Атырау, 29 наурыз 17:44
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Құлауға шақ тұрған шағын үйде 10 адам тұрады

Сурет Бейнежазба
5 416 просмотра

Индер ауданы Өрлік ауылында Талап пен Сара АЛЬФАРИТОВТАРДЫҢ көпбалалы отбасы бір күні өздері тұрып жатқан үйдің астында қаламыз ба деген қорқынышпен өмір сүріп келеді. Олардың жалғыз баспанасы апаттық жағдайға жеткеніне көп жыл болды, бірақ басқа барар жері жоқ. Әкімдіктен де әбден күдерін үзген. 

Бар аумағы 30 шаршы метрді құрайтын үй өткен ғасырдың 1950 жылдары саман тастан салынған. Кезінде совхоздың гаражы, кейін қоймасына айналған бұл ғимаратты әр үйдің босағасында жүрген Альфаритовтар отбасы өздерінше майлап, сайлап, есік-терезесін жөнге келтіріп, әктеп, кіріп алыпты. Ол кезде уақытша тұрамыз деп ойлаған. Содан бері 24 жыл өтті. Кейін сол 30 шаршы метрді баспана ретінде жекешелендіріп алған, 7 баланы дүниеге әкелген. Өзі бір бөлмені қақ ортасынан бөліп, бір жағында асханада ас пісіріп, балалар сабақ оқыса, екінші бөлігінде қаз-қатар жатып 10 адам ұйықтайды.

- Үй деген аты ғана, шатыр шұрқ-тесік, қабырғалар ажырай бастаған, есік-терезелер «отыра» келе дұрыс жабылмай, терезенің шынылары өзінен-өзі жарылып кетіп тұр. Іргетасы топырақ астында қалған ескі үй жылдан-жылға шөгіп барады. Жаңбыр, қар жауғанда төбеден тамшы ағып, самсаған ыдыстарды тізілтіп қоюға тура келеді. Күндіз ештеңе емес, түн болса қорқып шығамыз, мына үй құлап астында қаламыз ба деп. Желді күндері күйі кеткен баспана астында қалмасын деп балаларды көршінің үйіне жіберемін. Қашанғы осылайша күн кешеміз, білмеймін, - дейді балалардың анасы Сара БЕКЕТАЕВА.

Олардың үй салуға шамасы жоқ, отағасы Талап екінші топ мүгедегі болғандықтан еңбекке мүлдем жарамсыз. Ал оның жұбайы Сара жұмыссыз. Арнайы мамандығы да жоқ. Бала күтімімен үйде ұзақ отырып қалған әйелдің «Күміс» және «Алтын алқасы» бар, бірақ одан не пайда? Үлкен қыз 25-те, күйеуімен ажырасып, бала күтімінде отыр. Сондықтан қазір үйде 10 адам болып тұрады.

Екінші ұл - Атырау политехникалық колледжінің студенті, ал келесі қыз Индердегі кәсіптік-техникалық колледжде оқиды. Ортаншы қыз Мәдина Қ.Дүтбаева атындағы колледжді бітіріп, 5 айдан бері ауылдағы мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Мектепте тағы үшеуі оқыса, ең кенжесі енді жеті жасқа толады. Біз барғанда мұғалім қызы үйінде болмай шықты, сабаққа әзірлену үшін құрбысының үйіне кеткен. Оның сабаққа даярланатындай құрқылтайдың ұясындай шағын үйде еш мүмкіндігі жоқ. Ал оқушы балалар ас үй босағанда ғана сабақтарын оқиды.  

Біз мақаланы даярлау барысында Индер аудандық әкімдігіне хабарласқанбыз. Әкімдіктің баспасөз қызметі мынадай жауап жолдады: 

- Альфаритовтар отбасы 2019 жылдың қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алып келді. Алайда биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы табыс көзі есептеліп, шектік мөлшерден асып кетуіне байланысты көмек тоқтатылды. Атап көрсеткенде колледже оқитын ұлы Е. Сапарғалиев қазан, қараша айында 76 мың, желтоқсанда 120 мың теңге жалақы алған. Ал мектепте сабақ беретін қызы М. Талапова қазанда 140 мың, қарашада 134 мың, ал жетоқсанда 192 мың теңге алған. Сондай-ақ отбасы айына 46770 теңге балалар жәрдемақысы, отағасы Т. Альфаритов мүгедектігіне байланысты 52 483 теңге алып отыр. Бұдан екі жыл бұрын «Ел үлесі - пәтерге» атты Қазақстандағы баспанаға мұқтаж жандарға ұйымдастырылған көмек аясында Өрлік ауылынан бір пәтер ұсынылды. Бірақ Т. Альфаритов белгісіз себептермен одан бас тартты» делінген.


- Әкімшілік біздің табысымызды есептегеннен гөрі оның қайда жұмсалып жатқанына бас қатыруы керек еді. Мәдина жұмысқа кіргелі атаулы әлеуметтік көмектен де қағылып қалдық, оның айлық табысы 100-150 мың теңге аралығында. Ал ұлым колледж студенті, жасы 18-де ғана. Қалада пәтер жалдап тұрады. Ол оқып жүріп, әр жерде жұмыс жасап, табыс тапқан. Студент балам өз күнін өзі көруге тырысып, өз қажеттілігін өзі жасап, бізден ақша сұрамау үшін еңбектеніп жүр. Бұл отбасының тұрақты табысы деуге келе ме? Ол қазір оқуда, еңбек етпейді. Біздің ай сайын балаларға алатынымыз 46 мың, екінші топқа берілетін жәрдемақым 52 мың теңге. Қызым жұмысқа орналасқанға дейін отбасындағы әр адамға шаққанда 10 мың теңгемен өмір сүріп келдік. Ол ақшамен біз қалай баспана тұрғызамыз, ойлаңыздаршы. Ешкімге алақан жаймай өзімізше үй алдынан жаңа баспананың іргетасын құйдық. Әрі қарай үй салуға шамамыз жетпеді, тамағымыздан ауыспай қалды, мұның сыртындағы киім-кешек, басқа керек-жарақтарды айтпағанда. Бұдан екі жыл бұрын үй ұсынды, ол өте ескі үй болып шықты. Одан да осы «қорамызда» тұра берейік деп бас тарттық, - дейді әбден қажыған отағасы Талап.

Бүгінде отбасының маңызды мәселелерінің бірі - үйді апатты деп тану үшін ГАСК-тен құжат алу, ал ол оңай болмай отыр. Альфаритовтар отбасы үй кезегіне де тұрмаған. Өйткені бастарында ескі де болса баспанасы болғандықтан ол мүмкіндіктен де толық айырылып отыр. 

- Әкімдікке талай бардым. Денсаулығым болса олардан баспана сұраймын ба? Балалар болса жас, оның үстіне үлкендері қыз бала. Көп балалы отбасыға көмек береміз дейді, ол сөз жүзінде ғана. Әбден осы үй үстімізге құлауын күтіп жүр ме? - дейді шиеттей балаларының ертеңгі күнін ойлаған отағасы.

Әкімдіктен күдерін үзгендер отандастарымыздан көмек сұрауды ойлапты. Мүмкін, бұл отбасыға өздеріне баспана тұрғызып алуына жәрдемдесетін біздің оқырмандарымыздың арасынан жанашыр жандар табылып қалар.     

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор       

14 ақпан 2022, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.