Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпарат Азаттық радиосынан алынды.
Негізгі деректер
- Украина президенті Владимир Зеленский Киев маңындағы Ирпень қаласы басқыншылардан азат етілгенін мәлімдеді.
- Ресе мен Украина 29 наурызда Стамбул қаласында келіссөз өткізбек. Британдық Financial Times басылымының жазуынша, егер Украина өзін бейтарап ел деп жариялайтын болса, онда Кремль Украинаға денацификация жайлы талап қоюдан бас тартуға және Украинаның Еуропа Одағы құрамына енуіне келісім беруге әзір.
- Украина қарулы күштері бас штабы Ресей армиясының Киев маңында жаңа позицияға орнығу әрекеті сәтсіз болып жатқанын, Украина әскері Мариуполь қаласынан кетпегенін, ал Херсонда халық наразылығын басып-жаншу үшін Росгвардия қосымша күш тартып жатқанын хабаралады. Британ барлауының дерегінше, әскер күші жетпеген соң Кремль "Вагнер тобы" жеке меншік әскери компаниясының қазыметіне жүгінген.
- Ресей басқыншылығынан Украинаға 564,9 миллиард доллардың шығыны келген. Бұл туралы Украина экономика министрі Юлия Свириденко мәлімдеді.
- Wall Street Journal басылымы мен Bellingcat зерттеу тобы Киевте белгісіз біреулер ресейлік олигарх Роман Абрамовичті уламақ болған деп хабарлады. Абрамович Владимир Зеленскиймен кездескен. Ол Зеленский, Путин және Ердоған арасында бейресми араағайын ретінде жүрген. Кейінірек Абрамович аллергия болып қалған деген басқа ақпарат тарады.
- Мариуполь мэрі Вадим Бойченко қаланы "толық эвакуациялауға" үндеді. Оның дерегінше, соғысқа дейін 400 мың адам тұрған Мариупольде қазір кемінде 160 мың адам бар.
- Ресейлік "Новая газета" басылымы Мәскеудің Украинадағы "арнаулы әскери операциясы" аяқталғанға дейін газет шығаруды тоқтата тұруды ұйғарғанын хабарлады.
- "Үлкен жетілік" (G7) елдері Ресейдің батыс мемлекеттеріне сатқан газына төлемді рубльмен төлеу жайлы талабын қабылдамай тастады.
13:12
Ресей шабуылынан Харьков қаласындағы тарихи ескерткіш бүлінді
Украина мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі Ресей қарулы күштері Харьков қаласын атқылап, салдарынан Харьков облысындағы сәулет ескерткіші – 1887 жылы салынған бұрынғы өрт сөндіру бөлімінің ғимараты бүлінгенін хабарлады. Ол қала мен құтқарушылар үшін тарихи маңызы бар құнды ескерткіш болатын.
13:03
Байден: АҚШ-тың Ресей басшылығын ауыстырайын деген жоспары жоқ
АҚШ президенті Джо Байден "Путин билікте қала алмайды" деген сөзіне түсініктеме берді. Байден ол сөзі АҚШ-тың ресми саяси позициясын білдірмейтінін, жеке өзінің пікірі екенін айтты.
"Еш сөзімді қайтып алмаймын. Путиннің қылығы мен іс-әрекетіне деген моральдық ашуымды білдірдім. Мен ол кезде де, қазір де саясаттағы өзгеріс туралы айтқан жоқпын. Ол сөзім үшін кешірім сұрамаймын" деді Байден.
26 наурызда Варшавада сөйлеген кезде Джо Байден Путин билікте қала алмайды деп мәлімдеген. Одан кейін Ақ үй президент Байден Ресейдегі режимді ауыстыруды емес, Путиннің көрші елдерді бақылауын меңзеді деп түсіндірді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ-тың ресми саясаты өзгермейтінін, Вашингтонның Ресейдегі я кез-келген басқа елдегі режимді өзгерту стратегиясы жоғын мәлімдеген.
12:18
Ұлыбритания қорғаныс министрлігі: "Вагнер тобы" Донбаста соғысып жүр
Ресейлік "Вагнер тобы" жеке меншік әскери компаниясының жалдамалы жауынгерлері Украинаның шығысында соғысып жүр деп жазды британ қорғаныс министрлігі Twitter-парақшасына.
Британдық МИ-6 барлау қызметінің дерегінше, Ресей армиясы едәуір күшінен айрылып, зор шығынға ұшыраған соң, Кремль "Вагнер тобының" мыңдаған жалдамалы жауынгерін Украинаға апарған, олардың арасында Сирия мен Африка елдерінен жеткізілгендер де бар.
12:17
Франция қарулы күштер министрлігі Украинада 28 наурызда болған соғыс іс-қимылдары жайлы twitter-парақшасында мынадай мәліметтер жазды:
- Ресей армиясы Мариуполь қаласы мен Донбаста күшін еселеп жатыр;
- Украина қарулы күштері қарсы шабуылды үдеткенімен, тактикалық ахуал айтарлықтай өзгерген жоқ;
- Украина әскері Киевтің батысы мен шығысында қарсы шабуылдар ұйымдастырды;
- Харьковты қоршау операциясы аяқталды, қазір шеткері аймағында шайқас жүріп жатыр;
- Украина күштері Днепр өзенінің батыс жағалауында қарсылық көрсетіп жатыр, осы бағытта Ресей әскерінің алға жылжуы саябырлап қалды;
- Мариупольде шайқас жалғасып жатыр, бірақ ондағы украин әскері қоршауда қалған;
- Николаев қаласының маңында ұрыс жүріп жатыр; Украина күштерінің қарсы шабуылы нәтижесінде Ресей әскері солтүстікке ығысуға мәжбүр болған.
10:58
Зеленский: Ресеймен келіссөзде Украина жерінің тұтастығын сақтап қалуға ерекше көңіл бөледі.
Түркияның Стамбул қаласында өтетін Ресей-Украина келіссөзінде Киев Украина жерінің тұтастығын сақтап қалу мәселесіне ерекше көңіл бөледі. 28 наурызда жасаған мәлімдемесінде Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.
27 наурызда Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөзді Стамбулда өткізуге келісіп, екі тарапты атысты тоқтатуға шақырған.
Ұлыбритания әскери барлау қызметінің 28 наурыздағы мәліметі бойынша, кейінгі 24 сағат ішінде Ресей әскерінің Украинадағы позициясында бәлендей ірі өзгеріс болмаған. Бірақ Ресей елдің оңтүстігіндегі Мариуполь маңындағы тағы біраз жерді бақылауына алған.
Украина әскери барлау қызметінің жетекшісі Кирилл Буданов Ресейді Украинаны екіге бөлуге тырысып жатыр деп айыптады. Луганск аймағындағы ресейшіл сепаратистер басшысы 27 наурызда өңірде Ресейге қосылу жайлы референдум өтуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Зеленскийдің айтуынша, Киев Украинаның бейтараптығын жариялап, Ресейге қауіпсіздік бойынша кепілдік беру мәселесін қарастырып жатыр.
20:37 28.3.2022
Мариуполь билігі: Қалада бес мыңдай адам қаза болды
1 наурыздан бері Ресей әскерінің қоршауында қалған Мариуполь қаласында шамамен 5 мыңдай адам қаза тапқан, опат болғандардың арасында 210 бала бар. Бұл туралы Мариуполь билігіне сілтеме жасап "Украинская правда" басылымы хабарлады.
"Блокадаға дейін 140 мың, блокада кезінде 150 мың адам қаладан шығарылды. Қазір Мариупольде әлі 170 мыңдай адам бар" деп жазылған қала билігінің мәліметінде.
20:17 28.3.2022
Ирпень қаласының мэрі қаланың ресейлік әскерилерінен босатылғанын мәлімдеді.
Украина әскері Киев облысындағы Ирпень қаласын ресейлік әскерилерден босатты. Бұл туралы қала мэрі Александр Маркушин хабарлады.
Оның сөзінше, Ирпеньде қауіп сейілген жоқ, сондықтан тұрғындардың оралуына әлі болмайды.
Соғыс басталғалы бұл қала үшін үлкен шайқас жүрген еді.
20:13 28.3.2022
Германия Ресейдің Украинадағы соғыста пайдаланып жатқан Z белгісін заңсыз деп таныды. Бұл туралы Германия ішкі істер министрлігі хабарлады. Енді Германияда бұл белгіні қолдану заңға қайшы.