Атырау, 26 сәуір 08:30
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Нефтестройсервис Лтд» ЖШС-дегі ереуіл біраз жұмысшының жұмыстан шығуымен аяқталды

1 767 просмотра

11 ақпанда АМӨЗ-дегі ағын суларды тазарту қондырғысын қайта жарақтау жұмыстарын жүргізіп жатқан «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-нің бірнеше ондаған жұмысшысы жұмысқа шығудан бас тартып, митингке шықты. Олар экологиясы ластанған аймақта жұмыс істейтіндіктен, жалақыны 50 пайызға көтеруді талап етті.

Жиналғандар 200-250 мың теңге алатынын, бірақ бұл ақшаны екіге бөлу керектігін, өйткені жұмыс вахталық әдіспен (28 де 28) болатынын айтты.

Біз түсініктеме алу үшін «Нефтестройсервис Лтд» ЖШС басшылығына жүгіндік. ЖШС директоры Рашид ОТАРОВ мынадай жауап жолдады.

«Нефтестройсервис Лтд» ЖШС жұмысшыларының ереуілге шығуы туралы сізге келіп түскен ақпаратқа қатысты мынаны хабарлаймыз.

Жасалған келісімшарт негізінде «Нефтестройсервис Лтд» ЖШС 2021 жылдың қыркүйегінен бастап «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын қайта жарақтау түрінде қызмет көрсетуде. Өздеріңіз білетіндей, жұмысқа тартылған қызметкерлердің саны мен міндеттемелерді орындауға кететін шығындар шарттың талаптары негізінде алынады және есептеледі. Бұл келісімшарт бойынша 250 адам жұмысқа алынып, сәйкесінше олардың еңбекақысы осы келісімшартты жасау кезінде белгіленген есеп негізінде тағайындалды.

11 ақпанда 30 жұмысшы өздері тұрған жер орналасқан өндірістік базаға жиналып, жалақыны көтеруді талап етіп, нысанға жеткізуге арналған автобусқа мінбегені туралы ақпарат түскен. Сол жерге барған компания директоры мән-жайды анықтауға кірісіп, жұмыс берушінің вахтада болған кезде жасайтын барлық жағдайы (тұратын орын, тамақ, тасымал) жұмысшылардың көңілінен шығатынын, ал жалғыз талап – жалақыны көтеру екендігін анықтады.

Тиісінше қызметкерлерге еңбекақы төленетін келісімшарт сомасына негізделетіні, бүкіл талдау жұмыстары, есептеулер, оның ішінде салық төлемдері жүргізілетіні, жалақы мөлшері келісімшарт құнына тікелей байланысты екені түсіндірілді. Бұл келісімшарт жұмыс беруші үшін тиімсіз, келісімшарт мерзімі 2022 жылдың аяғына дейін белгіленген, тиісінше Жұмыс беруші талапты қанағаттандырудан бас тартуға мәжбүр. Бүкіл мән-жайлар анықталғаннан кейін 26 қызметкер жалақы мөлшеріне қанағаттанбай, өз бастамаларымен еңбек келісімшартын бұзуға тілек білдірді. Жұмыс беруші жұмысты тоқтатқаны үшін талап қоймай, мұнымен келісті. Ал қалған қызметкерлер жұмыс орнында уақытша болмағаны үшін жалақыларын жоғалтпай жұмыстарына кірісті».

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

14 ақпан 2022, 22:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.