Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпарат Азаттық радиосынан алынды.
11:15
Қазақбаев: Ресейге салынған санкциялардан Қырғызстан экономикасы да зардап шегеді
Германияда өткен энергетика форумына қатысқан Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Deutsche Welle (DW) басылымына берген сұхбатында Украинаға соғыс ашқан Ресейге Батыс елдері салған санкциялардың салдары Қырғызстан экономикасына да кері әсер ететінін айтты.
"Қазірдің өзінде азық-түлік қымбаттап жатыр. Алдағы уақытта энергия бағасы не боларын білмейміз. Біз энергияны негізінен Ресейден аламыз. Еліміздің экономикасы 5 -10% құлдырауы мүмкін" деді Қазақбаев.
Бұға қоса ол Ресей экономикасының бәсеңдеуі ол елдегі қырғыз еңбек мигранттарына қиын соғатынын айтты.
Коронавирус пандемиясынан зардап шеккен Қырғызстан экономикасына Ресей-Украина соғысы соққы болып тиді. 24 ақпанда Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері Қырғызстанда азық-түлік бағасы күрт қымбаттады.
24 наурызда қырғыз үкіметі дағдарысқа қарсы шара жоспарын құрып, бюджеттен 126 млрд сом бөлді.
Орталық Азия елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған да, қолдаған да жоқ. Бұрынғы совет республикалары Мәскеудің одақтасы саналады. Қырғызстанда Ресейдің әскери базасы бар. Ел экономикасы басым бөлігі Ресейде жұмыс істеп, нәпақа табатын еңбек мигранттары аударатын ақшаға едәуір дәрежеде тәуелді.
Орталық Азия елдері Украинадағы соғыстан өздерін бейтарап ұстауға тырысса да, Ресейге қарсы санкциялар оларға да кері әсер етіп жатыр. Ресей рублі құлдырағаннан кейін Қазақстан теңгесі мен қырғыз сомы едәуір құнсызданды, экономистер аймақ экономикасының дамуы бәсеңдейді дейді.
10:40
АҚШ стратегиялық қорындағы мұнайды пайдаланбақ
АҚШ президенті Джо Байден жанармай бағасын төмендету үшін елдің стратегиялық қорынан (SPR) 180 миллион баррельге дейін мұнайды нарыққа саудаға шығаруды тапсырды. 1974 жылы құрылған қордан алты айда бұған дейін болмаған ең ірі көлемде мұнай пайдаланылмақ.
Ақ үй таратқан мәлімдемеде стратегиялық қордан тарихи рекордтық көлемде бөлінген мұнай жыл аяғына дейін, яғни ішкі өндіріс қарқын алғанша бағаны қалыпты мөлшерде ұстап тұруға септесетіні айтылған.
АҚШ бұған қоса мұнай өндірісі мен өзге елдерге сатылатын мұнай көлемін ұлғайтуды да жоспарлап отыр. Байденнің мәлімдемесінен кейін әлемдік базарда мұнай бағасы 4-5 пайызға төмендеген.
Ақ үй жанармайдың қымбаттауын пандемия және Украинадағы кейінгі оқиғалармен байланыстырады. Наурыздың басында Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 139 долларға жеткен. Одан бері баға біраз түскенімен, Brent маркалы мұнай бағасы, осыдан бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 70 пайызға қымбат.
АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің бірі: елде күн сайын 11,7 миллион баррель мұнай өндіріледі. Алайда бұл әлем бойынша сұранысты өтеуге жетпейді.
Халықаралық энергия агенттігі (ХЭА) сәуірдің біріне шұғыл жиын шақырып отыр.
08:32
НАТО: Ресей армиясы Украинада жаңа шабуыл бастауы мүмкін
Ресей Украинада қайтадан шабуылға шығуы мүмкін, себебі Киев маңынан әскерін әкетуі шегініс емес, олар күшін қайта топтастырып жатыр. 31 наурызда Брюссельде НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг осылай деп мәлімдеді.
НАТО барлауының мәліметіне сүйенген Солтенберг Ресей әскері осыған дейінгі кей жерден кеткенімен, жаңа позицияларға орнығып жатқанын айтты.
Мәскеу күшін қайта ұйымдастырып, нығайтып, Донбаста шабуылға шығуға әзірлеінп жатыр деп санайды НАТО басшысы.
"[Украин халқына] тағы да көп қайғы-қасірет әкелетін жаңа шабуылдар жасалады деген ойдамыз" деді Столтенберг.
Украина қорғаныс министрлігі де бейсенбідегі мәлімдемесінде қазір Ресей күштері Донецк пен Луганск облысына толық бақылау орнатуға күш салып жатыр деп мәлімдеді.
La Repubblica газетінің хабарлауынша, 31 наурызда Италия премьер-министрі Марио Драги Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Путин оған "соғысты тоқтататын уақыт келген жоқ " деп айтқан.
Сейсенбіде Ресей Киев пен Чернигов маңында әскери белсенділігін азайтатынын мәлімдеген, бірақ ол жерлерден әскерін әкете бастаған Мәскеу Украинаның оңтүстігі мен Мариуполь қаласына әуе шабуылын үдеткен.