Атырау, 3 мамыр 05:23
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Жастармен жұмыс қалай жүріп жатыр

Сурет
2 410 просмотра

Былтыр облыстағы мемлекеттік органдарды оңтайландыру нәтижесінде Атырау облысының жастар саясаты мәселесі басқармасы жұмысын тоқтатып, жастар саясаты саласын жүзеге асыру жұмысы «Атырау қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ және облыстық ішкі саясат басқармасы жастар бөліміне өтті. «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Серік ҚАДЫРОВҚА бірнеше сұрақ қойған едік.

Орталықтың мәліметінше, Атырау облысында жасы 30-ға дейін 133 мыңнан астам адам тұрады. Оның ішінде жұмыс істейтін экономикалық белсенді жастар саны 76 мың, ал еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастардың үлесі 2021 жылдың III тоқсанында 5,4 пайыз болды.

- Биыл жергілікті жастармен қандай жұмыс жасалып жатыр? 

- Жастардың шығармашылық және инновациялық мүмкіндігін арттыру мақсатында «Сенің бастамаң» жобасы іске қосылды. Бұл жобада жастардың экологиялық, спорт, қайырымдылық, әлеуметтік кәсіпкерлік, шығармашылық, білім бағытындағы әлеуметтік және бизнес жобалары қабылданады. Әр қабылданған жобаға 300 мың теңге грант бөлінеді. Биыл бұл жобаға жастардың үздік 10 жобасын қабылдау жоспарланып отыр.

Одан бөлек жас жеке кәсіпкер, өнерпаздар, жастарға қажетті бірнеше сала мамандарымен еркін сұхбат алуға арналған «AQYLmen TYNDA» жобасы бар. Мұнда жетістікке жеткен жандар тәжірибесін айтып, жастарға тың идея береді.

- Жастардың баспана мен жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?

- Жұмысқа орналастыру бойынша жыл сайын Еңбек биржасы жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып жүр. Оған қоса ай сайын әлеуметтік желіге бос жұмыс орындарының тізімін жариялап отырамыз.

Баспана мәселесі «Отбасы банктің» «Жас отбасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы шешіліп жатыр. Жоспар бойынша «Отбасы банк» қызметкерлерімен бірлескен кездесу өткізіп, жастарға баспаналы болу мүмкіндігі түсіндіріліп, кеңес беріліп отыр. Одан бөлек «Бастау-Бизнес» жобасымен 401 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Оның ішінде 48 жас өз кәсібін ашуға несие алса, 271-і мемлекеттік грантқа ие болды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске асырылуда. Ол түлектер үшін, жиырма тоғыз жастан аспаған, жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастар үшін ұйымдастырылды. Оның жалақысы 90 000 теңгені құрайды.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жастарға арналған тегін ағылшын курсы, гитара үйірмелері бар. Сонымен қатар, тігін, визажист курстарын, ораторлық шеберлік сағатын ұйымдастыру жоспарда бар.

- «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша қанша жас еңбекке тартылады?

- Биыл облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде 1756 жасты қамту жоспарланып отыр, жалақысы 65 000 теңге көлемінде болады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

11 сәуір 2022, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.