Атырау, 7 қазан 05:30
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Драма театры Хиуаз Доспанова туралы спектакль дайындап жатыр

2 248 просмотра

Пандемияға байланысты бірнеше жыл шектеуден кейін өңірде биыл мәдени ошақтар қалыпты жұмысқа орала бастады. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының биылғы маусымда көрерменге ұсынатын жаңа туындылары мен алдағы гастрольдік сапарлары жөнінде театрдың көркемдік жетекшісі, режиссёр Мұқанғали ТОМАНОВ айтып берді.

- Мұқанғали, биыл атыраулықтарды қандай премьералар күтіп тұрғанын айтып беріңізші?

- Биыл мамыр айының ішінде «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай оның өмір жолына құрылған деректі драманың тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартады. Одан кейін Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повестінің ізімен тағы бір қойылым әзірленіп жатыр. Екі қойылымның да режиссері өзім. Одан бөлек режиссёр Жанат Телтаевтың «Қар жауып тұрғанда», режиссёр Гүлназ Қамысбаеваның «Томирис» қойылымдарының премьерасын ұсынуды жоспарлап отырмыз.

- Атырауға іс-сапармен қандай театрлар келеді? Біздің театр биыл гастрольге шыға ма?

- Бұған дейін театрлар шеруі пандемияға байланысты тоқтап тұрған еді. Енді 14-17 сәуір күндері Атырау қаласына гастрольдік сапармен Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық Қазақ музыкалық драма театры келеді деп күтілуде.  Олар 1 балаларға арналған және ересектерге арналған  қойылымдар алып келе жатыр. Одан соң біздің ұжым 20-24 сәуір аралығында Алматы қаласына барып, Әуезов атындағы қара шаңырақта «Қош бол, Қараой», «Ричард III», «Апалы-сіңілі үшеу», «Жалғыздық» және балаларға арналған «Алладин» қойылымын алып барады.

Өзіміздің қойылымдардың үлкен сахна қойып, түрлі тетар сыншыларының алдынан өту бізге де үлкен тәжірибе. Онан соң Әуезов театры да Атырауға келіп спектакльдерін қою жоспарда бар.

- Орыс тілді аудиторияға арналған спектакльдер келмей ме?

- Бұрындары А.Островский атындағы БҚО орыс драма театры театры келетін еді. Пандемия кезінде тоқтап қалды. Дегенмен жеке продюсерлерлердің шақыруымен ресейлік театрлары келіп, театр залын жалға алып, қойылымдарын ұсынып жүр. Жеке продюсерлердің шақыруымен соңғы 2 айда орыс тілінде 3-4 спектакль келді. Жақында "Раскольников" қойылымымен танымал әртіс Елена Проклова келгенде, залда орын болмады. Жақында бізге танымал әртіс Ивар Калныньш келді.

Қазақша аудиторияға арналған спектакльдердің билеті 1500-2000 теңгеден болса, орысша спектакльдердің билеті 15000 теңгеден сатылады. Сұраныс бар, залда ине шаншар жер болмайды. 

- Бұрын қазақша қойылымдарды орыс тіліне синхронды аудару жоспарда бар деп айтылған. Бұл жаңалық қашан енгізіледі?

- Жоспар бойынша 80 тарта құлаққап алынды, келесі маусымға жүзеге асырылуы мүмкін. 

- Биыл жылдағыдай театрлар фестивалі жоспарда бар ма?

- Балалар күніне арналған республикалық театрлар фестивалін өткізу жоспарда. Оған республикадан балаларға арналған қойылымы бар барлық театрларды шақырғымыз келіп отыр.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

5 сәуір 2022, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.