Атырау, 7 қазан 07:16
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

1 сәуірде «Бекіре-2022» балық қорғау акциясы басталды

1 914 просмотра

Ол Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында 1 маусымға дейін жалғасады. Осыған орай, ҚР Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян БАХИЯНОВ және Маңғыстау облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі 3-дивизионының командирінің м.а. Ерболат КАЛИШЕВТІҢ қатысуымен брифинг өтті.

А.Бахияновтың айтуынша, биыл негізгі күш Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Атырау облысы аумағындағы Жайық және Қиғаш өзенінің су айдындарында жұмылдырылады.

Екі айлық акция барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдарының және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат заңнамасының сақталуын қадағалайды. Акция кезінде батыс өңірінің үш облысында 1632 қызметкер, соның ішінде Атырау облысында – 874, Батыс Қазақстан облысында - 248, Маңғыстауда -510 қызметкер жұмыс істейді. Олар 92 қайық және шағын жүзу құралдарымен, 285 автокөлікпен қамтамасыз етілген.

- Одан бөлек, Жайық жағалауында балық аулау заңнамасының бұзушылығын тіркейтін 19 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Шекарашылар радиолокациялық станциялардың үш жиынтығын пайдаланады. Бұрын жолда тек жылжымалы бекеттер қойылса, биыл Атырау - Астрахань, Атырау - Орал секілді негізгі тас жолдарда стационарлық бекет қойылады. Бұл балықты заңсыз тасымалдаудың жолын кесуге мүмкіндік береді, - дейді А.Бахиянов.

Оның айтуынша, бүгінде балық инспекторларының талаптарына бағынбаған браконьерлер үшін жаза күшейтілген:

- Браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшыларға қатысты оқиғалардан кейін Қылмыстық кодексте заңсыз балық аулау және тасымалдау бойынша баптар өзгертілді. Енді мемлекеттік балық қорғау инспекторлары құқыққорғау органдарымен бірдей дәрежеде тұр. Оларға қарсылық көрсеткені үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал бұрын тек айыппұл немесе бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалатын еді.

Былтыр «Бекіре» акциясы кезінде табиғат қорғау заңнамасы бұзылған 1262 факті анықталды. 862 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 56 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға жалпы сомасы 15 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 35,7 тонна балық (оның 4 тонна 612 келісі бекіре), 908 балық аулау құралы, 23 автомобиль және 95 су көлігі тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз айдынын күн сайын сүзу нәтижесінде су қоймаларынан 3035 ау құралы шығарылды.

Айнұр САПАРОВА

2 сәуір 2022, 15:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.