Наурыз мерекесіне орай Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Ақжайық аруы - 2022» қалалық арулар байқауы өтті. Шараға қала мен аудандардан 10 бойжеткен қатысып, бақ сынады.
Байқаудың шартымен үміткерлер алдымен салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап беріп, өнер көрсету, үйінен дайындап әкелген ұлттық тағамын таныстыру, ұлттық киім үлгілерін көрсету сынды сынақтардан өтті.
Аспаздық өнерлерін көрсету сайысында қыздардың жартысынан көбі қазылар алқасына қазақтың ұлттық тағамы бешбармақ ұсынды. Кейбір қыздар «қарын бүрме» (көшпелі халықтың тағамдарының бірі – ет пен дәмдеуіштер салынған қойдың қарны), «қымыз қабырға» секілді қазақтың ұмыт болып бара жатқан тағамдарын әкелген.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен бірінші орын мен сыйлыққа тігілген тігін машинасын Мақат ауданынан келген Нұрай АЛПЫСБАЕВА жеңіп алса, екінші орын Қ.Дүтбаева атындағы Атырау колледжінің студенті Наргиз ҚАРШИГИЕВАҒА, үшінші орын атыраулық Іңкәр ОРЫНБАЕВА мен Аружан ҚУАТОВАҒА бұйырды.
– Жарысқа бір ай бойы дайындалдым. Анам қатты қолдау көрсетті, - дейді жеңімпаз атанған Нұрай Алпысбаева. - Бұл бірінші қатысып отырған байқау емес - былтыр «Мақат 2021 аруы» атандым. Қазір Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде ағылшын тілі мамандығы бойынша бірінші курс студентімін. Алдағы уақытта республикалық «Қазақ аруы» сұлулар байқауына қатысқым келеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ