АҚШ президенті Джо Байден 22 ақпанда Ресейге қарсы санкциялардың "бірінші траншын" жариялап, Ресей "агрессиясын жалғастыра берсе, шараларды күшейтеміз" деп қорқытты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі DW сайтына сілтеме жасап.
"Біз Ресейдің егемен қарызына санкция салып жатырмыз. Бұл Ресей үкіметін батыс қаржыландыруды тоқтатты дегенді білдіреді. Ол енді Батыстан қарыз алып, оны біздің нарықтарда немесе Еуропа нарықтарында саудалай алмайды", - деді Байден Ақ үйде сөйлеген сөзінде.
Шектеу шаралары ВЭБ.РФ және Промсвязьбанк банктеріне де (олардың 42 еншілес ұйымын қосқанда – еск.) және ресейлік "элита" өкілдеріне де әсер етеді, деді АҚШ президенті. Оның пікірінше, "олар Кремль саясатының сыбайластық пайдасын бөліседі және бұл шығындарды да бөлісуі керек".
Байден АҚШ бұл шараларды "одақтастары және серіктестерімен тығыз үйлестіре отырып" қабылдағанын айтып, егер Ресей көрші мемлекетке қарсы агрессиясын кеңейтетін болса, Вашингтон "санкция мәселесінде ары қарай шара қолдануға дайын" деп қосты.
РИА Новости мәліметінше, АҚШ-тың ресейлік қарызға қарсы жаңа санкциялары 1 наурыздан кейін Ресей банкі, Ұлттық әл-ауқат қоры және Қазынашылық департаменті шығарған облигациялардың қайталама нарығына әсер етеді, деп хабарлайды АҚШ Қаржы министрлігі.
"МК" Ресейдің ДХР мен ЛХР-ны мойындауына байланысты санкциялар салынған ресейлік ұйымдардың толық тізімін ұсынды.
Санкциялар салынғаннан кейін Промсвязьбанк қазір оның шетел валютасымен және бағалы қағаздармен операциялары шектелгенін, оның иелері шектеулер жариялаған елдерде өз карталарын пайдалана алмайтынын, ал рубльмен жасалған барлық клиенттік операция шектелмейтінін айтты. Сондай-ақ, Ресейде банк карталарының барлық түрлері, соның ішінде халықаралық төлем жүйелерінің карталары жұмыс істейді.