Атырау, 7 қазан 09:24
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қала іргесіндегі ауылға қолайлы жағдай керек: Жаңаталапта митинг өтті

Бейнежазба
1 648 просмотра

28 наурыз күні Атырау қаласы аумағындағы Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылының 40 шақты тұрғыны жергілікті билікке наразылық танытып, көшеге шықты. Олар бұған дейін бірқатар мәселені жергілікті әкімдікке бірнеше рет жеткізген, бірақ нәтиже болмаған. 

Жаңаталап ауылында бүгінде 3500-ден астам тұрғын тұрады. Ауылда бұрыннан ел бар, тек 2011 жылдан бастап оның бос жатқан аумағынан қалалық әкімдік жер кезегінде тұрған халыққа тұрғын үй салу мақсатында жер бере бастады. Осылайша әуелі жер беріліп, инженерлік инфрақұрылым тартылған соң, халық бірте-бірте көбейді. Ал бүгінде жарық пен су, интернет пен тазалық мәселелері шешілмей, Атырау қаласына қатынайтын көлікпен де қиындық туындап отыр.   

Зүльпат ШАРАПИДЕНОВАНЫҢ бұл ауылға көшіп келгеніне үш жыл болған. Оның айтуынша, ауылда маршруттың жоқтығынан тұрғындар Дамбы ауылдық округіндегі басты тас жолдағы аялдамаға дейін 1,5 шақырым жол жаяу жүрулеріне тура келеді. Ал, балалар мектепке жету үшін үш шақырымдай жаяу жүреді.

- Жылда қақсап келеміз, бізге ауылға қоғамдық көлік керек деп. Қарлы, жаңбырлы, балшықты күндері тіптен қиын. Өзіміз зейнеткерміз, аяғымыз ауырады. Халық саны көбейіп жатыр, ал қолайлы жағдай жасалмай отыр. Жергілікті әкімдікке мәселемізді айтқанымызбен, еш нәтиже жоқ, - дейді ол.

Ал келесі тұрғын Асылхан НАСИРОВ Жаңаталап ауылында электр қуатын үздіксіз беруге арналған трансформатордың жаңа болғанына қарамастан күшті жел тұрса, жарықтың жиі өшетінін айтады.

- Жаңаталапта жарық жиі өшеді. Жарық өшкен соң, жылусыз қаламыз, үй салқындап кетеді. Одан кейін біздің ауылда интернет байланысы өте шамалы. Жоқ десе де болады, интернет ұстамайды. Жаз шықса, су жоқ. Су арыны азайып, жылда проблемаға айналады, - дейді Насиов.

Халық көшеге шығып, мәселесін ортаға салып жатқанда, араларына Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан ХАЛМУРЗИН келді:

- Жел кезінде тек біздің ауылда емес, барлық ауылда жарық өшеді. Ауылда трансформатор мен электр желілері жаңа, сондықтан жарықтың неден өшетінін анықтау керек әуелі. Ол үшін «Атырау-Жарықпен» тіке жұмыс жасаймыз. Оның қасында Атырау, Қызылбалық ауылдарында желі ескі. Онда да жел көтерілгенде жарық өшіп тұр.

Жаңа маршрут бойынша, биыл қыркүйекте жаңа оқу жылына қарай жаңа мектептің ашылатынын айтқан ол сол жерге қаламен қамтитын жаңа маршрут бөлінетінін хабарлады:

- Жақын арада Жаңаталапқа №50, 57 маршурттардың кіруін бекітеміз. Бұл маршруттар онсыз да Дамбы ауылдық округінің басты тас жолымен қатынап жүр. Тек, ауылдың ішкі көшелерімен жүрмейтінін бірден ескертейін, ортақ көшеге кіріп шығады.

Тұрғындар жан-жақтан: «Нақты уақытын айтыңыз, қашан шешіледі?» деп сұрады. Әкім автобус мәселесі келесі аптада шешілетініне сөз берді. Ал интернет байланысы бойынша, биыл жылдың қазан айынан бастап ауылда байланыс желісін орнату мақсатында мұнара қондырылатынын айтты. 

Одан бөлек, ауылда қоқыс контейнерлері қоршалмағандықтан, қоқыс желге ұшатынын айтқан тұрғындарға әкім қоршау жұмыстарының жүріп жатқанын жеткізді. Алайда, топ ішінен біреу: «Жұмыс жасалып жатқан жоқ!» деп айтып қалды.

Айнұр САПАРОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

29 наурыз 2022, 10:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.