Атырау, 7 қазан 05:26
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атырау инженерлік-гуманитарлық институты лицензиясынан айырылды. Оқу орны бұл шешімге қарсы

1 707 просмотра

5 cәуірде ҚР Білім және ғылым министрлігі Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының бас лицензиясынан айырылғанын хабарлады. БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жоспардан тыс тексеру барысында жоғары оқу орнының жұмысынан көптеген заң бұзушылық анықтаған. Тексеру 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында жүргізілген.

Комитет әкімшілік құқық бұзушылық туралы екі хаттама толтырған. Оның бірі Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді. Сот оны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 409-бабының 7-бөлігі (Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша қарады. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот 2021 жылғы 26 қарашадағы №72 ұйғарымының орындалуын бақылау мақсатында жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша институттың бұрын белгілі болған Білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкессіздікті жоймағанын анықтады.

31 наурызда сот институтты рұқсат құжатынан 1 ай мерзімге айырып, 107 205 теңге айыппұл салу туралы қаулы шығарған. Ал бұған дейін Комитет өз құзыреті аясында 306 300 теңге айыппұл салып, институтты бас лицензиясынан айыру туралы қаулы шығарған.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, институт білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарын, сондай-ақ біліктілік талаптарын сақтамаған. Тексеру жұмыстары бір оқытушының оқыту тілдері әртүрлі екі бөлек топқа бір уақытта сабақ өткізгенін анықтады. Алайда оқытушының оқу жүктемесінде әр топтың аудиториялық сабақтарын жеке өткізу белгіленген.

– Оның үстіне жоғарғы оқу орнында кейбір сабақтар мүлдем өтпеген. Білім беру бағдарламасын әзірлеу және бекіту кезінде заң бұзушылық орын алған. Сонымен бірге, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенттерді оқытқан білім беру бағдарласы ҚР БҒМ Тізіліміне енгізілген бағдарламаға сәйкес келмеді. Нәтижесінде студенттер оқу пәндерін толық меңгермеген. Бұдан басқа, оқу үдерісі сапалы профессор-оқытушылар құрамымен қамтамасыз етілмеген, - деп атап өтті министрлік.

Сонымен қатар, тексеру көрсеткендей, институтта білім беру сапасын және қажетті материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етудің ішкі жүйесі қалыптаспаған.

– Бірқатар білім беру бағдарламасы бойынша оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиет жоқ, яғни студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасалмаған. Мұны студенттердің білім нәтижесі де растады: институт студенттерінің 90 пайызы шекті балл жинай алмаған, - деп хабарлаған министрлік Үлгілік қағидаға сәйкес студенттер жоғары оқу орны лицензиядан айырылған сәттен бастап басқа оқу орындарына ауысуға құқығы бар екенін айтты.

Айтпақшы, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында қазір 1600-ден астам студент білім алып, 86 педагог жұмыс істеп жатыр. Бұл жаңалық олардың арасында дүрбелең тудырды.

 

«ШАҒЫМ ТҮСІРЕМІЗ!»

Біз институт ректоры Ерсайын ИХСАНОВҚА хабарласқан едік. Институт соттың да, Комитеттің де қаулысына наразылық білдіруге ниетті.

– Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірмекпіз. Біз қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сот шешімімен және Комитеттің лицензиядан айыру туралы қаулысымен келіспейміз. Комитет өз қаулысы негізінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотына шағым түсірмек. Біз қазір заңгерлермен елордада апелляциялық шағым әзірлеп жатырмыз. Алдағы шешім туралы кейінірек хабарлаймыз, - деді ректор.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

6 сәуір 2022, 10:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.