Атырауда азаматтық некедегі күйеуі әйелге көптеген пышақ жарақатын салған. Ол бұрын да аралары үзілгеннен кейін әйелді қорлап, ұрып-соққан, бірақ бұл жолы оны өлтіргісі келіпті.
Әйелдің айтуынша, 2019 жылы екеуі бірге тұруын тоқтатқанына қарамастан, ол әйелге бірнеше рет келіп, мүлкін бүлдіріп, ұрып-соққан, қорлаған, бірақ осы «ерлігі» үшін сот оны бірде-бір рет әкімшілік қамауға алмаған, тек ескерту жасаған. Бірде ол үйіне терезе арқылы кіріп, балаларының көзінше әйелді зорлаған. Осыдан кейін іс қозғалғанымен, бұрынғы күйеуінің қысымы мен қоқан-лоққыларына шыдамаған әйел оған шағымы жоқтығын жазып, іс жабылған. Ал ол тағы да әйелдің ізіне түседі. Өзі келіп, басқа бір адамды жіберіп, ол адам пышақ көрсетіп, қарызын қайтару керектігін ескертеді. Әйел оны видеоға түсіріп, учаскелік қызметкерге жіберген, бірақ ол еш әрекет жасамаған.
Тағы бірде ер адам бұрынғы азаматтық некедегі әйелінің үйіне пышақпен келіп, оны кескілеп тастайды. Әйел өмірлік маңызды органдарын аяқ-қолымен қорғаштаған. Көмек дер кезінде жетіп, әйел аман қалады.
Қансыраған және кесілген жарақаттары көп әйел Атырау облыстық ауруханасына түсті. Басының шаш бөлігі жарақаттанған, екі қолы мен аяғында жарақат көп. Ең терең жара - сол қолында, үшінші және төртінші саусақтары сынған, сіңірлері зақымдалған. Ауруханада сәл өзіне келген әйел «Не молчи» қоғамдық қорына жүгініп, әлеуметтік желідегі парақшасында болған оқиға туралы да айтып берді.
Атырау облыстық полиция департаментінің түсініктемесі қысқаша болды: аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігімен («Адам өлтіруге оқталу») және 99-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Еске салсақ, 2021 жылы полицияға отбасылық-тұрмыстық жанжалдар бойынша 4 мыңнан астам арыз-шағым түскен. Көбінесе сыйламай, әдепсіз сөздер айтып, ашу-ызамен адамдар қолына түскеннің бәрін - есіктерді, жиһаздарды, ыдыс-аяқтарды сындырады немесе осы жағдайдағыдай жақындарын азаптайды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттер «Не молчи» ҚҚ парақшасынан алынды