Еуропалық одақ АҚШ-пен және басқа жеткізушілермен Еуропаға газды көбірек жеткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы неміс ақпарат құралдарына сұхбат берген Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді. Еуроодақта соңғы айларда көгілдір отынның бағасы рекордты деңгейге жетті. Бұған бірнеше фактор әсер еткен.
Бұл бірінші кезекте, Еуропалық тапсырыс берушілердің «экономиканың жасыл бағытына» ойысуымен байланысты. Қазір «кәрі құрлық» газдың 40 процентін Ресейден импорттайды.
Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті: – Біз АҚШ-пен энергетикалық қауіпсіздік жолында әріптестік орнатып жатырмыз, бұл бірінші кезекте Еуроодаққа сұйылтылған табиғи газды көбірек жеткізуге байланысты. Осы мәселе бойынша басқа да газ жеткізушілермен, мәселен, Норвегиямен де сөйлесіп жатырмыз. Біз қазір күн, жел және сутегі энергиясын зерттеп, баламалы қуат көздерін кеңейту бағытында қарқынды жұмыс істеп, «Еуропалық жасыл бағыт» жобасына ерекше маңыз беріп отырмыз.