Атырау, 23 сәуір 22:41
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Еңбек кодексі мен қызметтік әдеп нормалары бұзылған, мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылық анықталмады

1 577 просмотра

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Равиль ТӨЛЕБАЕВҚА қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп, ҚР Еңбек кодексінің кейбір талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын бұзу деректерін анықтады. Бұл туралы ведомствоның «АЖ» сауалына берген жауабында айтылған. 

Еске салсақ, Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының бір топ қызметкері өткен жылдың 1 желтоқсанында жоғарғы органдарға басшыларының үстінен ұжымдық арызбен шағымданған болатын. Олар қарамағындағы қызметкерлерден қайта-қайта ақша жинау, бюджет қаражатын пайдасыз жою, қызметкерлерді балағаттау, демалыс күндері мәжбүрлі түрде жұмыс істеу фактілері орын алғанын алға тартты. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментімен бірлесіп, ұжымдық өтініште көрсетілген жекелеген фактілер бойынша өз құзыреті шегінде жоспардан тыс тексеру жүргізді. 

«Тексеру нәтижелері бойынша ҚР Еңбек кодексінің жекелеген талаптарын және қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері анықталып, нәтижесінде департамент бұзушылықтарды жою туралы тиісті ұйғарым шығарды», - деп хабарлады «АЖ» сауалына мемлекеттік қызмет істері департаментінің төрағасы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Е.Ермаханбетов. 

Бұдан басқа, 25 қаңтарда Әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтіп, онда бірнеше лауазымды тұлғаға, соның ішінде Р.Төлебаевқа қатысты тәртіптік істер қаралды. 

Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен уәкілетті тұлғаға Төлебаевқа «ұжымда іскерлік және тілектестік өзара қарым-қатынас орната алмауына байланысты» қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. 

Сәл кейін ҚР мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуына жүргізілген жоспардан тыс тексерудің қорытындысы бойынша Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінен редакция сауалына жауап келді.

«Жүргізілген аудиторлық іс-шара нәтижесінде ҚР мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу деректері анықталған жоқ», - деп хабарлады департамент. 

Айнұр САПАРОВА

8 ақпан 2022, 14:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.