Атырау, 24 қараша 21:32
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 19-күн

1 342 просмотра

Украинадағы соғыс туралы ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

14 наурыз. Қазірге дейін не белгілі?

  • Ресей Қытайдан әскери және экономикалық көмек сұрады. АҚШ Пекинге ескерту жасап, көмек берер болса, салдары ауыр болады деді. Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі Ресейдің көмек сұрағанына бейхабар екенін айтты
  • Ресей Украинаның батысындағы Львов қаласын шабуылдай бастады. Қала маңындағы әскери базаны атқылаудан 35 адам қаза тапты
  • Киев түбіндегі атыста америкалық журналист Брент Рено опат болды
  • Ресей басып алған Херсон қаласында наразылық акциясы өтті. Олар Украина туын жалаулатып, "Фашистер, үйлеріңе қайтыңдар! Херсон – Украинаның қаласы!" деп ұрандатты.
  • Ресейде соғысқа қарсы акциялар өтті. ОВД-инфо сайты кемі 900 адамның ұсталғанын хабарлады.
  • Ресей бас прокуратурасының талабымен Instagram желісі бұғатталды

Австралия Ресей олигархтары мен олардың туыстарына санкция жариялады

Жеке санкцияға ілінгендер: Роман Абрамович, Әлішер Усманов, Алексей Мордашов, Алексей Миллер және Сергей Иванов. Сондай-ақ санкцияға Игорь Шувалов пен оның әйелі және екі ересек баласы, Борис және Аркадий Ротенбергтердің ересек балалары, Игорь Сечин мен Николай Патрушевтің ұлдары, Евгений Пригожиннің әйелі мен екі баласы ілінген. Санкция жарияланған бұл адамдар Австралияға бара алмайды, олардың ондағы мүлкі бұғатталады.

Киевтің солтүстігіндегі Оболонь ауданында тұрғын үйге артиллерия снаряды түсті

Әзірге белгілі ақпарат бойынша, снаряд таңғы сағат 5 шамасында Богатырь көшесіндегі он қабатты үйге түскен. 1-3 қабат бүлінген, 3-4 қабаттар өртке оранған.

Finacial Times, New York Times және Washington Post басылымдары биліктегі дереккөзіне сілтей отырып, Ресейдің Қытайдан әскери және экономикалық көмек сұрағанын хабарлады.

The New York Times дереккөзінің сөзінше, Ресей Қытайдан әскери техника мен Украинадағы соғысына қолдау сұраған. Сондай-ақ санкция салдарымен күресте қолғабыс етуді өтінген.

Бұл ақпарат ресми түрде расталмады. Қытайдың Вашингтондағы елшілігі Ресейдің өтінішінен бейхабар екенін мәлімдеді.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан CNN телеарнасының эфирінде Қытай Ресейге әскери көмек берсе, АҚШ «қарап тұрмайды» деді. Қытай үшін мұндай қадамның салдары ауыр болатынын айтты.

Ресей азаматтық ұшақтары тәулік бойы жарамдылық сертификатынсыз ұшып жүр

Ресейдегі 1000 авиалайнердің 700-і Бермуд аралдарында тіркелген. Сенбі, 12 наурыз күні Бермуд аралдарының авиация билігі ол ұшақтардың ахуалына көз жеткізу қиын деп, олардың жарамдылық сертификатын қайтарып алған. Халықаралық заң бойынша да, Ресей заңы бойынша да, мұндай сертификаты жоқ азаматтық ұшаққа әуеге көтерілуге тыйым салынған. Бірақ жексенбі, 13 наурыз күні Ресей әуе компаниялары рейстерін тоқтатқан жоқ. Ресей авиация билігі 14 наурыз күні шұғыл шешім қабылдап, ұшақтардың әуеге көтерілуіне рұқсат беру жолын қарастырмақ.

Сонымен қатар шетелде тіркелген авиалайнерді Ресейге тіркеу жұмыстары да басталған. Бірақ Коммерсант газетінің жазуынша, бұл жұмыстар баяу жүріп жатыр.

14 наурыз 2022, 11:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.