Атырау, 7 қазан 05:29
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Шаруагерлер облыс әкімдігі алдына жиналды: "Әкім бізге кездесуге келмегесін, оған өзіміз келіп тұрмыз"

Бейнежазба
1 753 просмотра

Жақында бірнеше шарауагер облыстық әкімдік ғимаратының алдына барып, өз наразылығын білдірді. Айтуларынша, Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай аудандарындағы мал өлімі тоқтаған жоқ. Осыған байланысты шаруагерлер облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВПЕН ашық диалог өткізбек болған еді.

Облыс әкімдігі ғимараты алдына келместен бұрын М.Досмұхамбетовке Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында кездесу үшін алдын-ала хат жолдадық дейді шаруагерлер.

- Бірақ ол кездесуге келген жоқ. Енді оған өзіміз келіп тұрмыз. Біз ерігіп жүрген жоқпыз. Қазір қырда қарбалас науқан, әрі мал өлімі күннен-күнге көбейіп барады. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі  Атырау облысындағы Құрманғазы, Исатай аудандарында 26 жылқы ауырып, оның 4-уі өлді деген мәлімдемесімен мүлдем келіспейміз. Ауру мал көп. Кімге мұңымызды айтарға білмедік. Ғалымдар келіп жатыр, бірақ әлі нақты ештеңе айтқан жоқ, - дейді Мақат ауданын келіп тұрған Теңелсін ҚҰБАЕВ.

- Бес жылқым өліп қалды, біреуі ауырып тұрған. Тірі, бірақ ауырып тұрған бір жылқыдан Алматыдан ғалымдар келіп қан сынамасын алып кетті. Кенеден өлді дейді, ол паразит жазда, күзде болар, қыс-көктемде болады дегенге сеніміміз аз, - дейді Исатай ауданы Тұщықұдық ауылының тұрғыны, шаруагер Бораш ЕСЕНОВ.  

Мал өсірушілердің ашуға булығып, шыдамы шектен шыққаны байқалып тұр. 

- Махамбет Досмұхамбетов мырза, мәдениет сарайына келмесеңіз, енді сізге аяқтай келіп тұрмыз. Күтіп тұрғанымызға жарты сағат болды. Халықпен санасып, мұңымызды тыңдамаса қалай болғаны? Барлық шаруамызды тастап келіп тұрмыз. Енді өзі шықпаса, ғимаратқа кіреміз. Кет дегенше тұрамыз, - дейді шаруагер Әспембет ӘБУҒАЛИҰЛЫ.

- Малдың неден қырылып жатқаны жөнінде ақпарат алғымыз келген. Ешкім шықпады. Президент тапсырмасын орындамайтын болса, шаруагерлердің мұң-мұқтажын тыңдамаса әкімшілік неге керек? 40 күн болды малдың ауырып, өліп жатқанына, ал олар уайымдайтын, қорқатын ештеңе жоқ дейді. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мырза, сіз өз лауазымыңызға лайықты емессіз. Біз сіздердің жұмыстарыңызға «1» деген баға қоямыз, - дейді «SHOPAN ATA» қазақ ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы Атырау облысы бойынша филиалының директоры Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.

Жарты сағаттан кейін ғимарат ішіне кірген шаруаларды облыс әкімі қабылдап, уәждерін тыңдады. Шаруагерлердің айтуынша, 1,5 ай бойы малдың ауырып, өліп жатқаны жөнінде облыс әкімшілігіне айтқанымен, оның себебі қандай және дер кезінде неге шарасы алынбағаны жөніндегі сұрақ жауапсыз қалды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бейнежазбаны шаруагерлер ұсынды

5 сәуір 2022, 08:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.