Атырау, 24 қараша 20:05
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 40-күн

Сурет
1 747 просмотра

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

Негізгі деректер

"Бұл – геноцид". Зеленский Бучадағы қырғынға Ресейді айыптады

  • Ресей әскерінің бақылауында болған Буча қаласында адамдардың жаппай өлтірілгені әшкере болғаннан кейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді "геноцид жасады" деп айыптады. "Бұл шынымен геноцид. Тұтас ұлт пен халықты жою" деді Зеленский жексенбіде CBS телеарнасы эфирінен.
  • Ресей армиясы бір айдан астам уақыт бақылауында ұстаған Бучадан кеткеннен кейін, қалада қаза тапқан кемінде 20 адам табылған. Буча көшесінде жай киімдегі адамдардың жайрап жатқаны, кейбірінің қолы артына байлаулы екені әлеуметтік желіде жарияланған түрлі фото және видеолардан көрінеді.
  • Буча көшесінде өлген адамдар жатқанын 2 сәуірде қалаға барған шетелдік БАҚ тілшілері (арасында Reuters пен AFP бар) де растады.
  • Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Халықаралық қылмыстық сот пен халықаралық ұйымдарды Буча қаласы мен Киевтің маңындағы өзге де қалалар мен ауылдарға мүмкіндігінше тезірек келіп, Ресейдің әскери қылмысы мен адамзатқа қарсы қылмысына айғақ болатын дәлелдерді жинауға шақырды. Кулебаның мәлімдемесі британдық Times UK radio радиостанциясы эфирінен айтылды.
  • Қала мэрінің сөзінше, Буча қаласының 300-ге жуық тұрғынының денесі бауырластар зиратына көмілген.
  • Батыс мемлекеттері Бучадағы жантүршігерлік қылмысты айыптады.
  • Ресей қорғаныс министрлігі Reuters агенттігінің бұл мәселе жайлы сұрағына жауап берген жоқ.

16:25

Ресей сыртқы істер министрлігі: Ұлыбритания Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Буча жөнінде жиын өткізу туралы өтінішін бұғаттады

Ұлыбритания украиналық Буча қаласындағы жағдай жөнінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуге келісім бермеді деді Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.

Жексенбі, 3 сәуірде Ресей де, Украина да Бучадағы жағдайды талқылау үшін Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізуді сұраған. Бірақ ондағы жағдайды екі ел екі бөлек сипаттап отыр.

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбінің кешіндегі үндеуінде "Ресей оккупация кезінде Буча мен өзге қалаларда жасалған әскери қылмыстар сейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде талқыланады" деді.

Алайда кейінірек Ресейдің БҰҰ-дағы өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский Telegram каналында Ресейдің бұл жиынды дүйсенбі өткізуді сұрап отырғанын айтты. Отырыс тақырыбын ол "украиналық радикалдардың арандатуы" деп атады.

Ресей әскерінен азат етілген қалаларда жүздеген бейбіт тұрғынның опат болғанын, мәйіттердің не көшелерде, не бауырластар зиратында жерленгенін Украина билігінен бөлек оқиға орнында болған халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары да айтып отыр.

14:30

Америкалық жекеменшік компания Maxar Technologies украиналық Буча қаласының спутниктен түсірілген суреттерін жариялады. Суреттер 31 наурыз күні түсірілген. Онда әулие апостол Андрей Первозванный ғибадатханасын көруге болады. Бауырластар зираты осы жерде қазылған саналады. Компания дерегінше, қазбалардың алғашқы белгілері 10 наурызда байқалған.

Ресей әскері қаланы 4 наурыз күні бақылауға алған. Бір ай өткенде Ресей ескері елдімекенді тастап кетті. Украина әскері қалаға кіргенде ондаған бейбіт тұрғынның мәйіті көшеде жатқанын көрді. Кейбірі өртенген, кейбірін атып тастаған, мәйіттерден азаптаудың ізі байқалады. Ресми мәлімет бойынша, Бучада кемі 410 адам қаза тапқан.


14:14

Қара теңізден Одессаға қарата бірнеше зымыран ұшты деп хабарлады Одесса әскері әкімшілігінің спикері Сергей Братчук Украина телеарналарының тікелей эфирінде.

"Жау маңызды инфрақұрылым объектілерін жою стратегиясына көшті. Әңгіме жанармай сақтау базалары төңірегінде болып отыр. Мұның себебі, қазір облыстарда егін егу науқаны басталды" деді ол.

13:24

Украинаның Луганск облысы Новодружеск қаласында 3 сәуірде екі ерікті оққа ұшып, мерт болды. Опат боларының алдында олар жергілікті тұрғындарға гуманитарлық көмекті таратып жатқан. Бұл туралы Луганск әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Гайдай мәлімдеді.

"Жаудың атқылауына қарамастан, [қаза тапқан еріктілер] жиын орнына келіп, адамдарға азық-түлік пен қажет заттарды таратумен болды. Кеше де солай болған, мина ұшып келгенге дейін. Ресей әскері қаланы атқылаған кезде опат болғандардың бірі әріптесін денесімен қалқалап, аман алып қалды" деп жазды ол.

Киев халықаралық миссияларды Ресей әскері Бучада салған қырғынды көруге шақырды

Буча қаласында велосипедпен кетіп бара жатқанда мерт болған адам. Киев облысы, Украина, 2 сәуір 2022 жыл.
Буча қаласында велосипедпен кетіп бара жатқанда мерт болған адам. Киев облысы, Украина, 2 сәуір 2022 жыл.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Халықаралық қылмыстық сот пен халықаралық ұйымдарды Буча қаласы мен Киевтің маңындағы өзге де қалалар мен ауылдарға тезірек барып, Ресейдің әскери қылмысы мен адамзатқа қарсы қылмысына айғақ болатын дәлелдерді жинауға шақырды. Кулеба бұл жайлы Ұлыбританияның Times UK radio радиостанциясы эфирінен мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазіргі айғақтар әскери қылмыс жасағандарды жауапқа тарту үшін халықаралық және шетелдік соттарда дәлел ретінде пайдаланатылатын болады.

"Олар қала мен ауылдардағы бейбіт адамдарды жай күндері ғана емес, кетіп бара жатқанда да қырып кетті" деді Кулеба.

Министр Ресей әскерінің "Украинада жаппай қылмыс жасағанын, кісі өлтіру, азаптау, зорлау, тонаумен айналысқанын" айтты.

"Мұндайды 21 ғасырда көзге елестету мүмкін емес еді, бірақ дәл қазір көз алдымызда болып жатыр. Ресей "Ислам мемлекеті" [экстремистік тобынан] да сорақы болды" деді Кулеба.

Зеленский Киев облысында қаза тапқан фототілшіні "Ерлігі үшін" орденімен марапаттады

Фотожурналист Максим Левин.
Фотожурналист Максим Левин.

Украинада Ресей басқыншылығы туралы фоторепортаж жасап жүрген 40 жастағы Максим Левин 1 сәуірде Киев облысында өлі табылған. Ол 13 наурызда шайқас болып жатқан Гута Межигорская ауылына қарай жолға шыққан соң көп ұзамай хабар-ошарсыз кеткен. Левинмен бірге кеткен бұрынғы фотограф, украин сарбазы Алексей Чернышевтан әзірше хабар жоқ.

Максим Левин украиналық және халықаралық басылымдармен жұмыс істеген. Олардың арасында LB.UA, Reuters, ВВС, Associated Press бар. Ол түсірген фотоларды The Wall Street Journal, The Moscow Time, Vatican news, Азаттық радиосы және өзге басылымдар жариялаған.

4 сәуір – Украинадағы соғыстың 40-күні. Негізгі оқиғалар:

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.Бучада түсірілген фотосуреттерден өлген адамдардың кебірінің қолы артына байлаулы екені көрінеді. 2 сәуір 2022 жыл.
Бучада түсірілген фотосуреттерден өлген адамдардың кебірінің қолы артына байлаулы екені көрінеді. 2 сәуір 2022 жыл.

Киев облысында Украина әскері Ресей армиясы тастап кеткен елдімекендерді бақылауына алды.

Киевтің солтүстік-батысында тұрған, бір айдан астам Ресей армиясының бақылауында болған Буча қаласында ондаған, тіпті жүздеген бейбіт адам өлтірілген болуы мүмкін. Ресей әскері Беларусь шекарасына қарай жылдам шегіне бастағаннан кейін Украина күштері алған Буча қаласынан қаза тапқан кемінде 20 адам табылды. Қала көшелерінде жай киімдегі адамдардың жайрап жатқаны әлеуметтік желіде жарияланған түрлі фото және видеолардан көрінеді.

2 сәуірде Бучаға шетел БАҚ тілшілері барды, арасында Reuters пен AFP те бар. Көшеде өлген адамдар жатқанын олар да растады.

Өлгендер бейбіт тұрғындарға ұқсайды, оларды кей таныстары танып та жатыр. Кейбірі атыс кезінде оқққа ұшқаны немесе минаға түскені байқалады. Фотосуреттерден өлген адамдардың кебірінің қолы артына байлаулы екені көрінеді. Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк "оларды Ресей әскері атып өлтірген" деп санайды.

Қала мэрінің сөзінше, Буча қаласының 300-ге жуық тұрғынының денесі бауырластар зиратына көмілген.

Ресей қорғаныс министрлігі Reuters бұл мәселе жайлы сұрағына жауап берген жоқ.

4 сәуір 2022, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.