Ресей тарапынан атысты тоқтату жөнінжегі келіссөздерге қатысқан миллиардер Роман Абрамовичтен 3 наурызда Киевте өткен кездесуден кейін улану белгілері анықталды. Бұл туралы Wall Street Journal басылымы өз дереккөзіне сілтеме жасап мәлімдеді. Кейін Bellingcat басылымы бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Америкалық барлаушы мұны улану емес, қоршаған орта әсері деп бағалаған.
Әзірге не белгілі
Wall Street Journal басылымының тілшісі Ярослав Трофимов пен Макс Колчестер Роман Абрамович және келіссөзге қатысқан өзге қатысушылардың көздері қызарып, жасаурағанын, беті мен қол терісінің қабыршақтанғанын жазған.
Украина тарапында мұндай белгілер депутат Рустем Умеровтан байқалған. Қазір жағдайлары жақсы, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Абрамовичке жақын дереккөздердің бірі ВВС-ге миллиардердің бірнеше апта бұрын Киевте өткен келіссөз кезінде улану белгілерін сезгенін растаған. Украина президенті өкілінің сөзінше, Владимир Зеленский мұндай жайттардан хабардан екен.
Wall Street Journal басылымында арнайы операция басталған соң Абрамовичтің Киев пен Львовқа барып, Зеленскиймен кездескені туралы жазылған.
Басылымның мәліметінше, келіссөзді тоқтату үшін Мәскеудегі күштер арнайы улауы мүмкін екен. Алайда бұл расталмаған, жәй ғана нұсқа болып қала береді.
Батыс сарапшылары газетке миллиардердің және өзге де қатысушылардың химиялық немесе биологиялық дәріден улануы мүмкін екенін айтқан. Мұндай нәтижелерге қол жеткізген тексерісті Bellingcat басылымының қызметкері Христо Грозев басқарған.
Белгілері мен нұсқалар
Абрамовичке жақын дереккөздердің бірі ВВС-ге өзге де жағдайлар туралы айтып берген. Сөзінше, улану белгілері Абрамович Киевке барып келген соң пайда болған.
Бұдан кейін миллиардер мен Рустем Умеров Ыстамбұл арқылы Польшаға аттанған.
"Оянған соң бастары қатты ауырып, көру қабілетінде мәселе туындады. Абрамович біраз уақыт көре алмады. Умеровта мұндай белгілер болмады. Зардап шеккен екеуіне жергілікті емханада көмек көрсетілді", - деді дереккөз басылымға берген сұхбатында.
Бірнеше күннен соң Абрамовичте улану белгілері кеткен. Бұдан кейін ол тағы бір рет Киевке барған екен.
Тағы бір нұсқа бойынша, улы зат ауаға шашылуы мүмкін. Зардап шеккендер мұны кімнің жасауы мүмкін екенін анықтай алмаған.
"Украина тарапы, Ресей тарапы деп те ойладық", - деді ол.
Жәй ғана ескерту
Неміс криминалистері Абрамовичті сараптамадан өткізіп болғанша, Украина тарапынан келген делегацияда у іздерін анықтау мүмкін болмаған.
"Бұл қастандық өлтіру үшін емес, ескерту үшін жасалды", - дейді Христо Грозев.
Удың дозасы адам өлтіруге жеткіліксіз екен, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтірмейді, тек қорқыту мақсатында жасалған.
"Химиялық дәрілер бойынша сарапшы мен дәрігерлер улану белгілерінің порфирин, органофосфат немесе биоциклдық заттарға ұқсайтынын айтты. Алайда зардап шеккендердің жанында зертханалық құрылғылардың болмауы нақты шешім шығаруға кедергі жасайды", - деп жазды Bellingcat басылымы.
2020 жылы Берлин ауруханасы ұсынған деректерге сәйкес, Алексей Навальный да органофосфаттарға жататын умен уланған. Ал Ресей билігі Навальныйдың ел аумағында уланғанын жоққа шығарды.
Қазір Абрамович пен зардап шеккендердің жағдайы жақсы. Бұл жағдай екі апта бұрын болған, ал улану белгілері 3-4 наурызда пайда болған.
Барлау қызметі: Бұл – улау емес
АҚШ-тың ресми өкілі дүйсенбі күні барлау қызметінің деректеріне сүйене отырып Абрамовичтегі жүрек айну секілді белгілердің экологиялық фактор салдарынан пайда болғанын мәлімдеді.
Америкалық Reuters басылымы америкалық шенеунікке сілтеме жасай отырып, оқиғаның қастандық емес екенін алға тартты.
"Барлау қызметі мұның улану емес, қоршаған орта әсері екенін айтты", - делінген америкалық шенеуніктің мәлімдемесінде.