Атырау, 19 сәуір 09:15
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Есболаттың бақыты

Сурет Бейнежазба
2 752 просмотра

Әлеуметтік желіде арбаға таңылған ер адам мен әйелдің әдемі әуенмен шырқаған әніне еріксіз еліттім.

«Сені сүйем,

Маған ешкім ұнамайды,

Сені сүйем,

Жаныңда ешкім тұра алмайды...», қос жұптың жарасымды әнінен бөлек, бір-біріне деген ықыласы, іңкәр сезімі ерек еді. Мен жаңа кейіпкерлерімді іздеп таптым. Танысып қойыңыздар: қала маңындағы Қызылбалық ауылының тұрғыны Есболат пен Дина БАЛБАЕВТАР.

Осы ақпан айының аяғында Есболат Абатұлы 41 жасқа толады. Ф. Оңғарсынова атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін төрт айдан соң өзінен бір жас кіші қызға үйленеді. Дүниеге ұл мен қызы келгеннен кейін жас отбасында өзара келіспеушілік туып, ажырасуларына тура келеді.

- Мүмкін, жастық па, білмеймін. Екеуміз де жаспыз ғой, өмір бір ізбен тұратындай көріппіз. Ақыры жараспадық... Ұлым мен қызымды өзім алып қалдым. Ал 2010 жылы өмірім күрт өзгерді. Көлігіммен апатқа түсіп, ауруханадан бір шықтым. Маған дереу ота жасаған. Есімді жиғанда екі аяғым, белден төмен жансыз. Дәрігерлер мүгедек арбасымен қозғалуға мәжбүр екенімді жасырмады. Әрине, үстімнен суық су құйып жібергендей әсер алдым.

Ол кезде екінші рет үйленіп, ұлым мен қызым бар болатын. Қиын кезде жұбайым да қорған бола алмады, ол кетіп қалды балаларды алып. Оны да түсінемін, жас қой, албырт шағы, мүгедекпен өмір сүру оңай емес, - деп әңгімелейді Есболат. - Өмірден түңіліп кеттім десем болады. Ол кезде әкемнің де көзі көрмей қалған болатын. Біз негізі жеті ағайындымыз, бауырларым анда-санда келіп көңілімді бөлуге тырысқанымен шаңырақтары бөлек қой. Бар салмақ анам Жанипаға түсті. Оның үстіне, бірінші некедегі ұлым мен қызым бар. Жәутеңдеп қараған жанарларын көргеннен кейін қимылсыз жата беруге болмайтынын түсіндім. Өзімді қолға алдым. Жеңіл кәсіппен айналысуды бастадым. Батут құрып, мақта, басқа да тәттілерді сата бастадым. Балалардың қуанған сәттерінен бойыма қуат алдым. Өз балаларым да қолдау көрсетті. 

2014 жылы Балықшыдағы мүгедектерге арналған спорт секциясына бардым.  «Мүгедектердің спорттық клубының» директоры Аманбай Қыздарбаев мені өте жылы қарсы алды. Одан бөлек жаттықтырушылар Нурберен Әміржанов, Бағытжан Бейісқалиевтердің көмегі көп болды. Мен спорттың пара-жеңіл атлетикасымен айналыстым. Инватаксимен аптасына үш рет жаттығуға бардым. 2019-2020 жылдары Ақтөбе, Қызылорда, Ақтау, Алматыдағы жеңіл параатлетиканың Қазақстан чемпионатына қатысып, бірінші орынды иеленіп жүрдім. Тіпті, ҚР спорт шеберлігіне кандидат та болдым. Содан кейін биге қатыстым. Жаттықтырушы Лидия Мұқанованың жетекшілігімен бір айдан кейін турнирде жүлдеге ие болдым. Ал қазір арба биінен ҚР спорт шебері атағым бар. Осы бидің арқасында  қазіргі жұбайыммен таныстым. Ол 2014 жылы Томирис деген қызбен жұп болып билегенімді әлеуметтік желіден көріп, қатты қызығыпты. Біз кездестік, қарапайым, ақкөңіл, адамгершілігі мол, Астраханның қызы екен. Ақыры көңіл жарастырып, жеті жылдан бері жұбымыз жазылған емес. Дина басында қазақ тілін білмейтін, бүгінде мақалдап әңгіме айтқанда кез-келген адамды сүріндіреді.

- Өмірдегі арманың қандай? Өкінішің жоқ па?

- Тағдыр қанша талқысына салғанымен, жеңіп шығуға тырыстым. Жас болып, қателік жіберген кездерім де болған болар. Бірақ өмірге еш өкінішім жоқ. Ендігі арманым - спорттан қол үзбей жүріп, чемпион атансам, дүние жүзіне дәлелдеп, көк байрағымызды желбіретсем деймін. Жұбайым Дина да үнемі  күш беріп, жаттығу залына бірге барып келіп жүрміз. Хоббиым да бар - Тик-Ток түсіремін. Тақырыпты өзім таңдаймын. 50 мың жазылушым бар.

...Тағы бір қуанышымыз - ұлым Амандық үйленіп, Майя келініммен екеуінен Фарух есімді немерем бар. Қызым Айғаным тұрмысқа шығып, екі жиенді болдым. Тұрғын үй жағдайым, әрине, онша емес: сегіз жан інімнің сарайында уақытша тұрып жатырмыз. Үй кезегінде 850-ші болып тұрмын.

Ал Дина ше? Ол:

- Мен күйеуімді өте жақсы көремін, - деп бір ғана сөзбен жеткізді.

Той, кештерде, құрдастар бас қосуында әуелете ән шырқайтын ерлі-зайыпты Есболат пен Динаға қызығушылар өте көп. Біз олардың отбасына баянды бақыт тіледік.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

17 ақпан 2022, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.