Атырау, 7 қазан 07:25
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атыраудағы тутұғыр тудың салмағын көтермей ме?

Сурет
1 768 просмотра

29 наурызда Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс ХІ сессиясында Қоғамдық кеңес, облыс бюджеті, қоғамдық көлік жолақысы және тутұғырдың «тағдыры» қаралды.  Депутаттар облыстық Қоғамдық кеңестің және облыстық жер комиссиясының жаңа құрамы мен ережесін бекітіп, 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгеріс енгізу туралы бірауыздан шешім қабылдады.

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС

Алдымен депутаттар қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының төрағасы Кеңес ҚОСЫБАЕВТЫҢ баяндамасын тыңдады. Оның айтуынша, қазір кеңес құрамында бұрын 27 адам болса, қазір 31 адам болған. Оның төртеуін саяси партиялар, 14-ін үкіметтік емес ұйымдар, алтауын мемлекеттік органдар, жетеуі өздерін ұсынған екен. Қосыбаев кеңес құрамына бұрынғыдан облыстық «Мұнай-газ кешені ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсым ИЗБАСОВ пен облыстық мәслихат депутаты Нұржан ЕРМҰХАНОВТЫҢ қалдырылғанын атап өтті.

Айтып өтейік, қоғамдық кеңестің міндеттеріне азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және жергілікті деңгейде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру; қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және орталық атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жатады.

ОБЛЫС БЮДЖЕТІ

Ал облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВАНЫҢ мәліметінше, 2022 жылдың басында пайдаланылмаған облыс бюджеті қаражатының қалдығы 9 млрд 889 млн 773 мың теңгені құраған. Былтыр республикалық бюджеттен және Ұлттық қор есебінен берілген нысаналы трансферттердің пайдаланылмаған 3 млрд 358 млн теңгесі кері қайтарылады, ал қалғандарын жергілікті мақсатқа пайдалануға болады.

- Биыл келесі мақсаттарға қаражат бөлу ұсынылады: білім беру саласының биылғы шығынына 2 млрд 978 млн теңге, денсаулық сақтауға 2 млрд 600 млн теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметік қамсыздандыруға 626 млн теңге, мәдениет және тілдерді дамыту саласына 950 млн теңге, дене шынықтыру және спорт саласы бойынша 1 млрд 551 млн теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында тұрғын үй сертификатын беруге 337 млн теңге және Атырау қаласы бюджеттік кредит түріндегі тұрғын үй сертификатын беруге 41 млн теңге. Атырау облысы полиция департаментінің биылғы шығындарына қосымша 420 млн теңге бөлу ұсынылады, - деді А. Әжіғалиева.

ДАУҒА АЙНАЛҒАН ТУТҰҒЫР

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Злиха ТАЛАСБЕКОВА қала орталығындағы Республика алаңында биіктігі 91 метр тутұғырға тудың неге ілінбей тұрғаны жөніндегі Нұрлан МҮТАЛИЕВТЫҢ депутаттық сауалына жауап берді. Ол облыстық құрылыс басқармасы мен қалалық әкімдік ұсынған ақпаратқа сәйкес, желдің жылдамдығы 11 м/с жеткен кезде, тудың төмен түсірілуі тиіс екенін жеткізді. Алайда, Мүталиев бұл уәждің негізсіз екенін айтты:

- Мен «Қазгидрометтен» биылғы қаңтар және ақпандағы жел жылдамдығы бойынша мәліметтерді талдап көрдім. Онда қаңтар мен ақпанда желді күндер өте аз болды. Бірақ, қаңтар айында тутұғыр бос тұрды, ал ақпан айында ту бар болғаны 3-4 күн ілінді. Мұның басқа да себебі бар деп ойлаймын. Мен ТШО-да жасаған сәулетші Самат АДИЛОВТАН тутұғырдың эскиздік жобасымен таныстым. Махамбет Жолдасқалиұлы (облыс әкімі Махамбет Досмұхамедов), ол жобада, өзіңіз көрсеңіз, тудың көлемі 15х7 метр болуы керек (105 шаршы метр - авт.). Ал қазіргі тудың көлемі - 15х30 метр (450 шаршы метр). Бұл тудың салмағы төрт есе көп деген сөз. Тутұғыр ондай салмақты көтермейді. Бұл менің сөзім емес, сәулетші Адиловтың өзінің сөзі. Ол қазір Алматыда тұрады. Одан бөлек, бүгін тепе-теңдікті сақтау үшін тутұғырдың табанына бекітілетін шарнирлерден ақау шықты деген ақпарат түсті. Оны мен өзім тексере алмаймын, сол себепті бірлескен комиссия құрып, ақауы бар-жоғын анықтау керек. Егер, ақау табылса, бұл туралы мердігер компания мен ТШО-ға айтуымыз керек. Әйтпесе, құлап кету қаупі бар. 

Облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ оның ұсынысын қабылдап, «тиісті ведомстволарға мәселені анықтауға» тапсырма берді.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат АЙТҚАЛИЕВ аудан-ауылдарға қатынайтын тасымалдау жайында баяндады. Оның айтуынша, облыста барлығы 62 маршрут болса, 12 мекеме тұрақты тасымалдаумен айналысады.

- Қазір қаладан Құлсары, Индер, Мақат және Махамбет аудандарына тұрақты маршруттар қатынауда. Құлсарыға жол ақысы – 2000 теңге, Индерге – 1000, Мақат – 800, Махамбет – 500 теңге. Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тасымалдаушы мекеме - «Ақжайық автопарк» ЖШС сәуір айынан бастап Атырау – Еңбекшіл – Ортақшыл – Есбол - Ақжайық және Атырау – Сарайшық - Жалғансай бағытында тасымалдау көлемін зерделеу үшін екі ай мерзімде маршруттар қатынайды, - дейді Айтқалиев. – Бұдан басқа, Атырау - Ақтөбе республикалық жол құрылысының бітуіне орай, Атырау – Сағыз - Миялы бағытында маршрут ұйымдастыру жоспарланып отыр. Атырау – Еңбекшіл – Ортақшыл – Есбол - Ақжайық – 600, Атырау-Сарайшық – Жалғансай -  400 теңге, Атырау – Сағыз - 2000 теңге көлемінде жол жүру тарифі бекітілді.

Айнұр САПАРОВА

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жолдаған суреттер

1 сәуір 2022, 15:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.