Атырау, 28 наурыз 17:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Атырауда Энергетика министрінің бірінші орынбасары пәлсапалық ой түйді

1 724 просмотра

«Атырау мұнай және газ» 19-шы Солтүстік Каспий өңірлік көрмесі аясында «Жергілікті қамтуды дамыту» форумы өтіп, оған үш ірі мұнай компаниясы – ТШО, НКОК, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг (ҚПО) өкілдері қатысты.

- Үш нәрсеге: оттың қалай жанғанына, судың қалай аққанына, басқалардың қалай жұмыс істегеніне шексіз қарауға болады деген сөз бар, – деп Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат ЖҮРЕБЕКОВ сөзін бастады. – Мен бұған төртіншісін – ірі мұнай және газ жобаларында жергілікті қамтудың қалай дамып жатқанына шексіз қарауға болады деп қосар едім. Бүгін баяндамалар жасалды, таныстырылымдар болды, бірақ осыдан 5-10 жылға кері шегінсек, дәл сол кезде де осылай көрсетілді. Өкінішке орай, ірі жобалар негізінде өнеркәсіп құра алмадық. Еліміздегі мұнайдың 70 пайызын өндіретін Қазақстан үшін маңызы зор үш ірі мұнай-газ жобасы индустриялық өнеркәсібіміздің өзіндік локомотивіне айналады, содан кейін бүкіл басқа саланы жетелейді, әрі қарай Қазақстанның өзі «Қазмұнайгаз» компаниясының сәл кіші жобаларын, Қытайдың жер қойнауын пайдаланушыларды қамтамасыз етеді деп үміттенген едік. Бірақ ештеңе өзгермеді. Белгілі бір жетістіктер бар, бірақ айтарлықтай жобалар жоқ, мұнай саласында қызмет көрсететін қазақстандық компаниялар жоқ, бұл қызметтерді көрсету шетелдік компанияларға тиімсіз. 

Вице-министрдің тағы бір байқағаны: барлық ірі жоба жеке-дара қозғалады, әрқайсысының өз бағдарламасы мен күн тәртібі бар, олардан ұсыныс түспейді деуге болады. Ал, оның пікірінше, егер жергілікті қамтуды дамыту үшін осындай тақырыптық форумдар өткізетін болсақ, онда оператор компаниялар қазақстандық бизнеске олар айналыса алатын тауашаларды ұсынуы керек. Әзірге біздің бизнеске қажетті ақпаратты табу үшін есік қағуына, сұрауына, Интернеттен іздеуіне тура келеді. Өйткені сатып алу жоспарлары сайттарға жарияланғанымен, сипаттізімі бойынша да, көлемі бойынша да ештеңе түсінікті емес.

– Ірі компаниялар тарапынан белсенді ұстаным жоқ. Kazservice жыл сайын наурыз айында конференция өтеді. Тұрлан Жұмағұлов, бұл сіздің тақырыбыңыз, осы жерде сіз айтуыңыз керек. Сіз қазақстандық компаниялардың жасай алатынын көрсетуіңіз керек, алмастыру мүмкіндігі бар, бірақ оларда рұқсат жоқ, өкінішке орай, оператор тарапынан келісім мен ниет жоқ. Міне, мұндай алаңдарда осындай мәселелерді талқылауымыз керек, – деді М.Жүребеков. – Бізге бұл жұмысты жүйелеу керек. Салада серпіліс жасауға әлі уақыт бар, осы жерде Энергетика бірінші вице-министрі ретінде  бастама жасағым келеді. Біздің ірі мұнай өндірушілерді, ірі компанияларды жинап, бірлесе қолға алып, жұмысымызды құрылымдау керек. Көрші елдерде өндіріс күшті дамыған, ал бізде әлі күнге дейін еуропалық құбырлар бар, негізгі мұнайгаз жабдықтары да Еуропадан, Америкадан, Оңтүстік Азиядан келеді. Жергілікті компаниялар тапсырыс алып, Қазақстанда өндіріс орындарын, жұмыс орындарын ашуы керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

8 сәуір 2022, 11:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.