Атырау, 7 қазан 15:29
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Неліктен атыраулық кәсіпкерлер монополистермен соттасуға мәжбүр

1 524 просмотра

Кәсіпкерлер мемлекеттік органдар тарапынан болатын әкімшілік кедергілерге, монополистердің заңсыз әрекеттеріне, «100 сауда орны» мемлекеттік бағдарламасының жергілікті жерлерде тиімсіз жүзеге асырылуына шағымданады. Бұл мәселелер ШОБ субъектілерінің облыс прокуратурасы, монополист компаниялар, мемлекеттік орган басшылары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, Атырау облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде талқыланды.

– 2006 жылы «Атырау су арнасы» КМК бізге қосымша құбыр қосты. 2019 жылы тексеру қорытындысы бойынша монополист бұл құбырды өздерің заңсыз тартып алдыңдар деп, бізге айыппұл салған болатын. Сол кезде біз сотта істі жеңіп шықтық. Биыл кәріз жүйесін пайдаланғаны үшін деп тағы да айыппұл салды. «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалында да осындай жағдай. 2012 жылы айтулы оқиғаға дайындық барысында олар бізге резерв ретінде қосымша құбыр қосты. Ал араға 10 жыл салып, өздерің қосып алдыңдар деп, 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салмақ. Енді прокуратураға арыз жазғым келеді, – дейді қонақүй бизнесінің өкілі Ләззат ТӘКІШЕВА.

Қазақстан стоматологиялық қауымдастығының Атырау филиалының төрағасы Құрал ТИШБАЕВ (суретте) үш жыл бойына коронавируспен ауырған науқастарды оңалту орталығын ашу үшін портал арқылы лицензия қосымшасын ала алмай жүргеніне қынжылады. Жүйе көп құжат сұрайды, ал кәсіпкерге бар болғаны екі дәрігерді ғана тіркеу қажет.

Көп жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер, «Голландия гүлдері» дүкендер желісінің директоры Бақыт ИСҚАҚОВА «Атырау» ӘКК-нің «100 сауда орны» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы жұмысына ренішін білдірді:

- ӘКК бизнеске қиындықтар туғызады. Олардың «100 сауда орны» бағдарламасын не істегенін қараңыз. Жоба ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған, бірақ іс жүзінде оған қыруар қаржы қажет. Мәселен, маған осы бағдарлама бойынша бір дүңгіршек ашу үшін кем дегенде 10 миллион теңге қажет болды. Жаңадан бастаған кәсіпкер мұндай ақшаны қайдан алады? Нәтижесінде ол қарызға батады, ал бизнесі жүрмейді. Монополистермен де осындай жағдай. Бір ғана «Атырау-Жарық» 30 шаршы метр дүңгіршекті жарықтандыру үшін менен 2,5 миллион теңге талап етті!

Жиынға төрағалық еткен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік АЙДАРБЕКОВ кәсіпкерлерге көтерілген мәселелерді шешуге көмектесуге уәде берді.

– Даулы мәселелер бойынша жұмыс кестесіне қарай азаматтарды жеке қабылдауға дайынмын, – деп кездесуді түйіндеді С.Айдарбеков.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

1 наурыз 2022, 09:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.