Атырау, 24 қараша 19:41
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 38-күн

1 665 просмотра

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпарат Азаттық радиосынан алынды. 

Негізгі деректер

2 сәуір – Украинадағы соғыстың 38-күні. Негізгі оқиғалар:

  • Киев облысында Украина әскері Ресей армиясы тастап кеткен елді мекендерді бақылауына алып жатыр.
  • Жұма, 1 сәуірде Ресейдің Белгород қаласы маңындағы мұнай қоймасы атқылауға ұшырады. Ешкім зардап шекпеген. Ресей тарабының айтуынша, қойманы Ресей аумағына кірген украиналық екі тікұшақ атқылаған. Украина қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды.
  • Ресей әскері Чернобыль АЭС аумағынан шығып, Ресейдің Белгород облысына жол тартты. Украина күштері орыс әскері қайта шабуылға дайындалу үшін топтасып жатыр деп санайды.
  • Запорожье облысында тараптар тұтқындармен алмасты.
  • Украина Жоғарғы радасы басқыншылықты қолдаған ресейліктердің мүлкін мемлекет меншігіне қайтаруды көздейтін заң қабылдады.
  • АҚШ сауда министрлігі Ресей басқыншылығына байланысты Ресей мен Беларусьтің 120 ұйымына экспорттық санкция салады.
  • ЮНЕСКО Украинадағы соғыста әлем мәдениеті үшін маңызды кемінде 53 мәдени нысан бүлінді не қирады деп мәлімдеді.

Бішкекте Украинадағы соғысқа қарсы шыққандарды милиция ұстап әкетті

2 сәуірде Бішкекте милиция Ресей басқыншылығын айыптап, соғысқа қарсы шыққан белсенділерді ұстады. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Ұсталған белсенділер президент Садыр Жапаровтың өзі Фейсбукта митингіге рұқсат бергенін айтып, милицияның әрекетін айыптаған.

Ақпаратқа қарағанда, жиналғандардың қолында "Соғысқа жол жоқ", "Соғысты тоқтат", "Путин фашист" деген жазуы бар плакаттар болған.

Милиция белсенділерге 1 шілдеге дейін митинг, пикет өткізуге тыйым салған сот шешімі шыққанын айтып, тарауды талап еткен.

Бұл митинг өтпей тұрып, бірнеше сағат бұрын қалада Ресейді қолдағандар акциясы өткен. Бірақ милиция оларға аталған сот шешімі жөнінде айтпаған.

Ұлыбритания барлау қызметінің Украинадағы соғыс жөнінде соңғы ақпараты:

  • Украина күштері Ресей әскері тастап кеткен Киев маңындағы елді мекендерге бақылау орнатып жатыр.
  • Елдің солтүстік-батысында Украина күштері Ирпеннен Буча мен Гостомельге қарай жылжуға талпынып жатыр.
  • Ресей әскері Гостомель әуежайынан шығарылған.
  • Елдің шығысында кескілескен шайқастан кейін украин күштері Харьковтің шығыс бөлігіндегі негізгі плацдармды басып алған.

24 ақпаннан бері Украинадағы соғыста 158 бала қаза болған. 254 бала жараланған. Украина бас прокуратурасы осындай мәлімет келтірді.

Киев, Донецк, Харьков және Чернигов облыстарында көп бала зардап шеккен. 869 оқу орны атқылауға ұшырап, бомбаланған. Ең ауыр жағдай Донецк, Харьков, Николаев, Сумы, Киев, Херсон, Житомир, Чернигов облыстары мен Киев қаласында.

АҚШ одақтастарын Украинаға совет танкілерін беруге көндіріп жатыр

АҚШ әкімшілігі НАТО бойынша одақтастарымен Украинаға совет танкілерін беру мәселесін талқылап жатыр. Бұл жөнінде АҚШ әкімшілігі өкілінің сөзіне сүйенген New York Times басылымы жазды.

Польшаның бір өзінде Т-72 модельді 500-ден астам танк бар. Басылымның жазуынша, танкілердің берілуі жаңа соғыс кезеңінің нышаны болуы ықтимал.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, Украина президенті Владимир Зеленскийдің өтінішіне жауапты талқылау кезінде АҚШ танк мәселесі бойынша дәнекер болуға ұйғарған.

Fox News телеарнасына берген сұхбатында Зеленский Украинаны НАТО-ға қабылдамаса, альянс мүшелері оған ауыр техникамен көмек көрсетуі тиіс деп мәлімдеген.

“Бізге зымыран, ұшақ беріңіздер, F-18 немесе F-19-ді бере алмайды екенсіздер, онда ескі совет ұшақтарын беріңіздер... Елімді қорғай алатын құрал берсеңіздер" деді президент.

2 сәуір 2022, 14:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.