Атырау, 24 қараша 19:57
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украиндағы соғыс: 35-күн

1 184 просмотра

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

18:26

АҚШ: Ресей Украинадағы соғыста 10 мыңнан аса әскериінен айырылды

АҚШ есебінше, Украинадағы соғыста Ресей 10 мыңнан аса әскериінен айырылған. Бұл туралы Настоящее время эфирінде АҚШ бас хатшысының орынбасары Виктория Нуланд мәлімдеді.

Бұл статистика – Ресей қорғаныс министрлігінің есебінен бірнеше есе көп. 25 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі 1351 әскериі қаза болғанын айтқан.

Телеарна жүргізушісінің "Ресей мен Украина жақын арада келісімге келуі мүмкін бе?" деген сауалына Нуланд "Украина мен оның одақтастары осыған қол жеткізуге тырысып жатыр", бірақ "Ресей Украина әскерінің қаншалықты мықты екенін әлі түсінген жоқ" деді.

Соғыс басталғалы Ресейдің әскери шығыны жайлы түрлі деректер шықты. Украина қарулы күштері Ресей 17 мыңнан аса әскериін жоғалтты (жараланғандар мен қаза тапқандар) деп мәлімдеді. 24 наурызда Time басылымы НАТО-ға сілтеме жасап, Ресей соғыста 7 мыңнан 15 мыңға дейін адамынан айырылды деп жазды.


18:00

Украина келіссөз тобының жетекшісі Давид Арахамия Ресеймен бейбіт келіссөзге қол қою үшін Ресей әскері 24 ақпаннан бері Украинада басып алған барлық аумақтан шығуы тиіс деп мәлімдеді.

"Бейбіт келіссөзге қол қою үшін Ресей әскерилері барлық жерден кетуі керек. Сонда ғана келісімді жинақтап, реттеп, қол қоюға отырамыз" деп жазды ол.

Кеше, 29 наурызда бұл туралы Украинаның БҰҰ тұрақты өкілі Сергей Кислица да айтқан.

Кремль Украина тарабының бұл мәлімдемесіне қатысты ештеңе айтқан жоқ. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "біз келіссөзде талқыланған мәселелерді сыртқа шығармаймыз, келіссөз тыныш өтуі тиіс" деді.

16:39

Зеленскийдің кеңесшісі: Соғыс әлі бір аптаға я бір аптадан аса уақытқа созылады

Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович "соғыс әлі бір аптаға я бір аптадан аса уақытқа созылады" деп санайды. Бұл туралы ол Украина телевидениясындағы телемарафонда мәлімдеді.

Арестовичтің пайымдауынша, Ресей Украина әскерилерінің жолын бөгеу үшін Киев түбінде кейбір контингентін қалдырады.

Арестович Ресей Донецк пен Луганск облысына әскерилерін жылжытып, сол облыстардағы Украина әскерилерін қоршауға алмақ деп болжайды.

16:25

БҰҰ есебінше, соғыс басталғалы Украинадан 4 млн адам шетелге босып кеткен

"2,3 млн адам Польшаға, 608 мыңнан аса адам Румынияға, 387 мың адам Молдоваға, 365 мың адам Венгрияға кетті" дейді БҰҰ.


10:44

Батыс елдері Мәскеумен қатынаста қырағылықтан айрылмау керек дейді.

Мәскеу Украина астанасы Киев пен осы елдің солтүстігіндегі Чернигов қаласы маңында әскери іс-қимылды бәсеңдететінін мәлімдегенімен, Батыс елдері қырағы болғаны жөн. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия мен Италия лидерлері осылай деп мәлімдеген. Бұл туралы британ премьер-министрі Борис Джонсонның кеңсесі хабарлады.

"Украинаға жасалған сұмдық аяқталмайынша Батыс елдері босаңсымауы керек деп келісілді" деп жазылған ақпаратта.

29 наурызда АҚШ президенті Джо Байден Еуропаның төрт елінің жетекшілері – британ премьері Борис Джонсон, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц және Италия премьер-министрі Марио Драгимен телефонмен сөйлесіп, Украинадағы жағдайға байланысты пікір алмасқан. Бұл туралы "Америка дауысы" хабарлады.

Олар сейсенбі күні Стамбұлда өткен Украина-Ресей келіссөзі барысын талқылап, Батыс елдері Ресей агрессиясын тоқтату үшін тағы қандай шара қолдану керегін кеңескен.

29 наурызда Түркияда Украина өкілдерімен өткізген келіссөзден кейін Мәскеу Киев пен Чернигов маңында әскери белсенділігін азайтатынын мәлімдеген. Алайда Батыс елдері Мәскеудің құрғақ сөзіне иланбайтынын айтады.

"Британ премьері Путин режиміне бағаны сөзіне емес, нақты іс-әрекетіне қарап беру керегі атап айтты. Путин Украинаға қадаған қанжарды бұрап отырып, оны одақтастарымен бірге капитуляцияға мәжбүрлеп көндіргісі келеді" делінген Джонсон кеңсесі таратқан хабарда.

Джо Байден де Ресейдің нақты іс-әрекетінің нәтижесін көрмейінше, құр сөзіне сенбейтінін мәлімдеген. Байден мен Джонсон Батыс елдері Мәскеумен қарым-қатынаста тізе қосып, табандылық танытуы керек деп есептейді.

АҚШ президенті еуропалық әріптестерімен Еуропаға жасаған сапарынан оралған соң екі күннен кейін телефонмен сөйлескен.


19:27 29.3.2022

Стамбулда Ресей мен Украина арасында келіссөздің алғашқы отырысы аяқталып, Украина бейбіт келісім бойынша бірнеше ұсыныс жасады. Киевтің шартына қысқа шолып шықтық:

  • Киев делегациясы Стамбулдағы келісімге Украинаның қауіпсіздігіне кепіл беретін халықаралық келісім әкелген. Бұл келісімде Украина тарабы Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция, Канада, Италия, Польша және Израиль Украинаның қауіпсіздігіне гарант болатын елдер ретінде ұсынған. Кейбір елдер гарант болуға алдын-ала келісімін берді.
  • Егер Украинаға әскери шабуыл жасалса, Киев гарант елдермен үш күн кеңес өткізеді. Ал кеңесу кезінде тараптар қандай да бір дипломатиялық шешімге келмесе гарант елдер Украинаға әскери көмек көрсетуі тиіс. Бұдан бөлек, гарант елдер Украинаның Еуропа одағына мүше болуына көмектесуі керек.
  • Киев бейбіт келісімнің шарттары алдымен референдумға шығарылады, одан кейін гарант елдердің парламенттері және Украина парламенті ратификациялайды деп отыр.
  • Украина бейбіт келісімге қол қою процесі соғыс тоқтаған жағдайда, тыныштықта өтуі тиіс деп мәлімдеді. Яғни, Ресей шабуылды толық тоқтатуы керек.
  • Егер осы процестің бәрі сәтті аяқталса, Украина ешқандай әскери одаққа кірмейтін, ядролық қару ұстамайтын бейтарап статус алуға дайын. Ондай жағдайда Украинада шетелдің әскери базасы мен әскерилері болмайды, Украина аумағында әскери жаттығу гарант елдердің келісімімен өтеді.
  • Украина ұсынған құжатта Қырым мен Донбасс туралы бөлек пункт жазылған. Киев Қырым мен Севастополь статусын 15 жылдың ішінде Ресей-Украина арасындағы келіссөз арқылы шешуді ұсынады. Осы уақытта екі тарап Қырым мәселесін шешу үшін қару қолданбауы тиіс.
  • Украина Донбасс мәселесін екі елдің президенттері талқылауы керек дегенді ұсынып отыр.
  • Киев делегациясы гарант елдермен кеңесу басталғанын, екі аптадан соң гарант елдердің қатысуымен жан-жақты келіссөз жүруі мүмкін екенін айтады.
  • "Донбасс және Қырым мәселесі реттелген жоқ, сондықтан гарант елдер бұл территорияларда жұмыс істемейді. Бірақ біз әлем мойындаған Украина территориясын ғана мойындаймыз" деді Украина делегациясының жетекшісі Давид Арахамия келіссөзден соң.

30 наурыз 2022, 10:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.