Атырау, 21 желтоқсан 10:14
 бұлттыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Химпоселок тұрғындары: "Бізді көшіріңдер немесе жағдай жасаңдар"

Сурет Бейнежазба
2 051 рет қаралды

Қаланың орталық Азаттық даңғылымен іргелес орналасқан Химпоселок ықшамауданының тұрғындары жақында қалалық мәслихат депутаттары мен қала әкімдігіндегі шенеуніктерге өзекті мәселелерін жеткізу үшін ауыл мектебінің акт залына жиналды.

Қала іргесіндегі ауыл АМӨЗ, Атырау ЖЭО жақын орналасқан. Мұнда балабақша мүлдем жоқ. Тұрғындар өздеріне тиімділігіне қарай балаларын әр ықшамаудандағы балабақшаларға тасымалдайды. 600 шақты бала балабақша кезегінде тұр.

Ауыл тұрғындарының жиын өткізетін клубы да, ауыл жастарының жиналып футбол ойнайтын алаңы да осындағы №7 мектеп. Жастарға арналған саябақ немесе спорт кешені де жоқ, - дейді тұрғындар.

Тағы бір өзекті мәселе - экология. Химпоселокта көптеген өндірістік база мен қазандықтар бар. 

Артур БЕККАЛИЕВ:

- Менің үйім Атырау «Жылу электр орталығының» санитарлық аумағына жақын орналасқан. Газдың иісінен жазда терезе аша алмаймыз, одан бөлек гүрілдеген дыбысынан түнде ұйықтау мүмкін емес. Бірнеше жылдан бері осы ауаны жұтып, осы жерде тұрып жатырмын. Сондықтан бізге өтемақы беріп көшіретін уақыт жеткен шығар. Оған қаржы болмаса, АЖЭО мен зауыттың іргесін бізден әрірек салсын.

Бұған Атырау ЖЭО АҚ президенті Мақсот АЛЕНОВ мекеменің тең жарты жұмысшысы Химпоселок тұрғындары екенін айтып, ЖЭО ауаға шектен тыс қалдық шығару бойынша ешқашан заң бұзбағанын жеткізді.

- Мекеме будан бөлек жағылған газ қалдықтарын шығаратыны рас. Бізде ол үшін үкімет тарапынан берілген квота бар. Сол лимиттен асып көрген емеспіз. Сондай-ақ мекеменің санитарлық қорғау аймағы 500 метр болып есептеледі, бұл аумаққа ешқандай нысан кіріп тұрған жоқ. Сондықтан халыққа бізден зақым келіп жатыр дегенге келіспеймін, - деді ол.

Алайда тұрғындар санитарлық аумақты белгілеу мекеменің аумағынан емес газ шығатын тұрбадан бастап есептелетініне қарсы. Тұрғындар ЖЭО мекемесінен ауа сапасын көрсетіп тұратын табло орнатуды талап етті.

Жиында сөз алған экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ,  Химпоселок ауылына жағымсыз иіс "Сасықсай" көлінен келіп тұрғанын атап өтті.

- 2024 жылға дейінгі жоспарланған бағдарлама аясында Сасықсай көлінің орны толық қалпына келтіріледі. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде жүзеге асып жатыр. 

Марал КӨШЕНОВ: 

- Мен осы аулыда 15 жылдан аса уақыт тұрамын. Сол уақыттан бері қала мен екі ортаны теміржол бөліп тұрғаны үшін қиындық көріп келеміз. Жедел жәрдем кешігіп жетеді. Сондықтан бізге қалаға тіке шығатын жол қажет. Ауылға кіру үшін бір ғана жол бар, ауылды айналып келеміз. Химпоселокке кірер тұста бағдаршам болмағандықтан бәріміз кешкісін кептелісте тұрамыз. Қаладан Химпоселок ауылына кіретін Атамбаев пен Қабдолов көшелеріне бағдаршам керек. Одан кейін ауыл ішіне жаяу жүргінші жолы қажет.

Қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбеталиевтің сөзінше, қазір қалада, соның ішінде Химпоселокта да жаяу жүргінші жолын төсеу бойынша ЖСҚ дайын. 

- Ауыл тұрғындары үшін теміржол желісі арқылы қалаға тіке шығатын жол өткелін салу үлкен қаражатты қажет етеді. Тұрғындарды өтемақы беріп көшіру жөнінде де көптеген мәселелер бар. Өйткені тәуелсіз бағалаушы берген үй бағасының өтемақысына көбіңіздің көңілдеріңіз толмайды. Сондықтан өтініштеріңізді біртіндеп орындап, жағдайларыңызды жасап беру тиімді. 

Тұрғындардың өтінішін тыңдауға келген депутаттардың сөзінше, бұл ауылға балабақша салу әзірге жоспарда жоқ. Қазір жастардың көпфункционалды спорт кешенін салу бойынша жоба дайын, биыл құрылысы басталады. Сондай ақ халық қалаулылары тұрғындардың талаптарын шешуге жұмыстанатынын жеткізіп, олардың орындалысы туралы ауыл тұрғындарымен 6 ай сайын кездесіп, есеп беріп отыруға келісті.  

Қалалық мәслихат хатшысы Қаршыға ДЖАУЫМБАЕВ:

- Көтерілген мәселелер бүгін емес бірнеше жылдан келе жатқан мәселе. Біз өзімізге дейінгілерің уәде беріп кеткеніне жауап бере алмаймыз. Тіке жол салуға облыстық бюджет  қаражаты жетпесе, республикадан бөлгізуге  жұмыстанамыз. Осыншама жыл шыдағанда енді 1-2 жыл шыдаңыздар.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

23 ақпан 2022, 09:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.