Атырау, 24 қараша 20:31
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 41-күн

1 261 просмотра

Украинадағы соғыс туралы барлық ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

Негізгі деректер

  • Киев түбіндегі Буча қаласында Ресей сарбаздары әскери қылмысының жаңа айғақтары табылып жатыр. Бейбіт тұрғындарды азаптаған, зорлаған, өлтірген, қаланы тонаған. Қаладан түсірілген суреттер мен видеолар әлемдік қауымдастықтың наразылығын күшейтті.
  • Мәскеу тағылған айыпты мойындамай отыр. Мұның бәрі "Украинаның қойылымы" деп атады. Бірақ спутниктен түсірілген суреттер Буча көшесіндегі мәйіттердің үш апта жатқанын көрсетті. Ол кезде қала Ресей әскерінде қолында болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Бучаға барып, жағдаймен танысты, Ресейді геноцид жасады деп айыптады. Бірақ сөйте тұра Кремльмен бітім келісімін жүргізуді әлі де қолдайтынын айтты.
  • Джо Байден Владимир Путин мен әскери қылмыскерлерді сотқа тарту керек деді.
  • Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің дерегінше, Ресей әскері Донбассқа шабуылдау үшін қайта топтасуын жалғастырып жатыр.
  • Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар топтамасын талқыламақ. Оның ішіне Ресей энергия көздерін импорттаудан бас тарту кіріп қалуы мүмкін.
  • Литва мен Латвия Ресеймен дипломатиялық қатынасының деңгейін төмендетіп, Мәскеудегі елшілерін қайтарып жатыр. Германия мен Франция Ресейдің ондаған дипломатын еліне қайтарды.

21:455.4.2022

Украина президенті Зеленский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйледі. Не айтты? Қысқа-нұсқа шолып шығайық:

  • БҰҰ әлемде бейбітшілікті қамтамасыз ете алмады. Қауіпсіздік кеңесіндегі вето адам өлтіруге мүмкіндік бермес үшін БҰҰ тез арада реформа жасау керек (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украинадағы соғысты айыптайтын қарарына Ресей вето жариялаған еді).
  • БҰҰ әлемге бейбітшілік орната алмаса тарау керек шығар. Әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Киевте халықыралық конференция ұйымдастыруды ұсынамын.
  • Ресейліктердің Бучада жасамаған қылмысы қалмаған. Олар бүкіл бір отбасыны балаларымен өлтіріп, адамдарды өртемек болған.
  • Ресей не айтатынын білесіздер. Олар Донбасста "Боингты" атып түсіргенде де (Малайзия әуе компаниясының Донбасста құлаған жолаушылар ұшағын айтып тұр - Ред.), Сирияда да солай деген. Олар болған жайт жайлы түрлі нәрсе айтып, қолдан ұйымдастырылған кадрлар туралы айтқан.
  • Ресей билігі ежелгі колонизаторлар сияқты. Олар украиналықтарды құлға айналдырғысы келеді. Мұны жазасыз қалдырмау керек.
  • Ресейдің әрекетінен Азия мен Африкадағы аштыққа ұшырап, көп елдің қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.

21:245.4.2022


5 сәуірдегі негізгі оқиғалар қысқа-нұсқа:

  • Чехия Украинаға Т-72 танкісі мен бронемашиналар жіберді.
  • Еуропа елдері ресейлік дипломаттарын қайтаруды жалғастырып жатыр. Эстония Ресейдің Нарведегі Ресей консулдығы мен Тартудағы консулдық бөлімін жауып, 14 қызметкерді кері қайтарды. Италия - 30, Испания - 25, Дания - 15, Швеция үш дипломатты Ресейге жіберді.
  • Кремль мен Ресей әскерилері Бучадағы қырғынды тағы да жоққа шығаруға тырысты. Ал Украина барлаушылары Бучада болған ресейлік әскерилер Украинаның басқа аймағындағы қақтығысқа араласпақ деді.
  • Ресей цензураны күшейтіп жатыр. Роскомнадзор "Википедиядан" соғыс туралы мақалаларды жоюды талап етіп жатыр.
  • БҰҰ Украинадағы соғыста опат болған бейбіт тұрғындар қазіргі айтылған статистикалардан әлдеқайда көп деп мәлімдеді.
  • Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен ЕО бас дипломаты Жозеп Боррель Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу үшін Киевке келмек.

20:335.4.2022

НАТО бас хатшысы: Ресей жаңа шабуылға дайындалып жатыр

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресей Украинаны оккупациялау жоспарынан бас тартпағанын, қазір Украинаның шығысы мен оңтүстігіне шабуыл жасауға дайындалып жатқанын айтты.

"Алдағы аптада Ресей әскері Украинаның шығысы мен оңтүстік бөлігіне ойысып, бүкіл Донбассты алуға талпынады. Осы арқылы аннексиялаған Қырымға барар жол ашпақ. Сондықтан соғыс негізгі фазасына енді" деді ол.

Йенс Столтенберг Ресей әскерилері Бучадан басқа қалаларда да қатыгездік жасауы мүмкін деп болжайды.

"Ресей әскерилері белгілі бір аймақтардан шегініп, Украина әскерилері ол аймаққа қайта бақылау орнатса, сол елдімекендерден де адамдар жаппай жерленген жерлер, әскери қылмыстар, қатыгез әрекеттер дәлелдейтін фактілер шыға ма деп қауіптенемін" деді ол.

НАТО бас хатшысы альянс Украинаға қолдау көрсете береді деп мәлімдеді.

20:245.4.2022

СІМ: Қазақстан "ДХР" мен "ЛХР-дың" тәуелсіздігін мойындамайды

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді үкімет отырысынан кейін Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстан Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды қолдамайтынын айтты. "Қазіргі уақытта Луганск халық республикасын және Донецк [халық] республикасын қолдамаймыз" деді ол.

Тілеуберді Батыс елдері салған санкциялар Ресейге бағытталғанын және "Қазақстанның бұл санкцияларға қосылмайтынын" айтты. "Бұл санкциялар экономикалық дамуымызға кері әсер етпеуі керек және біздің жеріміз бұл санкцияларды айналып өту мақсатына пайдаланылмауы керек, біз үшін сол маңызды" деді Қазақстанның сыртқы істер министрі.

Ресей әскерін Украинадан шығаруды талап ететін БҰҰ Бас ассамблеясының екі қарары бойынша дауыс бергенде Қазақстан неге қалыс қалды деген сұраққа жауап берген Тілеуберді: "Қалыс қалу да – ұстаным" деді. Оның айтуынша, бұл ұстаным "ұлттық мүддені ескере отырып қалыптасқан".

17:35

Германия Еуроодақтың Ресей көмірінен бас тарту жөніндегі бастамасын қарастыруға дайын. Бұл туралы елдің қаржы министрі Криштиан Линднер мәлімдеді. Министр одақ үшін Ресей энергия көздерін мейлінше тез бас тарту маңызды.

Еуроодақ қаржы министрлерінің жиынында Линднер Германияның Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді ашық екенін айтты.

17:32

Германия Украинадан қашқан босқындарды паналатқан Молдоваға қаржылай көмекті көбейтпек

Германия Молдоваға тағы 50 евро қарыз беретінін мәлімдеді. Мұның алдында 40 миллион евро беретін болған. Германия канцлері Олаф Шольц бұл туралы Берлинде өтіп жатқан халықаралық донорлар конференциясында мәлімдеді. Конференция қатысушылары бұрынғы совет елдеріне көмектесудің жолдарын талқылау үшін жиналған. Шараны Франция мен Румыния бірге ұйымдастырған.

Жаңа несие украиналық босқындарға көмектесумен шектелмей, энергия көздері қымбаттауының салдарымен күресуге де жәрдем болмақ дейді Германия үкіметінің баспасөз хатшысы Штеффен Хебестрайт.

"Халқының санына шаққанда Молдова Украинадан қашқан босқындарды мейлінше көп қабылдаған ел болып шығады" деді ол.

Ресейдің басқыншылық соғысынан Молдова аса қатты зардап шекті. Себебі ол өзі тұтынатын газдың түгел Ресейден алады. Кейінгі алты айда Молдова үшін газ бағасы сегіз есе өсіп, инфляция 18 пайызға артқан.

Несие босқындарды паналатуға арналған әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін, мектептер мен балабақшаларды дамытуға арналмақ.

17:21

Франция Украинадағы азаматтарына қарсы жасалған "соғыс қылмыстары" жөнінде 3 іс ашты

Сейсенбі, 5 сәуір күні Францияның антитерроризм жөніндегі прокуратурасы Ресейдің Украинаға басып кіруі кезінде Франция азаматтарына қарсы жасалған қылмыстар жөнінде үш іс ашқанын хабарлады.

Қылмыстық істер Мариуполь, Гостомель және Чернигов қалаларында болған оқиғаларды қамтиды деді прокуратура.

16 наурыз күні осы прокуратура Fox News телеарнасының операторы Пьер Закржевскийдің өлімі бойынша іс қозғаған. Оператор соғыстан хабар таратып жүргенде оққа ұшқан.

16:35

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропарламент басшысы Жозеп Боррель Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізу үшін Киевке барады. Осыдан кейін олар Варшаваға барып, Украинаны қолдауға арналған концертке қатысады. Бұл туралы Еурокомиссия баспасөз хатшысы Эрик Мамер хабарлады

16:03

Буча қырғынынан кейін Еуропа одағы Ресейге жаңа санкция салуға дайындалып жатыр

Буча қаласындағы бейбіт адамдар қырғыны туралы хабарлардан кейін Еуропа одағы Ресейге санкцияны үстей түсуге дайындалып жатыр. Еуропа кеңесі Буча қырғынына жауапкершілікті Ресейге жүктесе, Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа одағын Ресей газы мен көмірін сатып алуды толық тоқтатуға шақырды.

Еуропа одағының жоғары саяси органы Еуропа кеңесінің мәлімдемесінде Украинаның Ресей әскері басып алған жеріндегі жаппай қырғын Еуропа тарихында мәңгі қалатыны айтылған. Мәтінде "Ресей бұл қылмысы үшін жауап береді" деп көрсетілген.

Мәскеу өзін кінәлі сезінбейді, Буча қырғынын Украина билігін арадандату үшін әдейі жасаған деп санайды. Жексенбі күні Мәскеу Бучадағы жағдайды талқылау үшін Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің төтенше отырысын өткізуді сұраған болатын. Алайда оған кеңес төрағасы Ұлыбритания вето қойған.

Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин Бас тергеу басқармасына Бучадағы бейбіт адамдар өлімі туралы хабарларды сараптап, ол туралы тараған ақпараттардың Қылмыстық кодекстің "Ресей әскері туралы жалған ақпарат тарату" туралы бабына қаншалықты сай келетінін тексеруді тапсырған. Ресей әскері Укрианаға басып кіргеннен кейін Мемлекеттік дума Ресей Қылмыстық кодексіне шұғыл түрде осындай бап енгізген болатын.

14:44

АҚШ қаржы министрлігі Ресейге мемлекеттік қарызын Батыстағы бұғатталған қаражаты есебінен төлеуге тыйым салды. Бұл туралы 5 сәуір күні Reuters агенттігі хабарлады.

Дүйсенбі, 4 сәуір күні Ресейдің облигация бойынша жалпы сомасы 636 миллион доллар қарызын өтейтін уақыты аяқталды. Вашингтон тыйымына дейін Мәскеу қарызды Батыс елдерінде бұғатталған есеп-шоттары арқылы төлей алатын. Енді Ресей қарызын ішкі резервінен төлейтін болды.

"Ресей не құнды доллар резервін жұмсайды, не дефолтқа тап болады" деді АҚШ қаржы министрлігінің өкілі. Оның сөзінше, қарызды резервтен төлеу әскер мен өзге саланы қаржыландыруды шектеуі ықтимал.

14:27

Владимир Зеленский журналистермен кездескенінде Украинада Ресей сарбаздарының бейбіт украиндарды азаптағаны жөнінде қылмыстық іс ашқанын мәлімдеді.

"Азаматтарымызды азаптаған осы қылмыскерлер жөнінде қозғалған ішкі ісіміз бар. Ақпарат жинауды бастап жатырмыз, ол адамдарды іздейміз. Бұл қылмыскерлерді қалай да тапқысы келетіндер бар. Егер бұл істе бізге халықаралық заңнама көмектеспесе, мұны Украина заңы істейді" деді ол.

14:15

"Буча – Мәскеу" акциясы

"Холод" интернет журналы Мәскеу орталығында "Буча – Мәскеу" арт-акциясының өткенін хабарлады. Акция қатысушысы екі қолын артқа қайыра байлап, басына қара қап киіп жерде ет бетімен жатқан. Басылым қала орталығының бірнеше жерінен түсірілген суреттерді жариялады. Суреттерге қарағанда бәрінде бір адам.

Сәуір басында Украина әскері бір ай бойы Ресей бақылауында болған Буча қаласына кіргенде көшеде дәл осылай жатқан мәйіттердің суреттері тарады. Көшелерден бөлек есігінің алдында, үй ішінде жатқан мәйіттер де көп. Бауырластар зираттары да бар. Украина билігі мәйіт төрт жүзден асатынын мәлімдеп, бейбіт азаматтарды өлтірген Ресей сарбаздары деп отыр. Мәскеу мұны теріске шығарып, "бұл Украинаның арандатуы, мұның бәрі фейк, қойылым" деп отыр. Бірақ оқиға орнында халықаралық БАҚ журналистері де жүр, қала көшелерінде ондаған мәйіттің жатқанын олар да айтып отыр. Ал кеше, 4 сәуір күні New York Times басылымы Maxar Technologies компаниясының спутниктен түсірілген суреттерін талдап, Бучадағы бейбіт азаматтардың мәйіттері үш аптадан астам уақыт сол күйі жатқанын анықтады. Бұл кезде қала Ресей әскерінің қолында болған.

02:11

"Беларускі Гаюн" мониторинг тобы Беларусьтің Мозырь қаласында курьер қызметі арқылы еліне көлемді тауар жолдаған Ресей әскери қызметкерлерінің дерегін жариялады. Зерттеушілердің айтуынша, Ресей сарбаздары бір күнде екі тоннадан асатын зат жіберген.

2 сәуір күні Мозырь қаласынан Ресейдің Рубцовск (Алтай өлкесі), Уссурийск (Приморский өлкесі), Ульяновск (Ульяновск өлкесі), Чита (Забайкалье өлкесі) және Биробиджан (Еврей автономды облысы) қалаларына 1725 келі салмақта құрал-жабдық, 395 келі техника бөлшектері, үстел, электрсамокат, акустикалық колонкалар, телевизор, кондиционер, алкоголь және киім жіберілген. Видеолардың бір жерінде Украинадағы "Эпицентр" сауда үйінің пакеті көрінеді.

Зерттеушілер сарбаздарда 56-шы гвардиялық десант-шабуыл полкінің шефроны көрінеді дейді. Полк аннексияланған Қырымдағы Феодосияда шоғырланған.

01:47

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен әскери қылмыстарды құжаттау үшін Украинаға ортақы тергеу тобын жіберетінін мәлімдеді.

3 сәуірде журналистер мен Украина билігі Киевтің солтүстік-батысындағы Буча қаласының көшесінде ондаған адамның мәйіті жатқанын хабарлады. Қала бір ай бойы Ресей әскерінің бақылауында болған.

01:45

Германия Ресейдің 40 дипломатын еліне қайтару туралы шешім қабылдады. Берлин олардан тыңшылық жасады деп күдіктенеді. Бұл туралы Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок мәлімдеді.

01:43

АҚШ президенті Джо Байден әскери қылмыскерлерді, соның ішінде Ресей президенті Владимир Путинді сотқа тартуға шақырды. Ресейдің Украинаға басып кіруі кезінде жасалған әскери қылмыстардың айғағын жинау керек деді Байден.

"Өткен айда Путинді әскери қылмыскер деп атағаным үшін мені сынағандар болды. Бучада не болғанын көрдіңіздер. Бұл оның қылмыскер екенін растап отыр" деп мәлімдеді Байден.

5 сәуір 2022, 09:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.