Атырау, 23 желтоқсан 13:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Прокурор Таубаевты 11 жылға, Басаровты 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айыруды сұрады

3 330 просмотра

4 сәуірде Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур БАСАРОВТЫҢ ісі бойынша сот тергеуі аяқталып, сот тараптардың жарыссөзіне кірісті.

Еске салсақ, Таубаев пен Басаров ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу») бойынша айыпталып отыр.

Бірінші болып прокурор Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ сөз алды. Оның айтуынша, 2020 жылдың жаз-күз айларында індет үдеген кезде Таубаев облыс әкімдігінің бірқатар басқармаларына жетекшілік ететін қызметтік лауазымын пайдаланып, баюды көздеген.

- Халықты сауықтыруға көмектесу үшін ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласудың орнына, ол «жұқпалы аурулар ауруханасы» нысанына басымдық беріп, өзі үшін ақшалай эквивалентті белгілеп, бұл кезеңді баю мақсатында пайдалануды ұйғарған, - деді прокурор.

Ол негізгі сот талқылауында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді деп есептейді. Сонымен бірге ол соттан Таубаев пен Басаровқа қатысты жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда олардың отбасылық жағдайын және асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын; олардың бұрын сотталмағанын; жұмыс орнынан және тұрғылықты жерінен оң мінездеме алынғанын ескеруді сұрады. Прокурор соттан Басаровқа қатысты оның кінәсін ішінара мойындауына және жасаған ісіне өкінуіне, сондай-ақ асырауында қарт ата-анасының және мүгедек ағасының болуына байланысты жеңілдететін мән-жайларды ескеруді бөлек сұрады.

Онымен қоса Н.Жангереев сотталушылар жасаған аса ауыр жемқорлық қылмысына байланысты ауырлататын мән-жайларды да ескеруді сұрады.

- Таубаевтың берген антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын қылмыстық жауаптылығын ауырлататын мән-жай деп ескеруіңізді сұраймын. Айыптаушы тарап Басаровтың қылмыстық жауаптылығын ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Олардың жеке басы мен қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескере отырып, оларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау жөнінде қорытындыға келіп отырмын, өйткені сотталушыларды қоғамнан оқшауламай түзеу мүмкін емес, - деді прокурор.

Ол соттан Таубаевты өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырумен қатар 11 жылға бас бостандығынан айыруды, ал Басаровты өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырумен қатар 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айнұр САПАРОВА

5 сәуір 2022, 14:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.