Атырау, 2 мамыр 02:17
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Атырау тұрғыны 6 қаңтарда Алматыда оққа ұшты

1 193 просмотра

Сол күні темекі мен нан сатып алу үшін дүкен іздеп шыққан оған үш жерден оқ тиіп, көз жұмды. Құқыққорғаушы Бақытжан ТӨРЕҒОЖИНА жариялаған қаңтар оқиғасында қаза болған 173 адамның тізімінде қала маңындағы Дамба ауылының тұрғыны Әлібек КӨПБОЛҒАНОВ 101-ші болып тұр.

Оның өлімі бойынша Алматыда қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы тілшіміз марқұмның жолдасы Гүлшат ӨТЕҒАЛИЕВАДАН білді. Жақында жергілікті полиция департаментінің тергеушісі алматылық әріптестерінің тапсырмасымен Гүлшаттан жәбірленуші ретінде жауап алған. Гүлшаттың айтуынша, Әлібектің өлімі туралы медициналық куәлікте Назарбаев даңғылында арқасына тиген үш оқтан көз жұмған деп жазылған. 

Марқұмның әйелінің айтуынша, оның жолдасы табыс табу мақсатында үйінен Алматыға 1 қаңтар күні жолға шығып, 4 қаңтарда қаланың шетінде Медеу ауданында коттедж қалашығын салып жатқан құрылыс бригадасымен бірге жұмысқа кіріседі. 6 қаңтарда оларды басшылары жинап алып, «үйлеріңе жетіп алыңдар, жағдай жаман» деп, аяқ астынан жұмыстан босатады. Ол уақытта ұшақ та ұшпайды, пойыз да жүрмейді. Қаладан шығып кете алмаған Әлібек жалдап тұрған қызметтік пәтерде уақытша екі күнге қалады. Ал қасындағы жұмыстастары Шымкенттен екен. Олар үйлеріне дер кезінде жетіп алған.

Жалдаған қызметтік пәтер Назарбаев даңғылына жақын. Гүлшаттың айтуынша, ол дүкен іздеп жүргенде сол даңғылдың бойына шығып, «Достық плаза» сауда орталығының артында ашық тұрған бір дүкенге қарай кетіп бара жатқанда оққа ұшқан. 

- Сол күні кеште оған хабарласқанмын. Ол сонда үйде тамақ жоқ екен, дүкенге барып тамақ аламын, темекі мен нан алып келемін деген. Мен оған біраздан соң тағы хабарласқанда ол телефон көтермеді. Одан хабар болмаған соң біз уайымдап, іздей бастадық, - дейді Гүлшат. - Мәйітханада ол кезде болмай шықты. Сосын оның бастығына телефон соқтым. Ол Алматыда тұрады. Ол оны өзім іздеймін деді. Мәйітханаға барған екен, онда таба алмаған. Полиция департаментіне хабарласқан. Онда оған мәлімет бермеді, ол үшін фамилиялас туысқан болу керек екенін айтқан. Сөйтіп, Алматыға Әлібектің қарындасы ұшып кетті.

Бірақ, қарындасы Светлана КӨПБОЛҒАНОВА бауыры туралы мәліметті полициядан таппайды. Мәйітханадан да 10-11 қаңтар күндері ақпар болмаған. 12 қаңтар күні таңертең де мүрде табылмаған. Полициядағылар сол күні мүрделердің жиналған бір бөлігі түсте жеткізілетінін айтып, мәйітханаға түсте бір барып кетуге кеңес берген. Светлана Әлібектің бастығы екеуі бауырының мүрдесін түс кезінде қайта мәйітханаға барғанда тапқан.  

- Соған қарағанда мәйітханаға апару үшін мүрделерді бір жерде жинап, «партиясымен» жеткізіп тұрған болып тұр ғой, - деп топшылайды Гүлшат.

Марқұм Әлібектің артында кәмелет жасына толмаған үш баласы қалды. Оның 15 және 13 жастағы екі ұлы және 9 жастағы қызы бар.

- Жолдасым митингіге қатыспаған, дүкеннен тамақ аламын деп шықты. Ақыр аяғында осылай болды... - деп күрсінді жары Гүлшат.

Әлібек бұған дейін өмір бойы «Амангелді» өндірістік кооперативінде балықшы болып жұмыс істеген екен. Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы бір мердігер мекемеде слесарь-монтаждаушы болып еңбек етеді. Соңғы жылдары Теңіз кен орнында бір мердігер компанияда жұмыс істеді. 

- Әлібек коронавируспен ауырып қалып, одан емделіп шыққан соң үйде үш ай жатты. Ал ол кезде компаниялары Теңіздегі жұмысын бітіріп, Алматыдан «объем» алған. Содан ол Алматыға кетті. Өзі бастығынан сұранып, бір айлық вахтаны бірден екі айға созып, жұмысты бітіріп, үйге келмекші еді. Бірақ, оралмады... - дейді марқұмның жары. - Ол Алматыға қай бір жетісіп барды дейсің, отбасын асыраймын, ақша табамын деп барды. Өзі үй-ішін ойлап тұратын жан. 12 желтоқсанда 55-ке жаңа толып еді. Былай қарағанда әлі жас қой...

Айнур САПАРОВА

Суретте Әлібек Көпболғанов

8 ақпан 2022, 09:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.