Атырау, 24 қараша 21:44
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 20-күн

1 546 просмотра

Украинадағы соғыс жайлы ақпараттар Азаттық радиосынан алынды.

17:00

Пентагон "Ресей күштері тығырыққа тірелді" дейді.

Пентагонның мәліметінше, 24 ақпаннан бері Ресей Украинада әртүрлі 900 ракета атқылаған. АҚШ кейінгі күндері Ресейдің ракета шабуылдары белгілі бір нысанаға емес, жөн-жосықсыз жасалып жатыр деп мәлімдеді.

АҚШ қорғаныс министрлігі кейінгі бірнеше күнде Ресей күштері айтарлықтай прогресске жете алмады, "тығырыққа тірелді" деп отыр. Пентагон Украина әскерилері Ресейдің бронетехникаларына, ұшақтарына, логистикасына "тиімді шабуыл жасай алды" дейді.

16:49

14 наурызда Киевтегі тоғыз қабатты тұрғын үйге шабуыл жасалып, үй отқа оранды. Украина төтенше жағдай комитеті, үйге шабуылдан бір адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды. Киев үйді Ресей әскерилері атқылады дейді. Кремль Украинада тек әскери инфраструктураны жойып жатырмыз десе де, үш аптадан бері Украинада көптеген тұрғын үй қирады. Мына суреттерден Киевтегі тұрғын үйдін қалай қирағанын көруге болады.

15:48

Бір-екі сөйлеммен:

  • Украина президенті кеңсесі жетекшісінің кеңесшісі Алексей Арестовичтің сөзінше, Киев пен Мәскеу "бір-екі аптаның ішінде, ұзағанда мамырда келісімге келуі мүмкін".
  • Киевте бірнеше көп қабатты үй ракета шабуылынан бүлінді.
  • Қоршаудағы Мариуполь қаласында, жергілікті биліктің есебінше, 2357 адам қаза болды.
  • АҚШ, Еуропа одағы, Жапония Ресейге санкцияны күшейтті. Ұлыбритания да жаңа санкциялар пакетін жарияламақ.
  • Украина президенті Владимир Зеленский салық реформасын жариялады. Халық енді тапқан табысынан тек 2 пайыз ғана салық аударады, шағын бизнес салықты ерікті түрде төлейді.
  • Бүгін Киевке Польша, Чехия және Словения премьер-министрлері келіп, президент Зеленскиймен кездеседі.

15:25

Украина әскери күштерінің бас штабы: Соғыс басталғалы Ресей 13,5 мың әскериі (қаза болғандар мен жараланғандар) қатардан шығып қалды, 400 танкісінен, 81 ұшағынан, 95 тікұшағынан айырылды.

Ресей наурыздың басында 498 әскериінен айырылғанын айтқан еді. Одан кейін әскери шығыны жайлы хабар таратпады.

Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.

15:22

Ресей Херсон облысын бақылауға алдық дейді

Ресей қорғаныс министрлігі Украинадағы Херсон облысының бүкіл аумағын толық бақылау орнаттық деп мәлімдеді. Украина тарабы мұны растамады. Ресейдің «бүкіл аумақ» деп қай территорияны айтқаны белгісіз. Бұған дейін бұл облысты Ресей әскерилері қоршауға алған.

13:28

Украинаның батысында орналасқан Ровно қаласындағы телемұнараны атқылаудан қаза тапқандар саны 19 адамға жетті. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады дейді Reuters агенттігі.

10:50

АҚШ Мемлекеттік департаменті: Қытай Ресейге әскери көмек беруге дайын отыр

АҚШ Мемлекеттік департаменті одақтастарына "Украинада "әскери операция" жүргізіп жатқан Ресейге Қытайдың көмектесуге дайын отырғаны" жөнінде құжат жіберген. Бұл туралы АҚШ дипломаттарына сілтеп, The Financial Times хабарлады.

Ресейдің Қытайдан көмек сұрағаны жайлы The Financial Times 13 наурызда жазған. Алайда онда "Қытай келешекте Ресейге әскери көмек бере ме, әлде қазір де көмектесіп жатыр ма?" деген мәселе нақтыланбаған.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан 14 наурызда Қытай Сыртқы істер министрі Ян Цзечимен Римде кездесіп, осы мәселені талқылауды жоспарлап отыр. Салливан Ресейге "қол ұшын беруге", соның ішінде Батыстың санкциясына қарсы көмектесуге талпынбай-ақ қою жөнінде ескертетінін атап өтті.

"Қытайдың санкцияға қосылмай, Ресей әрекетін үнсіз мақұлдағанын көріп отырмыз. Қытай біздің Украинаға жәрдемімізді айыптап, бейбіт жолмен шешілгені жөн деп мәлімдеді, бірақ іс жүзінде өзі ол үшін саусақ қимылдатқан жоқ", – деген Салливан Ресейді қолдайтын болса Қытайға да санкция салынуы мүмкін екенін ескертті.

АҚШ-тағы Қытай елшілігі Ресейдің көмек сұрағаны туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Financial Times жариялаған хабардың шындыққа сай келмейтінін, "операцияны жүргізуге Ресейдің өз күші жететінін" айтты.

Бұған дейін Қытай компартиясының төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Пекинде бірлескен мәлімдемеге қол қойып, екі ел арасындағы әріптестіктің шегі болмайтынын атап өткен.

Қытай баспасөзі Ресейдің Украинаға басқыншылығын мейлінше ақтап жазып, "АҚШ Украинаның биологиялық қару жасайтын лаборатория салуына көмектесті" деген Ресейдің негізсіз айыптарын да жиі таратып жатыр.

01:37

14 наурыз кешкісін "Первый каналдың" қызметкері, редактор Марина Овсянникова "Время" жаңалықтар бағдарламасының тікелей эфирі болып жатқанда атып шығып, "Соғысты тоқтатыңыздар. Пропагандаға сенбеңіздер. Бұл жерде сіздерді алдап жатыр" деген плакат ұстап тұрды. Ол диктор сөйлеп жатқанда "Соғысты тоқтатыңыздар! Соғысқа жол жоқ!" деп қарсылық білдірді. "Первый канал" осы жайтқа байланысты тексеріс бастаған, ал Овсянникова ұсталып, үстінен әкімшілік іс қозғалған.

00:36

14 наурыз. Украинадағы соғыста не болғанын қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:

  • Украина билігінің мәліметінше, Ресей Польша шекарасы маңындағы әскери жаттығу базасын 30 ракетамен атқылаған. Шабуылдан 35 адам қаза болып, 130 адам жараланды дейді. Бұл базада украиналық әскерилер жаттығу жүргізген. Мұнда НАТО инструкторлары да болған. Польша - НАТО мүшесі.
  • Украинадағы Ровно қаласындағы телемұнараға шабуылдан тоғыз адам қаза болып, он адам жараланды деп хабарлады Ровен облысы әскери әкімшілігінің басшысы Виталий Коваль. Бүгін Украина тарабы Ровнодағы телемұнараға ресейлік әскерилер шабуыл жасалғаны айтылған.
  • Ресей мен Украина арасында келіссөздің төртінші раунды видеоформатта өтті. Украина тарабының мәліметінше, екі тарап техникалық үзіліс алған. Келіссөз ертең, 15 наурызда видеоформатта жалғаспақ.
  • БҰҰ есебінше, 24 ақпаннан бері Украинада 630 бейбіт тұрғын қаза болып, 1125 адам жараланған. БҰҰ Украинадағы соғыста опат болған бейбіт тұрғындар бұдан да көп дейді. Бұған дейін Мариуполь әкімдігі соғыстан екі мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты деген.
  • Шабуылдан қатты зардап шеккен Мариуполь қаласында "жасыл дәліз" ашылып, бейбіт тұрғындар эвакуацияланды.
  • БҰҰ босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди Ресей Украинаға басып кіргелі Украинадан 2 698 280 адам босып кеткенін мәлімдеді.
  • Украина бас прокуратурасының хабарлауынша, Ресей Украинаға басып кіргелі елде 90 бала қаза тауып, 100-ден астам бала жарақаттанған.

Соғыс уақытында деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес екенін тағы да ескертеміз.

00:22

Ресейлік музыкалық топтардың мүшелері мен концерт промоутерлерінің "Агенство"сайтына айтуынша, Ресей оларға украиналық әртістердің және соғысты қолдаған ресейлік әншілердің әнін қоюға, оларды концертке шақыруға тыйым салған.

"Агенствоның" жазуынша, Ресейдің "қара тізіміне" енгендер қатарында соғысқа қарсы шыққан украиналық әншілер Светлана Лобода, Вера Брежнева, Монатик және "Океан Эльзы" тобы бар. Ал ресейлік әншілердің ішінен Валерий Меладзе, Максим Галкин, Борис Гребенщиковке шектеу қойылған.

Промоутерлер сайтқа "Ресей кейбір әншілерден Украинадағы жағдай туралы айтпауды талап етіп, қол қойдырып алып жатқанын" да айтқан.

15 наурыз 2022, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.