Атырау, 7 қазан 21:33
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

"Ұлымыз террорист емес!"

Сурет Бейнежазба
1 626 просмотра

«АЖ» редакциясына Атырауда қаңтарда жаппай тәртіпсіздікке қатысып, билік өкіліне қарсы күш қолданды деген айыптармен қазір тергеу абақтысында отырған азаматтардың аналары келді. Олардың арасында 5 қаңтар күні Атырау облысы әкімдігі маңында білегіне оқ тиіп жарақаттанған жігіттің анасы да бар.

Клара ТУШКЕНОВА 24 қаңтар күні үйге төрт жігіт келіп, 31 жастағы ұлы Медет НАРЫШОВТЫ ертесіне полицияға шақыру қағазын (повестка) тастап кеткенін айтады. Бұл уақытта Медет жұмыста болған. Оны 25 қаңтар күні полицияға барған соң уақытша ұстау абақтысында үш күн ұстап, сот санкциясымен тергеу абақтысына екі айға қамаған. Оған бастапқыда ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2-тармағы («Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiкке қатысу») мен 380-бап («Билік өкіліне қатысты күш қолдану») бойынша айып таққан. Кейін соңғы бапты алып тастаған.

Анасының айтуынша, 5 қаңтарда ұлына оқ тигеннен кейін ол есінен танып қалып, белгісіз адамдар оны облыстық аурухананың жарақат бөліміне (травмпункт) апарған. Осы тұста айта кету керек, біз бұрын жедел жәрдем қызметінің дерегіне сүйеніп, Атырауда 5 қаңтар күні облыстық әкімдіктің маңында алты адам оқ жарақатын алып, тағы бір адам қаза болғанын жазғанбыз. Марқұм Алмаз Берекеновтың туыстары қырық күндік қадесін жақында өткізді.

Анасының айтуына қарағанда, Медет оқ жарақатын алған жетінші адам болып отыр. Ол ұлының оқ тиген білегін аурухананың жарақат бөлімінде рентгенге түсіргенін айтады. Дәрігерлер оқ жарып шыққан деген, сатып алатын дәрілерін жазып беріп, үйге жіберген.

- Балам үйге кешкі 19.30-да келді. Келген соң жазып берген дәрілерін алып, өзім жарасын дәкемен таңып, екпесін салып, үйден емдеп отырдым. Басқа еш жерге қаратпадық. Сосын үш күн өткен соң жұмысқа шықты. Балам екі жерде жұмыс жасайды - Атырау мұнай өңдеу зауытының мердігер мекемесінде және Теңіз кен орнында. Қазір біз несие алып, адвокат жалдадық. Өзім де қорғаушы ретінде адвокатпен бірге ұлымды үш күнге уақытша ұстау абақтысына қамағанда барып көрдім. Баламды шешіндіріп қарадым, сұрадым, дым ұрмапты, таяқ жемеген.

- Ұлыңызға нақты қандай айып тағып отыр?

- Балама да, маған да бір бейнежазбаларды көрсетті. Балам бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Біреуінде тас лақтырып жатыр, екіншісінде дубинка ма, ағаш па, бір ұзын затпен белгісіз көліктің сол жақ айнасын салып қалды. Балам бұл бейнежазбаларда өзі екенін мойындады.

- Енді талабыңыз қандай?

- Мына келген басқа да аналармен талабым бірдей. Мен әділ тергеуді талап етемін. Ұлымды сотқа дейін бостандыққа шығарсын. Біз, атыраулық ата-аналар тобы Президентке және бүкіл билік басындағыларға үндеу жолдаймыз. Тергеу абақтысында отырған балаларымыздан халық атынан «террорист», «бүлікші», «қылмыскер» деген айыптарды алып тастауды талап етеміз! Сонымен қатар, қандай жағдай болса да қаңтар қасіретіне халық кінәлі емес екенін ашық мәлімдейміз!

Тағы бір ана Әлия МАХАМБЕТОВА 21 жастағы ұлы Иманғали ШАМҰРАТОВТЫ жол полициясы қызметкерлері 10 қаңтар күні ұстап әкетіп, қалалық полиция басқармасына апарған соң, «Динамо» стадионында азаптап, күш көрсетіп барып жауап алғанын айтады. Ол да қазір екі айға тергеу абақтысына қамалған. Оған ҚР ҚК-ның 272-бабының 2 тармағы, 380-бабы («Билік өкіліне қатысты күш қолдану») бойынша айып тағылып отыр.

- Мен тергеу әділетсіз жүріп жатыр деп есептеймін. Ұлыма тағылып отырған айыптармен келіспеймін. Осы уақытқа дейін қалалық полиция басқармасына, полиция департаментіне, прокуратураға жазған арыздарымның әлі ешқайсысы қаралған жоқ. Енді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлыма араша сұраймын. Ол ешқандай террорист емес. Оны бостандыққа шығаруды талап етемін, - деп мәлімдеді Махамбетова.

Айтуынша, ұлы марқұм Алмаз Берекеновке оқ тигенін өз көзімен көрген. Ұлы бұдан шошып кетіп, Алмазды жерде жатқан полиция қалқанымен сүйреген.

- Менің балам наразылығын білдірген басқа адамдармен бірге бейбіт шеруге шыққан. Ал сосын халыққа қарсы газ қолданылып, соңы түрлі жанжалға ұласып, көздері түтіннен удай ашып, тұншығып жатқанда ұлым ол жерден кетпей, көмектеспек болған. Сондай дүрбелең кезінде қорған ретінде қалқанды ұстап, үйге келген. Біз кейін қалқанды полицияға өзіміз апарып бердік, - дейді мұңын шаққан ана.

Келесі бір жас келіншек Асылзат ТӨЛЕУОВА 8 қаңтар күні кешкі сағат 23.00-де СОБР қызметкерлері келіп, 24 жастағы күйеуін үйден ұрып-соғып алып кеткенін айтады. Араша түскен өзінің басына қару тақап, қорқытқан. Осының бәрі кішкентай балаларының көз алдында болған. 

- Күйеуім Думан КЕНЖЕБАЙ қазір бір ай болды, тергеу абақтысында жатыр. СОБР қызметкерлері үйге келгенде ол іш киіммен жүрген еді. Сол күйінде іш киіммен, жалаң аяқ алып кетеміз деп қорқытты. Мен оны киіндіріп жібердім, бірақ сырт киімін кигізбеді. Мен де тергеу әділетсіз жүріп жатыр деп есептеймін. Оны әуелі «Динамо» стадионына апарып, аямай сабап, азаптап, қағаздарға қорқытып қол қойдыртып алған. Қол қоюға келіспеген кезде қалалық полиция басқармасының тергеушісі оған екі таңдау ұсынған. «5-ші қабаттан секіріп кет немесе құжаттарға қол қойып 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын аласың» деген, - дейді Асылзат. - Думан жалғыз асыраушымыз. Біздің үш баламыз бар. Үшеуі де тым кішкентай. Үлкені алты жаста, ортаншысы үште, кенжеміз алты айлық. Балаларым қазір шошып қалған. «Папаны мылтықпен атып жатыр!» деп, түнде қорқып жылайды.

Думан да қазір екі айға тергеу абақтысына қамалған. Оған ҚР ҚК-ның 272-бабының 2 тармағы және сол 380-бап бойынша айып тағылып отыр.

Қазір үндеу жариялаған әйелдер 1 млн теңге несие алып, адвокатты жалдап отырғандарын айтады. Олар тергеудің әділ өтуін және қамауда отырғандарды үйқамаққа жіберу немесе кепілдікпен босатуды талап етеді. 

Айнұр САПАРОВА

Фото мен бейнежазбаны түсірген автор

17 ақпан 2022, 10:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.