Атырау, 7 қазан 15:30
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Кезекте мыңдаған адам тұр, ал үй бітпей жатыр

Сурет
2 229 просмотра

Жылыой ауданының әкімі Халел ЖАМАЛОВ брифингтердің бірінде Құлсары қаласында 2021 жылдың аяғына дейін 100 пәтерлік 3 үй пайдалануға беріледі деген болатын. Алайда баспана кезегінде тұрған мыңдаған адам асыға күткенімен жаңа үйге қоныстану мүмкін болмай тұр.

«Атырау» ықшамауданындағы 5 қатарлы бұл үйлердің құрылысы 2019 жылдың 20-мамырында басталды және 2021 жылдың желтоқсанында аяқталуы керек еді. Жобаның жалпы құны 7 млрд 193 млн теңге. Алайда құрылыс жұмыстарының уақытылы бітпеуіне байланысты жергілікті халық көптен зарыға күткен жаңа баспанаға қол жеткізе алмай қалды.

- Бұл нысандарды бітіруге жұмыстанып жатырмыз. Ал кешіктірілу себебі 2020 жылы пандемия кезінде алты айға жуық құрылыс жұмысы тоқтап тұрып қалды. Бұл жөнінде тапсырысшы аудандық құрылыс бөліміне хат жаздық. Ақша бөлуде де кідістер болды. Жалпы бүгінде құрылыс басында 57 адам жұмыс жасап жатыр. Сылақ, сантехникалық жұмыстар жасалуы керек. Газ берілуі қажет. Біз наурыз айының аяғында бұл жұмыстарды толық аяқтаймыз деп отырмыз, - дейді құрылыс басында кездескен мердігер «Касписская Кадровая Ассоциация» ЖШС-нің учаске бастығы Қуаныш НҰРҒАЛИЕВ.

Ал тапсырысшы аудандық құрылыс бөлімі жалпы 6 млрд 921 млн теңгенің жұмысы атқарылып, құрылыстың 95 пайызы орындалып отырғанын жеткізді.

- Қазіргі таңда сылақ жұмыстарымен бірге 180 шаршы метрге асфальт төселуі керек болатын. Ауа райының қолайсыз болуына байланысты  және қыста асфальт төсеуді тоқтатып тастадық. Сонымен қатар сылақ жұмыстарынан бірқатар кемшілік анықталып, мердігерге қайтадан жасауға тапсырма берілді, - дейді құрылыс бөлімінің басшысы Қазбек АҒЫРАЕВ.

Бүгінде тапсырысшы құрылыс жұмыстарын кешіктіріп, уақытылы тапсырмауына байланысты мердігер мекеме «Касписская Кадровая Ассоциация» ЖШС үстінен Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз түсірген. Онда құрылыс жұмыстарын аяқтау, тұрақсыздық айыбын өндіру және жосықсыз қатынасушы деп тану жөнінде талаптар қойылған.          

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны  түсірген автор           

1 наурыз 2022, 11:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.