Атырау, 7 қазан 19:23
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

АМӨЗ-дің бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай ұсталды

1 644 просмотра

Кеше, 16 ақпанда Алматыда кешке Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері АМӨЗ бұрынғы бас директоры Шухрат ДАНБАЙДЫ ұстады. Біздің мәлімет бойынша, ол аса ірі көлемде (ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) ақша жымқырды деген күдікке ілінген.

Белгілі болғандай, тергеуді Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр. Түсініктеме алуға жүгінгенде департамент бізге «әзірше ештеңе айта алмаймыз» деп жауап берді.

Шухрат Данбай 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың шілдесіне дейін Атырау мұнай өңдеу зауытын басқарды.

Қазір ол Атыраудағы уақытша ұстау изоляторына  қамау үшін куәландырудан өтіп жатыр.

Шуxрат Данбай 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келді. «Қайнар» университетін «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген; экономика ғылымдарының кандидаты, іскерлік әкімшілендіру докторы (DBA). Мұнай жеткізу және өңдеу, мұнай өнімдерін көтерме-бөлшек сату бойынша ірі коммерциялық құрылымдарға басшылық еткен.

«Қазатоммұнай» ЖШС, «Гелиос» ЖШС бас директоры, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ (ПМХЗ) бас директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы блогының атқарушы директоры, «Қазақстан - Отын-энергетикалық кешені» ЖШС бас директоры болды.

2009 жылдың қыркүйек айынан бастап - «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-тың (2013 жылдың наурызында «ПМХЗ» ЖШС боп қайта құрылды) бас директоры.

Шахрат Данбай басқарған 2009-2017 жылдары ПМХЗ-да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген-ді. Алайда 2017 жылдың күзінде елдегі дизель отынына қатысты дағдарыс кезінде ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ Данбайды қатаң сынға алған болатын. Ол басқаратын ПМХЗ-да дизель отынын өндіруге арналған қажетті сутегі өндіру қондырғысының бірнеше аптадан бері жұмыс істемей тұрғаны анықталды. Сол кезде дау-дамайға құбырдың жігін теріс дәнекерлеген дәнекерлеуші кінәлі деп танылып, Шухрат Данбайға бас директор лауазымынан «өз қалауы» бойынша кетуге тура келді.

Айнұр САПАРОВА

17 ақпан 2022, 14:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.