Атырау, 26 сәуір 07:15
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Дәрігерлер әңгімелерін айтып отыра берді, ал жарты сағаттан соң балам өлді деді»

2 077 просмотра

3 наурыз күні Қызылқоға аудандық ауруханасында 11 айлық сәби көз жұмды. Миялы ауылының тұрғыны Баян ШҮКІРҒАЛИЕВА немересінің өліміне сол аурухананың дәрігерлерін кінәлайды. Ол дәрігерлер балаға диагноз қоя алмай, оны қате емдеп, өлтіріп алғанын айтады.  

Осыған байланысты ол дәрігерлердің үстінен облыстық прокуратураға арыз түсірген. Президент әкімшілігіне де хат жолдаған. Жақында ғана арыз қаралып жатыр деген жауаптар келген.

Ауруханада шетінеген сәбидің есімі - Берік Ибраһим Ерболұлы. Ол тірі болса, сәуірдің 23-інде 1 жасқа толар еді.

Науқастанып тұрған кішкентай Ибраһим әкесімен бірге. Суретті туыстары ұсынды

Шүкірғалиеваның айтуынша, немересі 1 наурыз күні кешке жақын құсып, тәбеті болмай, аяқ астынан мазасыздана бастаған. Сол күні бала ауырып тұрған соң сағат 23:30 шамасында келіні мен баласы жедел жәрдем шақырады. Жедел жәрдем дәрігері балаға екпе салып кеткен. Бірақ, баланың құсығы басылмаған. Қызуы көтеріле бастаған соң, келесі күні таңғы 5-те тағы да жедел жәрдем шақырған.  

Бұл жолы бала анасымен бірге Қызылқоға аудандық ауруханасына жатқызылады. Бұл 2 наурыз болатын.  

- Сол күні келінім баланың жағдайы сәл жақсарған соң, дәрігерден сұранып, шамамен сағат 11-де үйге келді. Бірақ кешке баланың жағдайы нашарлап, жылап, мазасы қашып, құсып, іші өтіп, қызуы көтерілген соң, сағат 18:30 шамасында қайтадан жедел жәрдем шақырдық. Немеремді қайтадан ауруханаға алып кетті. Баланың іш құрылысын тазартамыз деп, система салмақ болған. Онымен тамырын таба алмай, қан тамырларын жарып жіберген. Бала жылап, көнбеген. Сол кезде медбике баланы жұлқылап, «Әй, жат болды, не жылай бересің» деп ұрысқан. Медбике балаға система сала алмады. Дәрігер айтқан соң, «Регидрон» ішкізе берген. Бірақ бала мазасызданып, ішінің өтуі тоқтамаған, - дейді Б. Шүкірғалиева.

Оның айтуынша, бала шошынып жылап, көнбеген соң, келіні емдеуші дәрігерден «жатырқап шошынып та тұрған шығар, үйге барып бесікке салып қарайын» деп, тағы үйге сұранған. Дәрігер рұқсатын беріп, өзі де бірге 3 наурыз күні сағат 14.30-да үйге еріп келеді.

- Дәрігер «бала тынышталса, тастап кетеміз» деді. Сосын ол баланың қарны аш екенін айтып, оған «манная крупа» мен сүт беруімізге кеңес берді. Бала берген тамақты жеп алды. Бірақ, жылауын қоймады. Мүлде ұйықтамаған. Сол кезде мен дәрігерден диагнозын сұрадым. Ол «білмейміз» деді. Сосын «балаға не салдыңыздар, ұйықтату үшін димедрол салдыңыздар ма?» деп сұрадым. Сонда дәрігер «оны сәбиге салуға болмайды» деп жауап берді. Немеремді ауруханаға қайта алып кетіп, жансақтау бөлімшесіне жатқызған. Бәрі шапқылап кеткен. Балам мен келініме дұрыстап ештеңе түсіндірмеген, ішке кіргізбеген. Сосын немереме димедрол салған. Келінім «салмаймыз дедіңіз ғой, неге салдыңыз?» деп сұрағанда, «сәл демалсын» деп салғанын айтқан, - дейді марқұм сәбидің әжесі.

Бұдан соң ол дәрігерлер бала дем ала алмай жатыр деп, оттегі беру үшін балалар катетерін іздеп кеткенін, бірақ таба алмағанын айтады. Ата-анасының айтуынша, дәрігерлер балаға «димедрол салып қойдық, енді ұйықтайды, сен барып демалып ал» деп келінін бөлмеден шығарып жіберген. Анасы шығып бара жатып, баласының денесін ұстап қараса, баланың қолы мұздай болып жатқан.

- Оны келінім дәрігерлерге айтқан. Олар баланың қызуы түсіп жатыр деп, өздері әңгімелерін айтып отыра берген. Содан кейін 30-40 минут шамасында бала шетінеді деп хабарлаған. Дәрігерлер димедролды көп мөлшерде салып жіберген. Оны олар қазір жасырып қалғысы келіп, мойындамай отыр. Сол димедролдың артық мөлшерін көтере алмай, баланың қан қысымы 200-ге дейін жетіп, қызуы 40-қа дейін көтерілген. Оған қоймай, тілі шықпаған сәбиге медбике ұрысып, жұлқылаған. Көмекші санитаркасы да «неге құса береді» деп ауырған сәбиге сөйлеген. Баламыздан айырылып қалған соң келінім екеуміз шарасын алсын деген талаппен аурухана басшысы Айгүл Төребекқызының алдына бардық. Емдеген дәрігер Нұрила Серікқызынан «қандай диагнозбен емдедің дегенде, жауап бере алмады. Сол себепті, менің немерем Берік Ибраһим Ерболұлы дәрігерлердің немқұрайлығынан шетінеді, олар өз істеріне салғырттықпен қарады, - дейді Шүкірғалиева ауыр күрсініп.

Ол немересінің тәтті қылықтарын сағынғанын айтып, бір босап алды.  

- Әп-әсем ойнап-күліп, қылығы тәтті болып өсіп келе жатқан жалғыз немерем еді ғой. Не шара, - деп еске алды ол. 

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі «АЖ» сауалына орай, қазір бала өлімі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-тармағы Абайсызда адам өліміне әкеп соққан медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Бүгінде сәбидің өлімі неден болғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қорытындысы әлі шыққан жоқ.

Қазір бұл оқиға бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы тексеру комиссиясы құрылған. Басқарма басшысының орынбасары Жанар САДУОВА соның қорытындысы шықпай, алдын ала еш нәрсе айта алмайтынын жеткізді.

Айнұр САПАРОВА

10 сәуір 2022, 11:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.