Атырау, 7 қазан 07:20
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

2022 жылға арналған Ораза кестесі шықты

6 158 просмотра

Биыл мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айының оразасы 2 сәуірде сенбі күні басталып, 1 мамырға дейін 30 күнге жалғасады. Сәуір айының 27 нен 28 не қараған түн қасиетті Қадір түні, 2 мамыр айт мерекесі болып есептеледі. Рамазан айындағы атқарылатын іс-шаралар туралы брифингте Атырау облысының бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ мәлімдеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБҚ биыл пітір садақа мөлшерін елімізде 2 келі ұнның орташа бағасы ретінде кісі басына 500 теңге деп бекіткен. Оны мешіттерде немесе «kaspi.kz», «halyk homebank», «Forte bank», «ЦентрКредит», «Сбербанк», «Astana-Plat» мобильдік қосымшалары арқылы және «Қазпочта» арқылы оразаның алғашқы күнінен айт намазына дейін беруге болады.

- Рамазан айы - адам баласы нәпсіні тізгіндеп, жаманшылықтан тыйылатын, сабырлыққа тәрбиелейтін ай. Биыл рамазан айында барлық мешіттерде құран хатым етіліп, мешіт жанынан тігілген киіз үйде күніне 500 адамға ауызашар беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар қыздар мен ұлдар арасында құранды жатқа оқу жарысын өткізу, кәсіпкерлермен бірігіп қайырымдылық шараларын өткізу жоспарлануда, - деп атап өтті бас имам.

- Рамазан айының оразасын арықтау үшін, аурудан жазылу үшін деген мақсатпен ұстайтындар бар. Ең бастысы Алланың разылығына бөленуді ниет етсе, денсаулық та, бәрі де жақсарады. Оразада – ішіп жеуден тыйылып емес, жақсы амалдарды көбірек жасап, көптен араласпаған көрші, ағайындармен қарым қатынасты жақсартып, ренжіскендермен кешірім сұрасу қажет. Ашушаңдық секілді жаман мінезің болса, бір ай бойы содан тыйылып, жақсы істерді әдетке айналдыру қажет.

- Мешітке барып аузашар беруге бола ма?

- Әрине, болады. Мешіттен ауызашар беру үшін биыл 1 адамға 2000 теңге болып белгіленді. Бұл тамағы мен аспазшының еңбекақысы қоса есептелген баға.

- Сағыз шайнау, боғауыз сөз айту оразаны бұза ма?

- Сағыз шайнағанда оның тәтті дәмі таңдайыңда сезіліп, сөлі тамағыңнан өту қаупі жоғары болады. Ал тамақ арқылы асқазанға өткен нәрсе оразаны бұзады. Ал боғауыз сөз айту оразаны бұзбайды. Алайда күнә болып есептеледі. Сондықтан оразада жаман сөздерден тыйылып, орнына жақсы сөздер айтуды әдетке айналдырған дұрыс. Сонымен қатар ораза ұстап жүргенін ұмытып, байқамай ішіп-жеген болса (есіне түскен сәтте оны жалғастырмай тоқтатса), оразаны бұзған болып есептелмейді. Ауыз-мұрынды шаю, тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

29 наурыз 2022, 17:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.