Атырау, 7 қазан 15:26
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Рұқсатсыз әрі сапасыз салынып жатыр

1 509 просмотра

Облыстық мәслихаттың кезекті Х сессиясында құрылыс саласында жиі орын алған заң бұзушылықтар: рұқсат құжаттарсыз нысандар салу, сапасыз жұмыстар және пайдаланылатын материалдар туралы айтылды.

БӘРІ ЕРЕЖЕЛЕРГЕ САЙ БОЛУЫ КЕРЕК 

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ерлан ҚАБИДЕНОВТІҢ (суретте) айтуынша, қала мен облыс аумағында рұқсат беру рәсімдерінен өтпей, яғни ЖСҚ-сыз нысандар салу фактілері бар. Қабиденов атап өткендей, негізінен құжаттама мүлдем әзірленбеген немесе сараптамадан өтпеген. Ол құрылысқа рұқсат беру тәртібін түсіндіріп, осы ереже сақталмаған жағдайда қандай зардапқа әкелетінін еске салды:

– Қолданыстағы құрылыс саласындағы заңнамаға сәйкес, жұмысты бастамас бұрын жергілікті әкімдіктермен жоба алды құжаттамасын келісіп, оның негізінде ЖСҚ әзірлеу қажет. Әрі қарай ЖСҚ-ға кешенді сараптама жүргізіп, оның оң қорытындысын алу керек. Осы материалдарға сүйене отырып, жұмысты бастамас бұрын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау (МСҚБ) органдарына құрылыстың басталғаны туралы хабарлау қажет. ЖСҚ әзірлемей және оң сараптамасыз, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаусыз құрылыс салу ҚР заңнамасын өрескел бұзу болып табылады және келешекте ғимараттың ішінара немесе толық қирауына әкеп соғуы мүмкін, - деп атап өтті ол.

 

ТІРЕК ҚАБЫРҒАСЫН АЛЫП ТАСТАП, БҮКІЛ ҮЙГЕ ҚАУІП ТӨНДІРДІ

Ал енді нақты мысалдарға келейік: МСҚБ басқармасына Лесхоз ықшамауданының тұрғындары өз учаскелерінің жанынан салынып жатқан 4 қабатты үй құрылысына шағымданды. Тексеру барысында құрылыстың рұқсат құжатсыз жүргізіліп жатқаны анықталды. Құрылыс салушыға 625 АЕК (1 823 125 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Рұқсат құжаттары алынғанша құрылысты тоқтату туралы ұйғарым шығарылды. Былтыр желтоқсан айында құрылыс салушыға рұқсат құжаттарының алынуына және құрылысты тоқтата тұру фактісін анықтауға қатысты қайтадан тексеру жүргізілді. Рұқсат құжаттарының ақыры алынбағаны, ал нысан құрылысының жалғасып жатқаны және соңғы кезеңде екені белгілі болды. Осыған байланысты материалдар сотқа жолданып, фирмаға қайтадан 300 АЕК (875 100 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта заңсыз құрылысты бұзу туралы сотқа талап-арыз беру мәселесі қаралуда.

Тағы бір мысал, Привокзальный ықшамауданының тұрғынынан шағым түсті. Оның көршісі пәтерін қайта жобалап, салмақ тірейтін қабырғаны бұзып тастаған, соның салдарынан арызданушының пәтерінің қабырғасында жарық пайда болған. Тексеру кезінде бұл факт расталды: төмендегі пәтерде тұратын көршісі шынымен панельдік үйдегі салмақ тірейтін қабырғаларды бұзған. Қабиденов бұл құрылыс нормаларына тікелей қайшы келетінін атап өтті. Сот тәртіп бұзушыға қабырғаларды бастапқы қалпына келтіруді, сонымен қатар жалпы үйдің сенімділігі мен орнықтылығына техникалық сараптама жүргізуді талап ете отырып, 80 АЕК немесе 233 360 теңге көлемінде айыппұл салды.

Үй тұрғыны сот қаулысын орындауға асықпаған, соған байланысты басқарма қайта тексеру жүргізіп, екінші рет айыппұл салған. Қазір ұйғарымды мәжбүрлеп орындату үшін материалдарды жеке сот орындаушыларына беру мәселесі қарастырылуда.

 

ӨЗ БЕТІМЕН ТҰРҒЫЗЫЛҒАН ҚОРШАУ

Тағы бір факт - қала тұрғынынан «Арна» мейрамханасының қоршаулары туралы арыз түскен. Тексеру барысында қоршаудың рұқсат құжатынсыз және жер телімін өздігімен иемдену арқылы салынғаны анықталды. Басқарма қоршауды мәжбүрлеп бұзу туралы азаматтық іс қозғады. Сот ісі әлі жалғасуда.

Басқарма қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп, рұқсат құжатынсыз салынып жатқан бірқатар нысандарды анықтады. Олардың қатарында мейрамханалар, әкімшілік ғимараттар, көлік жуу орындары және басқа да коммерциялық нысандар бар. Қазір облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімімен бірлесіп, осы тұлғаларға қатысты тексеру ашу жұмыстары жүргізілуде.

 

АКТІГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ, АЛ ЖҰМЫС ОРЫНДАЛМАДЫ

Жалпы, МСҚБ басқармасының мәліметі бойынша, былтыр тұрғындардың арызы негізінде басқарманың мемлекеттік құрылыс инспекторлары 33 нысанда жоспардан тыс тексеру жүргізген. Пайдаланылған құрылыс материалдары мен бұйымдарының сапасы бойынша бұзушылықтар анықталып, кемшіліктерді жою туралы 14 ұйғарым берілген. Прокуратура және басқа да қадағалау органдарының талабы бойынша 8 жол құрылысы нысаны тексерілді. 

МСҚБ басқармасы берген анықтама негізінде облыс прокуратурасы «Қарасайстройсервис» ЖШС мердігер мекемесіне қатысты қылмыстық іс жүргізуде. Бұл фирма іс жүзінде орындалмаса да, орындалған жұмыстар туралы актілерге қол қойған. 

Тексеру нәтижесі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 97 хаттама толтырылды. Атап айтсақ, оның 36-сы тапсырыс берушілерге, 9-ы мердігерлерге қатысты. 

Салынған айыппұлдың жалпы сомасы - 57 млн 144 мың теңге. Бірақ қарастырудың қысқартылған тәртібіне, сондай-ақ сот шешіміне байланысты айыппұлдың жалпы сомасы 29 миллион 707 мың теңгеге дейін қысқарды. 

Айнұр САПАРОВА

1 наурыз 2022, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.