Атырау, 7 қазан 21:24
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Тағы да шатыр ұшты

Бейнежазба
1 360 просмотра

Индербор кенті Қонаев көшесіндегі, №20 үйдің тұрғындары аулаға жиналып, шатырлары бір емес бірнеше рет ұшып кеткеніне наразылық білдірді. 

- Мен осы үйдің байырғы тұрғынымын, 15 қаңтарда осымен төртінші рет шатырын жел ұшырып әкетті. Бұған дейін 2001, 2009, 2016 жылы да дәл осындай жағдай болды. Бұл не масқара? Шатыры жоқ үйдің қабырғалары сыз тартып, суланып тұр. Осы кентте көпқатарлы бірнеше үй бар, ал біздің баспанамыздың шатыры «тұрмайтын» болды. Бұдан түйген қорытынды - жұмыс сапасыз, қалай болса жасалған. Бұдан алты жыл бұрынғы шатыр ұшып кеткеннен кейін қарасам, көзбояушылықпен жөнделген. Мен бұл жөнінде кент әкімшілігіне талай рет айттым, бірақ ешкім құлақ аспады, - дейді тұрғын Гулбану БИСЕНҚЫЗЫ.

- Гулбану апа дұрыс айтады, алты жыл бұрын желдің кесірінен шатыр ұшып жерге түскеннен кейін де жөндеуде олқылықтар көп орын алды. Бесінші қабатта тұратын Гүлбану апа шырылдап жүріп құлаған кірпіштерді өзі қалап, майлап бітеді. Басқалар да өздері тұратын болғасын солай жасады, - дейді сөзге араласқан ер адам.

- Негізі иесіз қалғандаймыз. Қоқыс төгетін алаң қоршалмаған, оның иісі жазда отырғызбайды, айналасы үнемі шашылып жатады. Біз ақшамызды төлеп отырмыз. Тағы бір мәселе - бұдан тоғыз жыл бұрын автономды газге көшесіңдер деп жылу шығатын құбыр орнатқанымен, оны қалай болса солай салып кеткен. Бүгінде ескіріп, тозығы жетті, - дейді Асылбек ҚҰТҚОЖИН.

Тұрғындармен кездесуге кент әкімі мен аудандық ТКШ бөлімінен жауапты адамдар келгенімен, жарытып ештеңе айта алмай, бір-біріне сілтеумен болды.

- Сонда, осылай бір-біріңе сілтеп отырасыңдар ма? Шатырдың үстінде біреулер жүр, олар не істеп жатыр, жұмыс сапасын қадағалап отырған адам бар ма өзі? 2016 жылғыдай сапасыз жасалса, тағы да ешкім жауапты болмай құтылады ма сонда? - дейді ашынған тұрғындар.

Бір сағаттан кейін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ келді. Оның айтуынша, биылғы желден ұшқан шатыр шығындары есептелуде. Мердігер мекеме жөндеу ісін өз есебінен атқарады. 

- Жылуға келетін болсақ, - 2013 жылы  автономды газге көшуге байланысты орнатылған жылу құбыры иесіз болып шықты. Енді автономды жылу ажыратылып, орталық жылу беру жүйесіне қосылады, - деді әкімнің орынбасары. Ал оның қашан іске асатыны белгісіз. 

Тұрғындар берген жауап пен уәдеге қанағаттанбай тарасты. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

    

14 ақпан 2022, 10:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.