Атырау, 24 қараша 19:56
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 33-күн

1 271 просмотра

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

Негізгі деректер

  • Ресей мен Украина Түркияның Стамбул қаласында келіссөз өткізі мүмкін. Екі тарапқа Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған осындай ұсыныс жасаған, Мәскеу мен Киев келіскен.
  • Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік бірнеше журналиске көлемді сұхбат берді. Президентке Михаил Зыгарь, "Дождь" телеарнасы, "Медуза", "Коммерсантъ" пен "Новая газета" басылымдары сұрақ қойды. Зеленский Ресей Украина аумағынан әскерін шығарып, қауіпсіздігіне кепілдік берсе, Украинаның бейтарап ел статусына келісуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
  • Украина армиясы Киев, Харьков пен Николаев қалалары маңында қарсы шабуылға шыққанын хабарлады. Ресей қорғаныс министрлігі болса "Донбасты азат етуге" күш салатынын айтады.
  • Мариуполь мэрі Вадим Бойченко Ресей әскері қаланы қоршап, құрсауды қысып келе жатқанын жеткізді. Ресей күштері Азов теңізі жағалауы бойында украиналық мобиль байланысын ажыратын тастаған.
  • Харьков мэрі Игорь Терехов қалада 1300-ден астам тұрғын жайдың қиратылғанын хабарлады. "Харьковті қайтадан салуға тура келеді" дейді ол. Ресеймен шекараға таяу жердегі, көлемі жағынан Украинаның екінші қаласын Ресей армиясы ала алмай жатыр.
  • Ресей құрамындағы Шешенстанның ішкі істер министрлігі офицері Руслан Геремеевтің Украинаның Мариуполь қаласына шабуылға қатысқаны белгілі болды. 2015 жылы ақпанда Мәскеуде қастандықпен өлтірілген Борис Немцовтың жақтастары ресейлік оппозиционердің қазасына қатысы болуы мүмкін деп Геремеевтен күдіктенеді.
  • Украинаның шығысындағы өзін өзі жариялап алған "Луганск халық республикасы" сепаратистік құрылымы басшылығы Ресейге қосылу жайлы референдум өткізу ниеті барын мәлімдеп, бірақ кейін ол ойынан айнып қалған деген ақпарат тарады.
  • Әлем елдерінде Украинаны қолдау және соғысқа жаппай қарсылық акциялары жалғасып жатыр. 27 наурызда Ресей астанасы Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда және Ресей президенті әкімшілігі ғимараты алдында, Санкт-Петербург қаласында соғысқа қарсы жалғыз адам пикетіне шыққан азаматтарды билік өкілдері ұстап әкетті.
  • Ресейлік миллиардер Олег Дерипаска Украинадағы соғысты "(бізді кейінгі ұрпақ алдында ұзақ уақыт бойы масқара қылатын) нақұрыстық" деп атады. Дерипаска соғыс көпке дейін созылады деп санайды.

10:47

Зеленский соғыс басталғалы Ресей баспасөзіне алғаш рет сұхбат берді.

Украина президенті Владимир Зеленский соғыс басталғалы алғаш рет Ресей журналистеріне сұхбат берді. Зеленскиймен онлайн режимде өткен сұхбатқа "Медуза" басылымы мен "Дождь" телеарнасының бас редакторлары, "Новая газета" журналисі Михаил Зыгарь, "Коммерсантъ" газетінің арнаулы тілшісі Владимир Соловьёв қатысты.

Зеленскиймен сұхбатты "Медуза" сайты жариялады. Бірақ сайт қазір ашылмай тұр.

Роскомнадзор Ресей бұқаралық ақпарат құралдарына Зеленскийдің сұхбатын жариялауға тыйым салды. Ресей бас прокуратурасы сұхбатты жариялаған Ресей журналистерінің әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Журналистер Ресей әскері мен Ресей әрекетін қолдаушылар пайдаланып жүрген, Зеленскийдің аты-жөні басталатын V және Z таңбалары Зеленскийді көзін жоюдың белгісі ме деген сұрақ қойды. Украина басшысы "Зеленскийді саясаттан жоюмен Украинаның ресейшіл саясаткері Виктор Медведчук тобы айналысқанын" айтты.

Зеленскйи сөзіне қарағанда Медведчуктің айналасындағылар Ресей билігінің Украина саясатына ықпалы азайып бара жатқанын түсініп, аймақтардағы сайлаулар кезінде жергілікті билікті әлсіретуге бағытталған пропагандамен шұғылданған.

Сұхбатта Зеленский Мариуполь қоршауы, гуманитарлық апат, эвакуация және тұтқындар мәселесін сөз еткен. Украина президентінің сөзінше, "Ресей тарапынан соғысқа қатысып жүрген өрімдей жастар көп, Ресей өлген сарбаздары туралы ақпаратты жасырып отыр".

Зеленский соғыс басталғалы Ресей мен ресейліктерге деген көзқарасы күрт нашарлағанын білдіріп, Украинаны қолдағандарға алғыс айтты.

Зеленский сөзінше, "Украина мен Ресей келіссөзінде орыс тілінің статусы күн тәрбінде әлі тұр, көршілес Ресей, Румыния, Польша, Венгрия тілдеріне құрмет арнаулы келісімде белгіленеді".

10:35

Украина мен Ресей Түркияның Стамбулда келіссөз өткізу жайлы ұсынысына келісті.

Украина мен Ресей өкілдері 28-30 наурыз аралығында Түркияда жүзбе-жүз кездеседі. Бұл ақпаратты Киев өкілі Давид Арахамия таратты, Мәскеу өкілі Владимир Мединский де растады.

Екі тарап Түркияда кездесуге 27 наурызда уағдаласқан.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөзді Стамбулда өткізуге мақұлдасқаны кейіннен белгілі болды. Мұны түрік президентінің кеңсесі хабарлады.

"Әңгіме кезінде президент Ердоған жанжалды тоқтатып, Ресей мен Украина арасында тезірек бітім жасау керегін айтты" дейді Анкара мәлімдемесінде.

Украина мен Ресей өкілдері алғаш рет Беларусь жерінде жүзбе-жүз кездескен. Онан кейінгі кездесулерде де екі жақ мәмілеге келе алмаған.

24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен Ресей әскері Украинаға басып кірген.

10:27

Пасечник: "ЛХР" Ресейге қосылу туралы референдум өткізеді

Украинаның шығысындағы өзін-өзі "тәуелсіз республика" деп жариялаған "Луганск халық республикасы" сепаратистік құрылымы басшысы Леонид Пасечник Ресей қолдайтын сепаратистер бақылауындағы аумақта Ресейге қосылу туралы референдум өтетінін мәлімдеді.

"Халық конституциялық құқығын пайдаланып, Ресейге қосылу жөніндегі ой-пікірін айтатынына сенемін" деді ол.

21 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин 2014 жылы Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер құрған "Луганск және Донецк халық республикаларының" тәуелсіздігін мойындаған. 24 ақпанда Ресей қарулы күштері "халық республикаларын қорғау" деген желеумен Украинаға басып кірген.

Укранинаның Луганск облысының көп бөлігі қазір сепаратистер бақылауында тұр, Рубежное - Северодонецк - Лисичанск агломерациясы үшін шайқас болып жатыр. Сепаратистер Донецк облысының жартысынан сәл асатын бөлігін бақылап отыр, референдум туралы әзірге сөз қозғалмағанына ол да бір себеп болуы мүмкін.

2014 жылы Украинаның Ресей аннексиялап алған Қырым автономиялы республикасы мен Севастополь қаласында Ресейге қосылу жөнінде референдум өткен. Сөйтіп бұл аймақты Ресей қосып алған еді. Әлемнің көптеген елі Ресейдің Қырымды аннексиялағанын айыптап, ондағы референдум да "Ресей әскерінің ықпалымен өтті" деп, оны мойындамайтынын мәлімдеген.

28 наурыз 2022, 11:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.