Атырау, 7 қазан 05:25
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қалалық әкімдікте өткен жиында тұрғын үй-құрылыс кооперативінің екі өкілі ұсталды

Сурет Бейнежазба
2 085 просмотра

Атырауда «Жібек жолы» ТҚК (тұрғын үй-құрылыс кооперативі) төрағасы мен осы ТҚК-нің сату бөлімінің басшысы ұсталды. Бұл қала әкімдігінде бірнеше тұрғын үй-құрылыс кооперативінің үлескерлері қатысқан жиында орын алды.

150-ден астам адам жиналды, зал лық толды. Олардың көбі «Жібек жолы» ТҚК-нен баспана алу үшін 10 миллионнан 25 миллион теңгеге дейін ақша төлегенімен, келісілген мерзімде пәтерін ала алмаған. Оның үстіне, кейбір пәтердің екі адамға қатар сатылғаны белгілі болды.

– Олардың бірнеше тұрғын үй-құрылыс кооперативі бар. Қызметкерлері әлі күнге дейін кеңседе отырып, клиент тартады, акциялар мен жеңілдіктер жөнінде айтады. Ал бұл уақытта баяғыда жаңа пәтер кілтін тапсырамын деп уәде еткен адамдар балаларымен жалдамалы пәтер жалдап немесе туыстарының үйін паналап жүр, - дейді жиында үлескерлер.

Нұрмұхамед МҮТӘЛИЕВ (алдыңғы қатарда)

Атырау облыстық ПД Тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхамед МҮТӘЛИЕВТІҢ айтуынша, бұл Атырауда үлестік құрылыс нарығындағы екінші рет орын алып отырған алаяқтық фактісі. Бұған дейін былтыр қараша айында қалада өзен жағасындағы беделді ауданда ТК үлескерлеріне қатысты бірінші іс сотқа жіберілген болатын. Істі қарау әлі аяқталған жоқ.

– Сіздің істеріңіз бойынша бізге 70-ке жуық арыз түсті. Сіздер көрсеткен шоттарды тексердік - оларда ақша жоқ. Әзірге полицияға хабарласпаған адамдар болса, қалалық басқармаға немесе облыстық полиция департаментіне келіңіздер. Біз қазір «Жібек жолы» ТҚК-нің екі өкілін қамауға аламыз, сотқа дейін олар тергеу изоляторында бола ма, әлде үйқамақта бола ма, тергеу соты шешеді –, деді Н. Мүталиев.

Қамауға алу туралы сөз залдағылардың қошеметін туғызды.

Белгілі болғандай, өткен жылдың 27 желтоқсанында Атырау полициясы басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы («Екі және одан да көп адамға қатысты алаяқтық») бойынша ТҚК төрағасы Е.Сардарбеков пен сату бөлімінің басшысы А.Юсуповаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастаған. Кездесуге олар да қатысты. Сардарбеков өз дәйектерін келтірді:

Е.Сардарбеков

– Біздің ТҚК 2020 жылы құрылды, содан бері мен төрағамын. Содан кейін карантин басталды, мерзімдер өтіп кетті, құрылыс материалдары да, басқасы да бәрі қымбаттады. Мұның бәрі жұмыс қарқынына әсер етеді. Егер бұл жерде пәтерлердің екі қожайыны бар екені, ақшаны «жеп қойды», басқа жаққа жұмсады десе, экономикалық тергеу жүргізілсін, біз қарсы емеспіз. Қазіргі уақытта үлескерлер қаражатын қайтаруды сұрайды. Мен шаршамастан инвестор іздеп жүрмін, тауып аламын, олар санай бастайды да, адамдардың наразылығын көріп, бірден бас тартады. Осындай жақтары бар.

– Ал сізді кім тағайындады? Бұл бос мәселе емес, сізді тұрғын үй-құрылыс кооперативі мүшелерінің жиналыс шешімімен тағайындауы керек еді, сіз де олардың алдында әлсін-әлі есеп беріп тұруыңыз керек, – деді қала әкімі Мейірім ҚАЛАУИ.

– Былтырдан бері есеп бөлімі есеп беріп жатыр, бәріне – тексеру комиссиясын құрыңдар, тексеріңдер, біз қарсы емеспіз деп жатырмыз, – деп сендірді Е.Сардарбеков. Залдағы үлескерлер оның айтқарымен келіспеді. Олардың айтуынша, оларға ешкім есеп бермеген.

– Бір гәп бар екенін былтыр сездік. Сіз бізге чатта жаздыңыз - біз оны жасаймыз, мұны жасаймыз деп, әлдебір бетон маркасын айттыңыз, видео жібердіңіз. Ал іс жүзінде құрылыс алаңында жарытып жұмыс жүрген жоқ, мен мұны өз көзіммен көрдім. Ақыры шыдай алмай, чатта құрылыс алаңында 1-2 жұмысшы ғана жүргенін, мұндай қарқынмен құрылыс қашан аяқталады деп жаздым. Мені тағы екі үлескер – Жанаргүл мен Дариғаш қолдады. Агия (Юсупова, сату бөлімінің басшысыЗ.И.) маған жеке хабарласып, ортақ чатқа мұндай нәрселерді жазуға қандай құқығым бар екенін айтып, жазғыра бастады, бізбен келісімшартты бұзамын деп қорқытты. Мен пәтерді 2021 жылдың қазанында алуым керек еді, – дейді үлескерлердің бірі.

Тимур НҰРБАЕВ

Атырау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Тимур НҰРБАЕВТЫҢ айтуынша, «Жібек жолы» ТК жобасы жоқ, жобалық-сметалық құжаттамасы бекітілмеген, сараптамадан өтпеген:

– Сондықтан олар бізге құрылыстың басталғаны туралы хабарлама жіберген жоқ. Қашан бәрі дайын болады, сонда өтініш береді.

Бұл мәлімдеме адамдардың наразылығын тудырды.

- Сіздер қалай жұмыс істейсіздер? Нұрсаяда 7-қабатқа дейін ғимаратты көтеріп тастады, ал сіздер еш шара алмадыңыздар. Сөйтсек, сіздер оларға тамыз айында айыппұл салған екенсіздер. Сәйкессіздіктер дұрысталмайынша, жұмысты тоқтатуға ұйғарым шығардыңыздар. Неліктен құрылысты мүлдем жауып тастамадыңыздар? Содан бері, тамыз айынан бері қаншама адам зардап шекті, қаншама келісімшарт жасалды, адамдар оларға миллиондаған ақша берді ғой! – дейді үлескер Шынар.

Атырау қаласы прокуратурасының жұртшылық мүддесін қорғау бөлімінің басшысы Ерлан КӘКИЕВ бұдан бұрын «Ақмаржан» және «Нұрсая Плаза» ТҚК үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Қазіргі уақытта қала ішіндегі қалған ТҚК-нің әрекетінің заңдылығына талдау жүргізілуде.

– МСҚББ тарапынан тиісті бақылау жоқтығына қатысты үлескерлердің наразылығына келсек, қазір бұл органға тиісті тексеру жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша жауап беріледі. Ал мәжіліске қатысушы басқа да ТҚК өкілдеріне қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертеміз.

Үлескерлер әкімнен өздеріне ТҚК-ге қатысты жағдайды қадағалайтын әкімдік өкілін бекітуді сұрады. Әкім оларға қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Фараб ҚУАНЫШҚАЛИДЫ таныстырды.

Ал жоғарыда айтылғандай, жиналыс бітпей жатып, «Жібек жолы» ТҚК-нің екі өкілін де полиция ұстап алып кетті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

7 сәуір 2022, 00:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.