Атырау, 7 қазан 07:19
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қала мәслихатының депутаттары орталықтағы ескі көпірді жөндеу жобасын таңдады

1 779 просмотра

Атырау қалалық мәслихатының кезекті ХХІ-ші сессиясында орталық көпірдің мәселесі қаралды.

Айта кетейік, Атырауда алты автокөлік көпірі бар. Олардың барлығы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында. Бұл - айналма автокөлік көпірі, Мечников - Баймұханов, Бейбарыс, Орталық, Тұрғындар қалашығы - Авангард және Балықшы - Жұмыскер автокөлік көпірлері. 2016 жылы «Трансинжиниринг.krg» ЖШС оларға техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек МҰХАМБЕТАЛИЕВТЫҢ айтуынша, алты көпірдің ішінде екеуі - орталық және Балықшы көпірлерінің техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп бағаланып, жөндеу жұмыстарын қажет ететіні анықталған. Орталық көпірді күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін «Алматы жоба» ЖШС-мен 47 млн 155 мың 360 теңге көлемінде келісімшарт жасалды. Құжаттама төрт жылдан кейін дайын болды. 

Мұхамбеталиевтың айтуынша, жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны - 920 млн 488 мың 988 теңге. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы 5 айды құрайды.

Айта кетейік, көпірдің жалпы ұзындығы 232 метрді құрайды. Оған 20 жылдың үстінде күрделі жөндеу өткізілмеген.

Еске сала кетсек, орталық көпір былтыр сәуірдің басында уақытша жабылып, жол шұңқырлары жамалған еді. Бірақ бүгінде оның ізі де қалған жоқ. Жаңа ойықтар пайда болды. 

Бұған дейін 2020 жылы 10 қаңтарға қараған түні көпірдің астыңғы тіреуі арқылы өтіп жатқан жылу желісінің сырғымалы тірегінің орнынан жылжып кетуіне байланысты ол жерде көлік қозғалысы тоқтатылып, 23 қаңтарда қайта ашылды.     

Бүгінде көпір астымен диаметрі 400-500 мм құрайтын жылу желілері өтіп жатыр. Осыған байланысты Мұхамбеталиев сессия отырысында тағы бір мәселені жеткізді. Оның айтуынша, 2020 жылы көпқабатты тұрғын үй салумен айналысатын көптеген кәсіпкерден орталық жылу жүйелеріне қосылуға байланысты өтініш келіп түскен. Оған негіз болған - «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның қаланың оң жақ жағалау бөлігінде жылу құбырларына қосылуға шектеу қоюы. Аталған мәселені шешу үшін қала әкімдігінде жиналыс өтіп, қаланың оң жақ жағалау бөлігінде жылу жүйесі тапшылығының себебі анықталды. Орталық көпірдің астынан өтіп жатқан негізгі жылу құбырларының көлемі кіші екен. Осыған байланысты бұрынғы жасалған ЖСҚ-ға өзгеріс енгізуге және орталық автокөлік көпірі астындағы жылу құбырларын кеңейтуге тапсырма берілді.

Кейін Мұхамбеталиев депутаттарға бұл мәселені шешудің екінші нұсқасын – оны бұзып, көпірді қайта салу.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны шамамен 16,8 млрд теңгені құрайды. Жоба бойынша бүгінгі жағдайдағы орталық көпірді бұзып, жолының енін 3 метрге кеңейтіп, қайтадан жаңадан салу жұмыстары қаралған. Сондай-ақ, «Мемсараптама» РМК талабына сәйкес, орталық автокөлік көпірінің астында орналасқан жылу желілерін ҚР құрылыс нормалары мен талаптарына орай бөлек шығарып, жобалау талап етілген болатын. Осыған орай, жобалау барысында аталған талап ескеріліп, жылу желілері автокөлік көпірінен бөлек техникалық көпір ретінде бөлек шығарылып, жобаланды, - деді Мұхамбеталиев.

Депутаттар бірінші ұсынысты қабылдады, яғни күрделі жөндеуді. Оған қалалық бюджеттен биыл 920 млн теңге қаралады. Күрделі жөндеу жұмыстары биыл, тендер ресімдері өткізілгеннен кейін басталады деп жоспарланып отыр. 

Айнұр САПАРОВА

30 наурыз 2022, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.