Атырау, 7 қазан 17:34
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Уайымдама, сосын көп сөйлеме»

2 283 просмотра

Атырауда облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур БАСАРОВҚА қатысты сот жалғасып жатыр. Айыпталушылардан жауап алынуда.

Н.Таубаев осы сәтті асыға күткенін айтып бастады. Оның айтуынша, індет үдеген кезде өңір шұғыл арада ИВЛ-аппараты мен дәрі-дәрмектер ғана емес, ковидқа шалдыққан науқастарға арналған 200 кереуеттік модульді аурухана салу қажет болды. «Ол айларда біз зомби секілді тәулігіне 24 сағат жұмыс істедік», - деді айыпталушы. Адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВТЫҢ сұрақтарына жауап бере отырып, ол пандемия кезінде жергілікті билік кәсіпкерлерден көмек сұрағанын айтты. Ол Тимур Басаровты шақырып, ИВЛ-аппаратын, дәрі-дәрмек, бетперде сатып алуға кім қандай көмек көрсете алатынын анықтауды тапсырды:

– Басаров Т.-нің (жәбірленуші) көмектесуге дайын екенін және кездескісі келетінін айтты. Бұл уақытта ол басқа нысандарды қабылдауда қиындықтарға тап болды. Біз онымен 2019 жылы таныстық, содан бері достық қарым-қатынаста болдық, оны үйіме қонаққа шақырдым. Айыптауға келер болсақ, біз онымен 2020 жылдың 21 тамызында «Metropole» мейрамханасында кездестік. Басаровпен бірге бардық. Т. бізді күтіп тұрған еді.

– «Метропольде» не туралы әңгіме болды?

– Жалпы әңгіме айттық, ешқандай қоқан-лоқы болған жоқ, оған ешкім қысым көрсетпеді. 6 қыркүйекте келесі кездесуде маған Т.-нің өзі келді. Әңгіме Құлсарыда салынып жатқан ауруханаға медициналық құрал-жабдықтарды жеткізушілер туралы болды. Үшінші кездесуде медициналық жабдықтардың қымбат екені сөз болды. Айыптау актісінде жер-жерде 7 пайыз туралы айтылады. Келісімшарт сомасының 7 пайызын талап еткеніме дәлел ұсынуды сұраймын. Мұны ешкім жасамайды, бірақ айыптау актісіне жазады.

 – Айыптау актісінде медициналық жабдықтар туралы айтылмаған. Әңгіме медициналық жабдықтар туралы болғанын айттыңыз. Сонымен ол туралы болды ма, жоқ па?

– Ол әлдебір жабдықты таппай жүргенін айтып, оны жеткізуді ұйымдастыруға көмек сұрады. Әрине, мен тауып бердім және жеткізушілер алдын ала төлемсіз 7 ИВЛ-аппаратты жеткізуге келісті. Сондықтан Т.  «жеті дайын» дегенде, мен оны «7 ИВЛ аппараты» деп қабылдадым. Жеті пайыз туралы еш әңгіме болған жоқ.

 

«НЕГЕ ТЕЛЕФОНДАРДЫ ӘРІ АЛЫП ҚОЮДЫ СҰРАДЫҢЫЗ? ОЛАР ОЙНАМАС ҮШІН»

Н.Жолболовтан кейін прокурор Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ жауап алуға кірісті.

– Аурухананың «Игілік» бағдарламасы бойынша салынғанын растайсыз ба?

- «Игілік» бойынша емес, өйткені бұл аурухана жыл сайын әкімдікпен келісілетін нысандар тізімінде жоқ және оны тек «Теңізшевройл» қаржыландырып отырған жоқ, - деп жауап берді Таубаев.

– Жазылған әңгіменің басында Т. мен Басаровқа телефондарыңды әрі алып қойыңдар дедіңіз. Егер жасыратын ештеңеңіз болмаса, бұл не үшін қажет болды?

- Олар алаңдамауы және телефонмен ойнамауы үшін.

– 21 тамызда «Метропольде» болған әңгіме жазбасында Т.-ге «Он қиын ба, не?» дейсіз. Т. – «ақылдасайық, бірақ 10 емес, маған бұл қиын, он көп қой, братан» деп жауап береді. Әңгімедегі бұл цифр нені білдірді?

– Мен 10 ИВЛ аппараты туралы айттым.

– Т.-ге «7» санына сілтей отырып, қандай «жалғыз өтінішті» айттыңыз?

- Мен ИВЛ-аппараттарын айттым.

- Сіздің әңгімеңізде ИВЛ-аппараттары туралы сөз болған жоқ...

– Пайыздар туралы да болмады.

- Тергеу барысында жауап алу кезінде ИВЛ-аппараттарына қатысты осы нұсқа туралы неге айтпадыңыз?

- Бұл менің құқығым.

– Ол кезде 1 ИВЛ-аппаратының құны қанша болғанын атасаңыз.

– Біреуінің құны 30-40 миллион теңге шамасында болды.

– Т.-ге «Сен көтерілмейтіндей қыламын және біз солай сенің өміріңде боламыз» деген сөзіңіз нені білдірді?

- Есімде жоқ.

Содан кейін прокурор 6 қыркүйекте жасалған аудиожазбаның стенограммасын оқыды. Сол күні Таубаев облыстық әкімдіктен шыққан. Оны Т. күтіп тұрған, оның өтініші бойынша Жеңіс саябағына дейін апарған. Әңгіме көлікте басталады. Т. Таубаевқа Тимур Басаровпен сөйлесіп, «жеті» санына келіскендерін айтады. Содан кейін Құлсарыдағы 200 кереуеттік ауруханаға 62 бірлік медициналық жабдық жеткізу мәселесі қозғалады. Таубаев әңгімелесушісінен өзі ұсынған жеткізушілермен сөйлестің бе деп сұрайды. Ол бағасын, жеткізу қызметтерін зерттегенін және олардың өте жоғары екенін: бірінші жеткізуші 2 миллиард, екіншісі 1 миллиард 480 миллион сұрайтынын айтады. Осы арада Т. 1 миллиардқа жеткізуші таптым дейді. Бірақ Таубаев әлгі екеуін талап етіп, Т.-ге міндетті түрде кездесіп, жеңілдік жасауын сұрауды тапсырады. Т. ақыры келісіп, «жетіден түспейсіз бе?» деп сұрайды. Таубаев бұл туралы кейін сөйлесеміз дейді.

Содан кейін прокурор облыстық әкімдікте Таубаевтың жұмыс кабинетінде 10 қыркүйектегі (ұсталатын күні) аудиожазбаның стенограммасына қатысты сұрақтар қойды.

– Неліктен Т.-мен бірге демалыс бөлмесіне кірген кезде сыбырлап сөйлей бастадыңыз? Неден қауіптендіңіз? Егер ИВЛ-аппараты туралы айтқан болсаңыз, онда жасыратындай не бар еді?

– Жасыратын ештеңе болмады, жай тамағым ауырып, дауысым қарлығып шықты.

Бұл әңгімеде «жеті» саны туралы сөз болды. Т. Таубаевтан сол екі жеткізушімен шарт жасасқаннан кейін нысанды қабылдау актісіне қол қоюға көмектесесіз бе деп сұрайды. Оған Таубаев барлық мәселеде қолдау жасап, көмектесетінін айтады. Әрі қарай Т. «жеті дайын» деп, «қалай беремін» деп сұрайды. Оған Таубаев Басаровқа айтатынын, оның хабарласатынын айтады. Әңгіме осымен аяқталады.

 

«БІЗ БІР-БІРІМІЗДІ ТҮСІНБЕДІК»

Прокурор Жангереев:

– Т.-нің «сосын жетіні шешкеннен кейін, сопровождать етесіздер ғой, приемка обьектов, дальше всё согласовать, ГЗ поддержишь?» деген сөзіне сіз: «Да,  не переживай и много не базарь» деп жауап бересіз. Әңгіме не туралы болды?

– Біз бір-бірімізді түсінбедік, яғни мен ИВЛ аппаратын, Т. пайызды айтты.

– Бұл аурухананың құрылысына облыс әкімдігі мен құрылыс басқармасының қандай қатысы бар? 

– Ешқандай қатысы жоқ, өйткені келісімшарт бойынша тараптар -«Теңізшевройл» ЖШС мен «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» ЖШС.

– Ендеше неліктен құрылыс басқармасының басшысы эскиздік жобаны, медициналық жабдықтар тізбесін, жиынтық сметалық есеп айырысуды мақұлдап және бекітіп, тапсырыс беруші ретінде осы нысанды сараптамадан өткізуге келісімшарт жасады?

– Құрылыс басқармасының басшысы міндетін уақытша атқарушы Жантөреев бұл құжаттарға заңсыз қол қойған, оны жауапқа тарту керек.

– Т.-мен кездесулер кезінде ИВЛ-аппараты түрінде демеушілік көмек көрсету туралы айттым десеңіз, онда неліктен сіздің бірде-бір әңгімеңізде ИВЛ-дың техникалық сипаттамалары, олардың жалпы құны және т.б. туралы айтылмады? – деп сұрады Т.-ның адвокаты Женни ЖҰМАЛИЕВА.

– Ол кезде күн сайын адамдар өліп жатты, әлдебір жабдық сатып алу қажет болды.

- Тіпті сапасы нашар болса да ма?

- Сапасы нашар аппараттар болған жоқ, бізге кез келген аппаратты сатып алу керек болды.

Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА:

– 2020 жылдың 10 қыркүйегінде Т.-мен кездескеннен кейін сіз оған Басаровпен кездесу керектігін айттыңыз. Сол күні Басаров Т.-ден жеті ИВЛ-аппаратын қалай алу керек еді?

– Дәлізде мен Басаровты кездестіріп, оған Т.-ден жеті ИВЛ-аппаратын алуды тапсырдым.

– Бұл аппараттар қай ауруханаға арналған? Басаров оларды дәл сол күні қай жерге және қалай жеткізуі керек еді? Құжаттама түрінде рәсімдедіңіздер ме?

- Кез-келген ауруханаға. Құжаттарды білмеймін, өйткені мұнымен Басаров айналысты.

...Судьяның тағы бірнеше сауалына жауап берген Таубаев сөзін «Құрметті сот, мені ақтауыңызды сұраймын» деп аяқтады.

Айнұр САПАРОВА

25 ақпан 2022, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.