
Жақында облыстық балалар ауруханасында үш баланың өліміне байланысты өткен брифингте білікті кадрлардың, оның ішінде осы емдеу мекемесінде де олардың жетіспеушілігі мәселесі көтерілді. Аурухана директоры Нұрқабыл АЙТМҰХАМБЕТОВКЕ қойылған сауалдардың бірі - ол өз қарамағындағы қызметкерлерді қудалаған соң жақсы мамандар жұмыстан шығып кетіп жатыр деп айыптаған әлеуметтік желідегі пікірлер туралы болды.
Н.Айтмұхамбетов ешкімді қудаламағанын және ешкімді жұмыстан шығармағанын айтты:
– Бірнеше дәрігер өз еркімен жұмыстан кетті, оның себебін түсіндірейін. Мен екі жыл бұрын бас дәрігер болдым, көп ұзамай алты дәрігердің «еркін кестемен»: түске дейін бізде, түстен кейін жеке емханаларда жұмыс істейтінін білдім. Сөйте тұра бізден толық ставканың жалақысын алады! Әрине, сол күні мен оларға толықтай осы жерде немесе басқа медициналық мекемеде жұмыс істеңіздер, деп таңдау бердім. Олар жұмыстан шығып кетті. Қалғандарына демалыс күндері ғана жеке емханаларда жұмыс істей алатынын ескерттім. Оның үстіне биыл жалақымыз да өсті.
Ол сондай-ақ балалар ауруханасында кадрдың тұрақтанбауының тағы бір маңызды себебін атады:
– Дәрігерлерге жұмыс істеу қолайсыз боп барады, өйткені оларды әдепсіз балағаттап, тіпті қол көтерген фактілер де болды. Кейбіреулер бізді «халық жауындай» қып қояды. Мұндай жағдайда кім жұмыс істегісі келеді? Мен ата-аналардың эмоциялық жай-күйін түсінемін, бірақ біздің дәрігерлер олардың кейбірімен сөйлесуге қорқатын болды. Біздегі бір дәрігер дәл осы себепті жұмыстан кетті.
Жалпы, бүгінде облыс бойынша мемлекеттік медицина мекемелерінде 200-ге жуық маман жетіспесе, оның басты себептерінің бірі – мамандардың жеке емханаларға кетуі.

– Соңғы екі жылда облыста 20-ға жуық жеке емхана ашылды, көпшілігі сонда жұмыс істеуге барады, өйткені жалақысы жоғарылау және біздегідей қатаң талап қойылмайтынын жоққа шығармаймын. Жеке емханалар біз оқытып, жетілдірген тәжірибесі бар мамандарды жұмысқа алады. Өкінішке орай, бәрі өте күрделі және бұл біз үшін үлкен проблема, – дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар СӘДУОВА. Оның айтуынша, проблеманы шешудің бір жолы - басқа аймақтардан дәрігерлерді тарту, бірақ бұл оңай емес:
– Біз шалғайда жатқан облыспыз, оларды баспанамен қамтамасыз ету керек. Тырысып жатырмыз, мысалы, басқа өңірден келген 20 дәрігерге былтыр желтоқсан айында пәтер берілді. Министрлік пен жергілікті әкімдік мамандарды, соның ішінде жастарды ынталандырып келеді. Жыл сайын жалақыны индекстейді, оны арттыру жоспарланады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Тағы да тетіктер әзірлеу керек.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0