Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпарат Азаттық радиосынан алынды.
16:45
Украинадағы соғысты қолдаған Жириновский қайтыс болды
Ресей либерал демократиялық партиясының жетекшісі, ультраұлтшыл саясаткер Владимир Жириновский 75 жасында қайтыс болды. Бұл жөнінде мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин хабарлады. Ақпан айының басында Жириновскийдің коронавирусқа шалдығып, ауруханаға түскені белгілі болған.
"Владимир Вольфович Жириновский ауыр әрі созылмалы аурудан қайтыс болды" деп жазды мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин телеграм-арнасында.
Жириновский - Украинаға соғыс ашуды қолдағандардың бірі. Былтыр желтоқсанда ол "Украинаға 1 қаңтар күні басып кірейік" деген еді.
Жириновскийдің жағдайы ауыр екені, жасанды тыныс алу аппаратына қосылғаны жайлы ақпанның басында айтыла бастаған.
Жириновский ЛДПР-ды 1989 жылдан бері басқарып келеді. Ол кезде партия Совет одағының либерал-демократиялық партиясы деп аталған. Ресей президенті сайлауына алты рет қатысқан, 2004 жылы ғана сырт қалған, Мемлекеттік думаның сегіз шақырылымына да сайланған.
Жириновский әр жылдары түрлі мәлімдемелері арқылы Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіріп, Қазақстанды Ресейге қосып алу жөнінде үндеу жасаған. Осыған байланысты Қазақстан оны персона нон-грата деп жариялап, Қазақстанға кіруіне тыйым салған. Алайда Жириновский одан кейін де Қазақстанға бірнеше рет келген.
15:50
Гостомельде 400 адам із-түссіз жоғалғаны айтылды
Украинаның Гостомель қаласының мэрі Тарас Думенко қалада 400 адам із-түссіз жоғалып кеткенін айтты.
"Гостомельде оқ тиіп мерт болған бейбіт тұрғындардың мәйіттері табылды, бірақ көп емес. Бұған қоса, біздің аймақтың бірнеше тұрғынының мәйітін Бучадан таптық. Бізде бар расталған деректерге сай, Глебовка тұрғындары Гостомельге келіп, кейін олармен байланыс үзілген" дейді Думенко.
Мэрдің сөзінше, іс-түссіз жоғалған кейбір адамдар оққа ұшуы мүмкін, бірақ олардың мәйіті әлі табылмаған. Думенко "ресейлік әскерилер Бучамен салыстырғанда Гостомельдегі істерін жасырып кетуге тырысқан" деп санайды.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
14:14
Украина қарулы күштері: Ресей 18600 әскериінен айырылды
Украина қарулы күштерінің бас штабы соғыс басталғалы Ресей 18600 әскериінен айырылды деп мәлімдеді. Бұл статистикаға қаза болғандар да, жараланғандар да кіреді. Бұған қоса, Украина соғыста Ресейдің бес мыңнан аса әскери техникасын жойғанын хабарлады.
Ресей қорғаныс министрлігі 25 наурыздағы хабарламасында "Украинада 1351 әскериі қаза болғанын" айтқан. Содан бері Ресей әскерилерінің шығыны жайлы хабарлама таратпады.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
13:49
Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыс жайлы 6 сәуірде таратқан мәліметі:
Мариупольде әлі ауыр шайқас жалғасып жатыр. Ресей әуе шабуылын тоқтатқан жоқ. Қаладағы гуманитарлық жағдай нашарлап кетті. Мариупольде қалған 160 мыңнан аса адам жарық, жылу, сусыз, медициналық көмексіз отыр. Ресей әскерилері украиналық әскерилерді әлсірету үшін әдейі қалаға гуманитарлық көмекті кіргізбей отыр.
13:29
Буча мэрі: Ресей әскерилері қалада 320 бейбіт тұрғынды өлтірді
Буча қаласының мэрі Анатолий Федорук ВВС сайтына "ресейлік әскерилер қалада 320 бейбіт тұрғынды өлтірді" деді.
Ол "бейбіт адамдар отырған үш жеңіл көлік Киев жаққа кетпек болғанда оларды атқылаған. Көлік ішінде аяғы ауыр әйел отырған еді; күйеуі айғайлап, атпауды сұрағанымен, оларды аямай атқылады" деді.
Ресей қорғаныс министрлігі "Ресейлік әскерилер тарапынан бірде-бір бейбіт тұрғын зардап шеккен жоқ" деп отыр.
12:18
Түркия Бучадағы қырғынды тергеуге шақырды
Бейсенбі, 6 сәуір күні Түркия Украинаның Буча және өзге де қалаларында бейбіт азаматтардың қастандықпен өлтірілуін айыптап, істі тәуелсіз тергеуге шақырды.
"Киев түбіндегі Буча мен Ирпеньдегі және өзге де аймақтардағы қырғынның баспасөз бетінде жарияланған суреттері қорқыныш ұялатады, адамзатқа қасірет әкеледі" деді министрлік мәлімдемесінде.
Түркияның Украинадағы елшілігі 4 сәуір күні жариялаған твитті қоспағанда, бұл – Түркияның Бучадағы жағдай алғаш рет реакция білдіруі.
"Бейбіт азаматтарды нысанаға алуға жол жоқ" деді Түркия сыртқы істер министрлігі. "Осы жағдай тәуелсіз тергеліп, жауаптылар жазасын тартады деп күтеміз".
Түркия – НАТО мүшесі, Ресеймен де, Украинамен де тығыз қарым-қатынаста. Соғыс күндері екі ел арасында келіссөз өткізуге күш салып келеді.
Мұның алдында Түркияның Украинадағы елшілігі Киевке оралғаны хабарланды. Соғыс кезінде елшілік уақытша басқа жерге көшірілген.
11:11
Микрочип пен компьютер техникасын өндіретін Intel корпорациясы Ресей және Беларусь нарықтарындағы жұмысын толық тоқтататынын мәлімдеді.
"Әлемдік қауымдастық секілді Intel де Ресейдің Украинаға қарсы соғысын айыптайды және бейбітшілікті мейлінше дереу қалпына келтіруге шақырады. Соғыстың әсеріне тап болғанның бәрін, әсіресе Украина мен көрші елдердің жұртын және онда отбасы, достары және жақындары қалған адамдарды қолдаймыз" делінген компания мәлімдемесінде.
10:54
Ресей Украинаға басып кіргелі елде 11 миллион 276 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл туралы Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның 1 сәуірге дейін жиналған есебінде айтылады.
Оның ішінде 7,1 миллионы Украинаның соғыс жүріп жатқан аймағынан қауіпсіздеу аймақтарға көшкен. Көбіне адамдар елдің шығыс, солтүстік және оңтүстік облыстарынан орталық және батыс облыстарға қарай қашқан. Шетелге кеткені 4,1 миллионнан асады.
21:45 5.4.2022
Украина президенті Зеленский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйледі. Не айтты? Қысқа-нұсқа шолып шығайық:
- БҰҰ әлемде бейбітшілікті қамтамасыз ете алмады. Қауіпсіздік кеңесіндегі вето адам өлтіруге мүмкіндік бермес үшін БҰҰ тез арада реформа жасау керек (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украинадағы соғысты айыптайтын қарарына Ресей вето жариялаған еді).
- БҰҰ әлемге бейбітшілік орната алмаса тарау керек шығар. Әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Киевте халықыралық конференция ұйымдастыруды ұсынамын.
- Ресейліктердің Бучада жасамаған қылмысы қалмаған. Олар бүкіл бір отбасыны балаларымен өлтіріп, адамдарды өртемек болған.
- Ресей не айтатынын білесіздер. Олар Донбасста "Боингты" атып түсіргенде де (Малайзия әуе компаниясының Донбасста құлаған жолаушылар ұшағын айтып тұр - Ред.), Сирияда да солай деген. Олар болған жайт жайлы түрлі нәрсе айтып, қолдан ұйымдастырылған кадрлар туралы айтқан.
- Ресей билігі ежелгі колонизаторлар сияқты. Олар украиналықтарды құлға айналдырғысы келеді. Мұны жазасыз қалдырмау керек.
- Ресейдің әрекетінен Азия мен Африкадағы аштыққа ұшырап, көп елдің қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.
21:24 5.4.2022
5 сәуірдегі негізгі оқиғалар қысқа-нұсқа:
- Чехия Украинаға Т-72 танкісі мен бронемашиналар жіберді.
- Еуропа елдері ресейлік дипломаттарын қайтаруды жалғастырып жатыр. Эстония Ресейдің Нарведегі Ресей консулдығы мен Тартудағы консулдық бөлімін жауып, 14 қызметкерді кері қайтарды. Италия - 30, Испания - 25, Дания - 15, Швеция үш дипломатты Ресейге жіберді.
- Кремль мен Ресей әскерилері Бучадағы қырғынды тағы да жоққа шығаруға тырысты. Ал Украина барлаушылары Бучада болған ресейлік әскерилер Украинаның басқа аймағындағы қақтығысқа араласпақ деді.
- Ресей цензураны күшейтіп жатыр. Роскомнадзор "Википедиядан" соғыс туралы мақалаларды жоюды талап етіп жатыр.
- БҰҰ Украинадағы соғыста опат болған бейбіт тұрғындар қазіргі айтылған статистикалардан әлдеқайда көп деп мәлімдеді.
- Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен ЕО бас дипломаты Жозеп Боррель Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу үшін Киевке келмек.