздестірілуде.

 Beeline Қазақстан өкілі Игорь Кудрявцевтің пікірінше, мұндай қылмыстардың алдын алу үшін, ең алдымен, түсті металл ұрыларының заңсыз әрекеттерінен зардап шегетін тұрғындардың өздері де белсенді қолдау көрсетулері қажет. Қала тұрғындары үйлерінің төбесі мен шатырына бейтаныс адамдарды жолатпауы тиіс. Күдікті және бейтаныс адамдар жиі көрінген жағдайда дереу полицияға хабарласқандары жөн.

Сондай-ақ компания өкілі осы мәселеге түсті металл қабылдау пунктері қожайындарының назарын аударып, оларды мұндай қылмысты қолдап, заңсыз әрекеттен пайда табудан бас тартуға шақырды. Өйткені, кесілген бір ғана кабель бүкіл тұрғын үй кешенінің тұрғындарын қажетті мобильді және интернет байланыстарынан ажыратып, үлкен қиындықтарға әкеп соқтырады.

11 сәуір 2022, 10:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.