Ресей үлкен шабуылға керекті қару-жарағы мен әскерінің 70 пайызын Украинамен шекарасына шоғыландырған. Бұл жөнінде АҚШ-тың ресми тұлғаларына сүйене отырып, Reuters агенттігі Washington Post жазды.
Басылымның АҚШ барлауындағы дереккөздері берген мәліметке қарағанда, Ресейдің Украина шекарасындағы тактикалық батальон топтарының саны 83-ке жеткен, таяуда ғана олар 60 болған. Тағы да 14 топ жолға шыққан. Бұл сандардың ішінде Беларуське барған Ресей әскері кіре ме, жоқ па түсініксіз.
Тактикалық батальоннның бір тобында 750-ге жуық әскери қызметкер бар. Украина шекарасы мен аннексияланған Қырымға шоғырланған Ресей әскерінің жалпы санын Washington Post 100–130 мың деп бағалайды.
Reuters сөйлеткен сарапшылар ақпанның 15-іне қарай жердің тоңы қатая түсіп, әскери техниканың жолсызбен жүрісін жеңілдетеді, басып кіруге қолайлы жағдай туғызады деп есептейді.
Басылым АҚШ шенеуніктеріне сілтей отырып, Ресей Украинаға кең ауқымды шабуылға шыққан жағдайда қанша шығын келетінін де есептеп көрген. Мұндай болжамға қарағанда, Украина 5–25 мың солдатынан, Ресей 3-10 мың солдатынан айырылуы мүмкін. 25-50 мың бейбіт адам қаза болуы ықтимал. Шабуыл бола қалған жағдайда Еуропа Одағына қарай 5 миллионға жуық босқын ағылуы мүмкін.
Екі басылымның материалдында Ресейдің Украинаға шабуылының барысы қалай болатыны да бағаланған. Ресей әскері Киевке екі күнде жетуі мүмкін, бірақ қаланы алу кезінде шығын өте көп болады. Fox News Штаб басшыларының біріккен комитетінің бастығы Марк Миллидің жабық жиындағы сөзімен таныс конгрестегі дереккөздеріне сүйеніп, Ресей әскері "Киевті 72 сағатта алады" деп болжайды.
Ресей Украинаға шабуыл жасамайтыны айтып, Батыс саясаткерлері мен БАҚ-тарын сынға алып отыр. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский басылым беттеріндегі мұндай болжамдарды "ақымақтық және орынсыз үрей туғызу" деп атады.
"Мысалы, АҚШ Лондонды бір аптаның ішінде алады, 300 мың адам өледі десек қалай естіледі?" — дейді ол Твиттер парақшасында.
АҚШ пен олардың одақтастары Ресейдің Украинаға кең көлемде шабуыл жасау қаупі бар, алайда Владимир Путинның дәл осындай шешім қабылдағаны, қабылдамағаны белгісіз дейді. Ресейдің нені көздейтінін де түсініксіз деп санайды.
Дереккөз: Аzattyq.org