Атырау, 24 қараша 22:01
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс. Алтыншы күні не болып жатыр?

2 520 просмотра

Украинаның Ресей басқыншылығына қарсы соғысы алтыншы күнге ұласты, деп хабаралйды Азаттық радиосы. Кейінгі жаңалықтардың ішіндегі елеулісі:

  • 28 ақпан күні Киев пен Мәскеу делегаттары Беларусь аумағында келіссөз жүргізді. Келіссөздің екінші раунды алдағы күндері Польша мен Беларусь шекарасында өтетін болды.
  • Келіссөз күні Ресей әскері Харьков қаласына ауыр соққы жасағаны хабарланды. Тоқтаусыз жауған снаряд тұрғын-үйлерге түсіп, оннан астам адамның қаза тапқаны айтылды.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Украинаны Еуроодақ қатарына қабылдау туралы өтінішке қол қойды.
  • Еуроодақ, АҚШ, Ұлыбритания және өзге де елдер Ресейге қарсы экономикалық санкцияларын одан әрі күшейтті. Ал Түркия Босфор бұғазынан әскери кемелерді өткізуді тоқтатты.
  • Ресей рубльі одан әрі құнсызданып, АҚШ-тың бір доллары 118 рубльге дейін бағаланды. Содан бір күн бұрын 83 рубль болатын.
  • Спорт әлемі де Ресейді оқшаулай бастады. ФИФА мен УЕФА Ресей футбол құрамасы мен клубтарын өз жарыстарынан шеттетті.

18:09

Еуропарламент Украинадағы соғысты талқылап жатыр

Еуропарламенттің Страсбургтегі шұғыл сессиясында депутаттар Ресейдің Украинаға басып кіргенін сынға алды.

Еуропарламент Украинаның Еуропа одағына қосылу өтінішін қолдайды

Еуропарламент жиынына видео арқылы қосылған Украина президенті Владимир Зеленский елін тез арада Еуропа одағына қабылдауды сұрады. Зеленский сөзінен соң еуродепутаттар орнынан тұрып, қол соқты.

Еуропарламент Украинадағы соғысты халықаралық деңгейде тергеу жүргізуді талап етпек.

17:54

Ресей билігінің соғысты "соғыс" деп атаудан бас тартқан тағы бір риторикасы

Ресей президенті Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков телефон арқылы өткен брифингте «ресейлік әскерилер азаматтық инфраструктураға шабуыл жасап жатқан жоқ» деді, ал Украинадағы соғысты "соғыс" деп атаудан бас тартты.

"Президент Путин бас қолбасшы ретінде арнайы операция жүргізуге бұйрық берді" дейді Песков.

Бірақ мынандай фотолардан Ресей әскерилерінің Украинаның қалаларындағы үйлерге, қала орталықтарына шабуыл жасағанын көруге болады. Бейбіт тұрғындар арасында да қаза тапқандар бар.

Өртенген ресейлік әскери техникалар, қираған үй, жертөледегі сәбилер. Шабуылға ұшыраған Харьков

17:47

Қысқа-нұсқа

  • Харьков қаласындағы қираған үйінділер астынан алты адамның мәйіті табылған. Жалпы қалада кемі он адам қаза тапқан. Ондаған адам жараланған. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады. УНИАН ақпарат агенттігі қалада жарылыс дауыстары естіліп жатыр дейді.
  • Украина тарабының сұранысынан соң YouTube ресейлік Первый канал, "Звезда", ТНТ және басқа да телеарналардың осы желідегі каналдарын Украина аумағында бұғаттады.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Харьков қаласына шабуылдаған Ресейді "террорист мемлекет" деп атады.

17:22

Киевке қарай Ресейдің әскери техникалары жылжып барады

Беларусь шекарасы жақтан ресейлік әскери техникалардың ұзын колоннасы Киевке қарай кетіп барады. Maxar компаниясы спутниктен түсірген суреттерді жариялап, колонна 65 шақырымға жететінін мәлімдеді. Мына суретте сол колоннаны көре аласыз.

Вашингтон Ресей Украина астанасына екінші екпінмен тағы да шабуыл жасамақ деді.

Колонна ішінде бронетехникалар, танкілер, артиллерия, әскерилер мінген және бензин бактары тиелген жүк көліктері бар.

Америкалық сенатор Крис Мёрфи Конгресс мүшелерінің жабық брифингінен кейін твиттерде "осы аптада ресейлік әскерилер Киевті қоршауға тырысады" деп жазды.

"Қала үшін шайқас ұзақ әрі қанды болады, украиналықтар соғысқа тез дайындалып жатыр" деді ол.

1 наурызға қараған түні ресейлік әскерилер Украинаның оңтүстігіндегі Херсон қаласына шабуылдап, қоршады. Бірақ қала украиналық әскерилер мен әкімшіліктің бақылауында екені хабарланды.

1 наурыз 2022, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.