Атырау, 24 сәуір 12:48
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

«Хабар-ошарсыз кеткен»: адамдар жақындарына қалай қайтарылады

1 781 просмотра

Соңғы кездері хабар-ошарсыз кеткендер туралы хабарлама жиіледі. Жыл басынан бері Атырау облысында полицияға 62 адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы туыстарынан арыз түскен. Қылмыстық полиция басқармасының қылмыстық іздестіру бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Ризабек ҚҰСАЙЫНОВ аз уақытта жоғалғандардың көпшілігі табылғанын айтады.

Ал былтыр 362 шағым түсіп, тәулік ішінде 290 адам табылған. Олардың арасында сыртта ойнап жүріп, үйден ұзап кеткен балалар да бар. 72 адамды іздестіру жұмыстары бірнеше тәулік бойы жүрген. Соның 66-сы анықталып, қалған алтауы биыл табылған. Олардың арасында ішімдікке салынып кетіп, жоғалған 50 жастағы қала тұрғыны мен белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығынан шығып кетіп, оралмаған жергілікті «бомж» бар. Тағы үшеуі - Исатай мен Индер аудандарында мал бағып жүріп адасып кеткен бақташылар. Жақында хабар-ошарсыз кеткен қызылқоғалық малшы да табылды.

Былтыр желтоқсанда Атырауда вахтада жұмыс жасайтын Ақтөбе қаласының тұрғыны, 45 жастағы жігіт жоғалып кетті деген хабарлама түскен. Ол Махамбет ауданындағы туыстарының үйінен шығып, Ақтөбе қаласына қарай бағыт алған. Бірақ, үйіне жетпеген. Кейін оның жолда ішімдікке салынып кеткені анықталған. 

Хабар-ошарсыз кеткендер туралы әдетте қалалық полиция басқармасының 102 пульт операторы арқылы хабарланады немесе арыз түсіріледі. Егер адам 24 сағатта, яғни бір тәуліктің ішінде табылмаған жағдайда, іздестіру ісі ашылады.

- Жоғалып жатқандардың басым бөлігі – бақташылар, бірақ басқа да жағдайлар болады. Жасөспірім ата-анасымен келіспей, үйінен кетіп қалады, немесе адам ішіп кетеді, болмаса құмар ойын құрбанына айналып, «жоғалады» және т.б.

Табылғандармен профилактикалық әңгіме жүргіземіз. Балалар мен жасөспірімдер біздің ерекше бақылауымызда. Олардың не себептен жоғалып кеткенін тексереміз. Қайта-қайта жоғалып кететін балалардың дерегін кәмелетке толмаған балалармен жұмыс жөніндегі инспекторларға тиісті шарасын қолдану үшін береміз. Олар бұл балаларды өз есептеріне алады немесе ата-аналарына әкімшілік жауапкершілікке тартады, - деп әңгімелейді Р.Құсайынов.  

- Хабар-ошарсыз кеткен адамдар қанша уақыт іздестіріледі?

Он жыл. Бірақ бізде ондай болған жоқ - жоғалғандар осы уақытқа дейін табылып келді. Егер адам зорлық-зомбылықпен өлтірілген ізі бар өлі табылса, Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады.

– Ал егер адамның ұрланғаны анықталса?

– Іздестіру кезінде ұрлау фактісі анықталса, онда ол хабар-ошарсыз кетуші емес. ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеледі.

...Биыл хабар-ошарсыз жоғалып, бірнеше күн өтіп барып табылғандардың арасында қоғам белсендісі Әлібек МҰСАҰЛЫ да бар. Мен оны соңғы рет 6 қаңтарда Махамбет-Исатай алаңында көріп сөйлескен болатынмын. Оның әйелі полицияға күйеуінің митинг кезінде жоғалып кеткені туралы хабарлама түсірген. Ал ол мен Р.Құсайынов пен оның әріптестерінен сұхбат алған күні табылды. Белсендінің полицияға адвокатпен бірге келетіні белгілі болды.

Басқа бір хикая – кезекті мәрте «жоғалған» 22 жастағы жігіт туралы. Ол былтыр бірнеше рет жоғалды. Пәтер жалдап тұрған, өйткені ата-анасынан бөлек тұрғысы келеді екен. Ұялы телефонын өшіріп тастайды немесе нөмірін ауыстырып тастайды, ата-анасы уайымдап, полицияға хабарласады. Полицейлер жігітпен әлденеше рет профилактикалық әңгіме жүргізеді, қай жерде екеніңді ата-анаңа айт деп ескертеді, бірақ одан нәтиже шықпай тұр.

- Туыстарын жоғалтқан бірнеше адамнан сіздерге арыз түсіргеннен кейін барғанда «іздестіріп жатырмыз дейді, бірақ іздестіріп жатқан жоқ, орындарында отыр» деп айтқанын естідім.

- Іздестіру жұмыстары  күн ұзақ сыртта жүріп іздеуді ғана білдірмейді. Ізіне түсу үшін, далада босқа уақыт жоғалтпас үшін арнайы шараларды ұйымдастырамыз, соны да ескеру керек. Мәселен, «Қаңғыбас» жедел-іздестіру шарасы кезінде қаңғыбастар шоғырланатын жерл, үйдің жертөлесі мен төбесін, көлікжайларды қарап шығамыз. Адам табылмаған жағдайда іздестіру жүре береді, - дейді Р. Құсайынов.

- Өзгеше оқиға туралы айтып берсеңіз.

- Жақында  ауданда тұратын 17 жастағы жігіт пен 19 жастағы қалалық қыздың жоғалғаны туралы арыз шамамен бір уақытта келіп түсті. Тексере бастадық. Олардың екеуі таныс екенін, бір-біріне ғашық екенін, бірақ екеуінің туысқандары олардың некесіне қарсы екенін, екеуінің әпкесі мен ағасы ерлі-зайыпты әрі жігіттің әлі кәмелет жасына толмаған мектеп оқушысы екені анықталды.

Біз ғашықтардың ешкімге айтпай, басқа қалаға кетіп қалғанын, сол жерде жанар-жағармай бекетіне жұмысқа тұрғанын анықтадық. Біздің қызметкерлер сол қалаға барып, оларды тауып, үйлеріне қайтарды. Яғни, біз өз жұмысымызды орындадық. Бұл хикаяның әрі қарай не болатыны басқа мәселе...

Айнұр САПАРОВА

Коллаж Еламан НУХИНДІКІ

22 ақпан 2022, 12:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.