Атырау, 7 қазан 09:21
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Соркөл ауылы да интернетке қосылды

2 115 просмотра

Соркөл ауылы - кеңжолақты интернетке қосылған Қызылқоға ауданындағы он үшінші ауыл. 

Айта кету керек, небәрі 23 үй және 80 тұрғыны бар Соркөл шағын ауылы Атыраудан 300 шақырымнан астам қашықтықта аудан орталығы Миялы мен Сағыз кенті арасында орналасқан. Елді мекеннің шалғайда орналасуына байланысты ауыл тұрғындары тек сымды телефонияны пайдаланып келді, ұялы байланыс мүлдем жұмыс істемеді немесе болғанның өзінде тұрақты емес еді.  Жақында «Қазақтелекомның» жергілікті мамандары жаңа жабдық орнатып, Соркөл тұрғындарын талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосуды бастады.

- Компания құрылған инфрақұрылым негізінде ауыл тұрғындары үшін интернетке қосылуды ұйымдастырды. 23 үйдің 11-ін интернетке қостық, ауылды түгел телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз етуге дайынбыз, - дейді Атырау жергілікті желілер техникалық торабы (ЖЖТТ) директоры Нұржан ЖҰМАБАЕВ.

Ауыл тұрғындарына сапалы интернеттің келуімен базалық қызметтер мен сервистер де қолжетімді болады: мемлекеттік органдар, банк, зейнетақы қорымен қашықтан өзара іс-қимыл  жасау,  телемедицина, онлайн-кітапханалар, маркетплейстер, сонымен бірге әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану, бейнематериалдар  көру, оқу платформалары және т.б.

Айта кетейік, Соркөл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады, сонымен бірге ауылда зейнеткерлер көп, жастар мұнай кен орындарында жұмыс істейді және вахтаға өте жиі шығады. Соркөлде өзінің мектебі жоқ,  сондықтан балалар көрші Сағыз ауылына қатынап оқиды.  

"Қазақтелеком" АҚ коммуникациялар департаментінің мәліметі бойынша, 2018-2020 жылдары жүзеге асырылған ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желіжолын салу бағытындағы үлкен жоба аясында Атырау облысында 110 ауылға «оптика» жүргізілді. Жалпы республика бойынша жоба 828 елді мекенді қамтып, 2,5 мыңнан астам мемлекеттік және бюджеттік ұйым кеңжолақты интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 наурыз 2022, 10:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.